Елорданы энергиямен жабдықтау жүйесі жаңғыртылуда
Астана қаласының энергиямен жабдықтау жүйесінде ескірген нысандар аз емес. Салдарынан кейде апаттық жағдайлар тіркеліп жатады. Бұл ретте, «Астана-АЭК» АҚ басшылығы инвестициялық бағдарлама арқылы жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету және оның тиімділігін бағалау үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мамандары, қоғам белсенділері «Астана-АЭК» АҚ объектілерін тексеріп шықты.
Басқарма төрағасының даму жөніндегі орынбасары Бауыржан Аманбеков «Астана-АЭК» АҚ жалпы құны 24,5 млрд теңге болатын 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында елорданың энергожүйесін жақсарту және жаңғырту бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.
«2023 жылы 4,6 млрд теңге игеріліп, жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталды. Ал, 2024 жылға 6,3 млрд теңге бөлініп отыр. Жұмыстың сапасы — басты назарда»,- деді ол.
Инвестбағдарлама желілердің тозуын азайтып, технологиялық бұзушылықтарды төмендетпек. Сондай-ақ, электр энергиясының нормативтік шығындары 10,7%-дан 9,8% – ға дейін қысқартылмақ.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов