Басты ақпаратҚала мен сала

Елорданы газдандыру жалғасады

Апта ішінде Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, елорданы газдандыру жұмыстары айтылды. Энергетика басқармасы өкілінің айтуынша, бүгінде елордада 11,1 мыңнан астам абонент «көгілдір отынға» қосылған. Шаһар бойынша 800 шақырым газ құбыры жұмыс істесе, оның 700 шақырымын қала әкімдігі, ал қалған бөлігін «ҚазТрансГаз» компаниясы жүргізген.

«Қазір 800 шақырым газбен жабдықтау желісі қызмет етіп тұр. Бұған қоса 27 газ тарату мен 58 шкафтық газ тарату пункті, қуаттылығы сағатына 460 мың текше метрді құрайтын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, қаладағы барлық жылу электр станциялары газға қосылған. Елордада тұратын 216 мыңға жуық халыққа, яғни 13,5 абонентке газ қолжетімді. Мұның ішінде нақты 11,1 абонент «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр» дейді Астана қаласының Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов.

Басшы орынбасарының айтуынша, жеке тұлғалар тариф бойынша газдың әр текше метріне биылдан бастап 38,9 теңге төлейді екен. Мұны шамамен есептесек, айына 100 шаршы метрге 17-20 мың, ал 120 шаршы метрге айына шамамен 20-25 мың теңге қаражат деген сөз.
Өткен жылы қаланың Сарыарқа мен Алматы ауданында бұрын есепке алынбаған аумақтарға газ құбырлары тартылды. Мәселен, Сарыарқа ауданында 2,4 шақырым газ құбыры тартылып, 137 үй «көгілдір отынмен» қамтылса, Алматы ауданында 55 үйді газбен қамтуға мүмкіндік беретін 1,6 шақырым газ құбыры жүрген.

Қоғамдық кеңесте бюджет қаражат үнемдеу мақсатымен мұндай жобаларға былтырдан бері жеке инвесторлардың да тартылып жатқаны айтылды.

«Өткен жылы «Qazaq Zhylu» ЖШС инвесторы 1,4 млрд теңге көлемінде жеке қаражатты инвестициялады. «Үркер» тұрғын алабына пилоттық бағдарлама арқылы құрылыс жұмыстары инвестор шотынан жүргізіліп, 45 шақырым желі жүргізілді. 1000-ға жуық тұтынушының газға қосылуына мүмкіндік туды. Бұл бағыттағы жұмыс­тар жалғасуда. Аталған тұрғын алапты толық газдандыру осы жылдың соңына дейін аяқталады» дейді М.Есмағұлов.

Оның сөзінше, әкімдік қаладағы қалған тұрғын алаптарды газдандыру бойынша жобалау жалғасып жатыр. Мысалы, «Пригородный» «Өндіріс», «Кирпичный» және Garden Village алабы бойынша сараптамалық оң қорытындысын алу жұмыс­тары басталған. Ал осы жобалар оң мақұлданып, қаржыландыру уақытылы жүрсе, газдандыру құрылысы 2025-2026 жылдары өтеді.

Жалпы елордадағы 6 жыл бұрын басталған газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. 2023 жылы екі кезектің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Потанин көшесінің ауданы) Алматы («Железнодоржный», Промышленный, Оңтүстік-Шығыс ауданы оң мен сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алабы), сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағын ауданында, Есіл («Вела вилладж», «Куршавель», «Фэмэли таун», «Фэмэли парк» тұрғын үй кешені) және Нұра («Будапешт», «Космик Сити» тұрғын үй кешені) ауданын «көгілдір отынға» қосылды. Бұған қоса «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары мен «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс», «Кирпичный» тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы бітті.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button