Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды
Кез келген дамыған мемлекет «Адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту және абаттандыру кезінде соған баса мән беруді тапсырды. Соған орай биыл Астанада 24 мектеп пайдалануға беріліп, тікелей қалаға тиесілі емдеу мекемелерін көбейту көзделіп отыр. Қаланың әлеуметтік қажеттілігін өтеумен қатар, абаттандыру жағы да ұмыт қалмаған. Биыл үй аулалары мен саябақтарды жаңғырту жұмысына жан біткен, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сондай жұмыстардың бірі – көптен бос жатқан «Керуен» СОО маңының саябаққа айналуы. Бастапқыда сол аумаққа қатысты басқа да ұсыныстар болған екен. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, аталған саябақ орнына сауда орталық та, тұрғын үй салуға да ұсыныстар болған. Алайда Президент өзі интернеттен оқып, осындай тапсырма берген. Аталған аумақтағы абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда 600-ден аса ағаш отырғызылған. Келер көктемде төңіректі көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Жалпы қала бойынша 40-қа жуық саябақ ашылуда. 140-тан аса үй ауласы жөнге келтірілді. 2025 жылға да сондай жоспар. 6 аудан толық абаттандырылады. Бұл өзгерістерді тұрғындар да жиі байқайды.
-2021 жылы Астанаға көшіп келдім. Сол үш жылда урбанистика қатты дамыды. Көптеген парктер, веложолдар, спорт алаңдары салынды, жаңа автобус бағдарлары қосылды, – дейді елорда тұрғыны Жалғас Тұрғанбек.
Алдағы жылы қаланың шет аумақтарына да көңіл бөліп, көркейту көзделіп отыр.
-Биыл Астанада 1 млн-нан астам көшет отырғызылды. Жалпы қала аудандарының әкімдіктері урбанистика орталығымен үнемі бірлесе жұмыс істейді. Біз оларға елордамыздың инфрақұрылымдық сапасының артуына қажет кеңестер береміз, – дейді қалалық Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Бақтияр Бекенов.
Астанаға қоныс аударушылар да көп. Соңғы үш жылда қала 200 мың тұрғынға толыққан. Соған сай әлеуметтік нысандарға да сұраныс артады. Биыл 32 мектеп құрылысы басталған. Балабақшалар да, емдеу мекемелері де керек.
-Тек қана қалаға арналған ауруханалардың соңғысы 2012-2013 жылдары салынған. Қазір ашылып жатқан ауруханалардың көбі республикалық маңызы бар үлкен орталықтар. Олар да қалаға қызмет көрсетуде. Бірақ арнайы елордаға арналған нысандар биыл ғана құрылысы басталып жатыр, – дейді қала әкімі.
Астана ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 қаланың сапында тұр. Дүниежүзінің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдаған. ЮНЕСКО шешімімен елорда Бейбітшілік қаласы атанды. Бірақ мұндай үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермеуі мүмкін. Сондықтан алдымен тұрғындарға жағымды, қонақтарға қолайлы болуы маңызды.