Мәдениет

ЕЛОРДАМ ӘУЕЛЕСЕ ЕСТІ ӘНМЕН

ЕртеңАстана күні. Дәл сол күні қаланың қай бұрышына аяқ бассаңыз да, бас шаһар туралы патриоттық әндер ай­тылып жатады. Нақты айтсақ, мерекеге орай ұйымдастырылған ойынсауықтардың жарнамасы «Астана туралы әндер кеші» деп менмұндалап тұрады. Десек те, сол шаралардың аты Астана болғанымен, заты басқада. Түсінбей қалдыңыз ба? Ендеше әріден бастайық. Соңғы жылдары қазақ даласында шалқыған сұлу әндердің негізгі тақырыбының бірі – Астана! Айтпағымыз, сол әдемі елордамыз туралы шырқалар әндер туралы.

Әннің түрі көп. Оны жазатын сазгерлер де жетіп артылады. Тіпті, осы күні қолына микрофон алып, «әу» дегіштердің көптігі сонша, таяқ лақтырсаң орындаушыға тиетіндей көрінеді. Мұқағали ақын айтпақшы, «бола берсін көп мейлі». Бірақ, ән жазу бір бөлек те, соның ішінде, туған жер, өлке туралы ән жазу бір басқа. Осы күнге дейін жазылған Астана туралы кейбір әндер өзіндік ерекшелігімен, жүрек тебірентер нәзік иірімдерімен көпшіліктің көңіл төрінен орын алғаны жасырын емес. Олар еңселі елорданы, есіле аққан Есілді, егемен елді сүюге, құрметтеуге үндейді. Әрине, елор­да туралы жақсы ән мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Бір ғана Алты­най Жорабаеваның қоржынында бас қалаға арналған төрт туынды бар. Қанат пен Света Айтбаевтар орындайтын белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «Астана вальсінің» өзі неге тұрады? «МұзАРТ» тобының «Есіл ағады» әні ерке өзеннің сыр-сымбатын айшықтайтын шығарманың бірегейі. Десе де, дәл Астана тақырыбына келгенде тосылып қалатынымыз бар. Неге десеңіз…

Астанаға арналған әндердің байқауы өтіп тұратынын бәріміз білеміз. Онда дарынды компози­торлар Астанаға арнаған әндерін ұсынады. Жолданған әндердің ішінен қазылар алқасы ең үздік әндерді таңдап алады. Рас, кейінгі кезде байқау өтеді дегеннен кейін бе, ақындар мен композиторлардың «Астана» туралы әндері көбейіп кетті. Шындығын айтуымыз керек, байқауға қатысамын деп, кез келген нәрсені өлеңге айналдырғандар өз мүмкiндiктерiн асыра пайдаланатын сияқты. Әуенi де бiртүрлi, сөзi де бiртүрлi. Астана туралы әндерден концерт ұйымдастырған күннің өзінде, ыңырсыған, даңғаза әндердің концерті болып шығады. Астананың әйбат келбетін әйгілеуге әлектенген әндердің көбісінің сөздері жұтаң. Рас, жүз әннiң iшiнде бiрлi-жарымы көңiлге қонарлықтай болуы мүмкiн. Алайда, Астана туралы ән осы екен деп, кез келген әуендi тықпалай беру дұрыс емес. Жақсы ән онсызда су түбiнде жатпайды. Елорда туралы жүрек қылын шертетiн, сазы мен сөзі үйлесiм тапқан ән бәрiбiр туа­тыны анық. Ол күндердің күні, тiптi, ертең-ақ дүниеге келетiн шығар. Бiрақ, аяқ астынан байқауға қатысу қажет деген мақсатпен асығыс-үсiгiс әндi шығара сап, оны додаға шығарудың өзi ұят. Алаштың аста­насын ән мен жырға бөлеген дұрыс шығар, ең бастысы, ол әннiң көңiл түкпiрiнен орын алғаны дұрыс. Жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятатын, олардың көңілін көкке серметіп, рухын көтеретін – әндер. Ән түзелмей, сән түзелмейді. Жақсы ән елімізді одан сайын асқақтады.

Бір мысал келтіре кетсек, жақында «Хабар» арнасының ұйымдастыруымен «Сүйемін сені, Аста­на» атты ән кеші өтті. Аты ай­тып тұрғандай, кештің тақырыбы – бар қазақтың бойтұмары Астана. Алайда, кеш барысында орындалған әндерге қарап ойланып қайттық. Құдды «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кейпі. Жүргізушілер – Олжас Сыдықбек пен Маржан Сұлтанбаеваның кешке дайындықсыз келіп, айтар сөздерін қайта-қайта ұмытып, шатастырғанын айтпай-ақ қоялық. Орындалған әндерді айтсақ, кешке қатысқан ұзын-саны жиырмаға жуық әнші мен топтардың ара­сынан елорда тақырыбында ән айтқандар – бар-жоғы бесеу-ақ. Ал, қалғандары «сүйдім-күйдім» деген өңкей баянсыз махаббатты боз­датты. Мұны ел алдында жарқырап жүрген орындаушыларды кемсіту немесе ұялту үшін айтып отырған жоқпыз. Елорда күні – әншілердің ап­тасына бір барып, ән салып қайтатын әдеттегі тойы емес. Ол – бағаналы орданың басты мерекесі, мемлекеттік идеологияның бір тіні. Сондықтан, жыл он екі айда бір келетін мерекеге арнап репертуарға бір сауатты ән қосуға болмас па еді? Әрі-беріден соң, Астана – болашақтың қаласы. Аз уақытта әлем назарын аударған алып шаһарға бір туынды арнап, келер ұрпақтың құлағына сіңіруге әншілеріміз ат салысса болады ғой.

Осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет қаламызда «Астана жүлдызы» фестивалі өткен-ді. Сонда Қазақстан тұрмақ, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерден келген қатысушылар кіндік қалаға арнайы ән жазып еді. Конкурсқа қатысып, сәттілік әкелген сол әндерін әлі күнге дейін орындап жүр. «Ялла» тобының орындауындағы «О, Астана» мен ресейлік Дмитрий Маликовтың «Город любви и мечты» әні соның бір дәлелі. Айтпақшы, сол кезде ұйымдастырушылар аталмыш байқаудың екі жылда бір өтетінін айтып еді. Дегенмен, айтылған сөз сол күйінде қала берді. Қарап тұрсақ, әннің өзі – насихат құралы. Астананы әнге арқау етіп, оны қазақтың дархан даласының о шеті мен бұ шетіне на­сихаттап, одан қалды шетелдіктерге шырқатсақ, несі айып?

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button