ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Елорданы енді су алмайды

Астана қалалық әкімдігінде «Су тартудың өзекті мәселелері: Ағынды суларды тазарту. Жаңбыр суы және су сіңіру кәріздері» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Бұған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты.

09

Сондай-ақ, жиынға БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Дүниежүзілік даму банкінің кеңесшісі Минахем Либхабер, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Крис Роджерс, қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Закарьянов келді.
Алдымен сөз алған қала әкімі жи­налғандарға Астанадағы су тарту, ағын суларды тазарту саласындағы жалпы жағдайды баяндап шықты. Содан соң саланың алда тұрған міндеттеріне тоқталды.
– Қазір біздің алдымызда тұрған мақсат – елорданы қай жағынан да жайлы қалаға айналдыру. Әсіресе, жауын кезінде туындайтын мәселелер өзекті болып отыр. Осы орайда үздік технологиялық шешімдер әзірлеу өте маңызды. Бұл бағытта әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерделеуді мақсат етіп отырмыз. Сол үшін тақырыптық жоспарлар әзірленеді. Осы бағытта халықаралық байқаулар ұйымдастырғанда, оған міндетті түрде үздік компаниялар тартылады. Бұған, әрине, отандық та, шетелдік компаниялар да қатыса алады. Көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік негізінде жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде шамамен 100-ден астам компания өз технологиясын таныстыруға ынта танытып отыр, – деді Әсет Исекешев.
Бүгінде Астана әкімдігінде су тарту мәселесін кешенді түрде шешу үшін жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесін одан әрі дамыту бағдарламасы жасалып жатқан көрінеді. Бұл бағдарламаны жасақтауға халықаралық институттар, білікті инженерлер тартылған. Қалалық Коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Төлеген Закарьянов конференция барысында кеңінен тоқталды.
– Бүгін ғана Үкімет отырысында жаңбыр суын ағызатын кәріздер нысандарының құрылысын қаржыландыру мәселесі қаралды. Соның нәтижесінде елорданың кәріз коллекторлары құрылысына 6,75 млрд теңге бөлінді. Біз қазіргі уақытта қалада нөсер жауындарға байланысты орын алып отырған мәселелерді толық шешуге қажетті қаржымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – деді Т.Закарьянов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаланың барлық аумағынан суды айдайтын нысандардың тізімі әзірленген. Соған қатысты осы жылдан бастап іске қосылатын бағдарлама да дайындалған. Жалпы 2020 жылға арналған бағдарлама аясында 2017-2018 жылдары кешенді жұмыстар атқарылу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде нөсер жаңбырға байланысты туындайтын мәселелер 2018 жылдың соңында толық жойылады.
Коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы, сондай-ақ , Талдыкөл мәселесін де тілге тиек етті. Қазіргі уа­қыт­та көл түбіндегі тұнбаның 60 па­йызы тазартылған. Соның нәтижесінде жағымсыз иіс біршама азайған. Жалпы, көлді қалпына келтіру жұмыстары жыл аяғына дейін толық аяқталмақ.
Өз кезегінде сөз алған шетелдік мамандар су тарту, суды тазалау мәселелеріне қатысты Еуропаның озық тәжірибелерін ортаға салды. Осы бағыттағы өз ұсы­ныстарын жеткізді. Конференция соңында барлық ұсыныс-пікірлер сарапқа салынды. Олардың көпшілігі бұйырса, болашақта елордадағы су тарту, суды тазалау жұмыстарына қолданылатын болады.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button