Қала тіршілігі

Елорданың экологиялық еншісі

[wppa type=»slideonly» album=»49″ size=»auto»][/wppa]

Астана әлемнің ең озық қалаларының біріне айналуы тиіс.
Ол үшін бас шаһар экономикалық-саяси жағынан ғана емес, экологиялық тазалығы жағынан да көшілгері болуы керек. Жас шаһар көз тартарлықтай көгеріп, жасыл желегімен жайқалып тұруы үшін Елбасының бастамасымен ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстары басталғаны белгілі. Осындай игілікті істің арқасында бүгінде Астананың айналасындағы орманды алқап 65 мың гектарға жетті. Елорданың іші де түрлі-түсті гүлдермен кестеленіп, небір ағаш түрімен көмкеріліп келеді.

 

Бағалы баспана

«Елу жылда – ел жаңа». Бір кездері сары масасы мазаны алған, аңызақ желі берекені қашырған облыс орталығы  адам танымастай өзгеріп, көркі көз тартар көркем шаһарға  айналады деп кім ойлаған?! Арқаның жазық даласы лезде өзгеріп, сән-салтанаты келіскен сымбатты қалаға айналып шыға келді. Астананы салған алғашқы сәттен бастап Елбасы бас шаһарды көгалдан­дыруға, жасыл желекке малынған әсем шаһарға айналдыруға айрықша көңіл бөліп келеді. 1997 жылдан бастап қолға алынған көгалдандыру шаралары аз уақытта өз нәтижесін бере бастады. Алайда, бұл бір күнде қолға алынған шаруа емес. Бұл талай адамның қажыр-қайратымен, ынта-ықыласымен пайда болған игі үрдіс. Қаланың ішін былай қойғанда, айналасын абат баққа айналдыру – кезінде ертегідей елестегені рас. Неге? Өйткені байырғы Ақмола сор топырақты, қалың батпақты аймақта орналасқан. Мұндай өңірді кез келген өскіндердің жерсініп кетуі екі талай. Оған Астананың суық күн райын, қатал климатын қосыңыз. Осындай пікірлерін алға тартқан эколог-ғалымдар елорда айналасына орман отырғызу аса тиімді болмайтынын айтқан болатын. Бірақ Елбасының: «арпа, бидай, сұлы өскен жерге неге ағаш өспейді?!» деген уәжінен кейін ғалымдар Астанаға ұқсайтын қалалардың тәжірибесін зерттей бастады. Алғашында суыққа төзімді 800-ден астам ағаш түрін мұқият зерделеген мамандар олардың 15-і шаһарымыздың ауа райына төзімді екенін анықтады. Бұдан өзге, Елбасының тапсырмасымен, Астана маңайын жасыл алқапқа айналдыру мақсатында қосымша ағаш отыр­ғы­затын өңірлер іздестіріліп, соның бірі ретінде елорда маңайында Шортанды ауданының аумағы таң­далған болатын. Бұл өңірдің орман өсіруге жарамды 303 гектар жер анықталған.

Осылайша, Астананың айналасын жасыл орманға айналдыру ісі сәтімен жүзеге асып, алғашқы 1997-2009 жылдар аралығында бас қаланың ау­мағындағы 45 мың гектар жерге ағаш отырғызылды.

Жалпы Астана төңірегін жасыл алқапқа айналдыру ісі жыл өткен са­йын кеңейіп келе жатқанын атап өту керек. Мысалы, жасанды орман жасау жұмыстары басталған алғашқы жылдары  елорда айналасына жылына  2500 гектар жерге ағаш отырғызылса, кейін оның көлемі  жыл сайын 5 мың гектарға ұлғайды. Жылда қолдан отыр­ғызылған орман алқабына миллион­даған түп ағаш қосылып отырады. Бүгінде барлығы 65 мың гектар жер орманға айналды. Бұл дегеніңіз 4-5 ауданның аумағымен тең деген сөз.

Жоспар бойынша, қаланың айналасын көгалдандыру жұмыстары 2020 жылға қарай аяқталады. Осы кезде орман алқабы 101 мың гектар аумақты құрайтын болады. Әрі қарай сыңсыған ну орманды күтіп-баптау, өрттен қорғау жұмыстары жүргізілетін болады.

Осылайша, халықтың денсаулығына шипалы игілікті іс елордадан бас­тау алды. Енді көгалдандыру жұмыс­тарын әр облыс, әр қала мен аудан жалғастырып кетуге керек. Ол үшін әрбір тұрғын ағаш отырғызуды өзіне парыз санауға тиіс. Сонда ғана таза ауыл, таза аудан, таза облысқа қол жеткізіп, көгалданған өлкеге айналатынымыз анық.

 

Жас қалаға – жасыл желек

Астананың айналасы ғана емес, бү­гінде елорданың іші де жасыл желекке малынып келеді. Кезінде отырғызылған талдар бүгінде бой түзеп, көлеңкесінде көпшілік демалуға жарап қалды. Жасыл желек – елорданың көркі ғана емес, өкпесін тазартатын сүзгі де іспетті.   Жыл сайын ұйымдастырылатын сенбіліктердің өзінде бас шаһарда сан мыңдаған ағаш отырғызылады. «Астана Көгалдандыру құрылысы» АҚ мәліметіне сүйенсек, тек 2010-2013 жылдар аралығында Астанада 108 672 ағаш отырғызылған екен. Айталық, 2012 жылы – 19 218, былтыр – 14 279 ағаш отырғызылса, биыл – 16 493 көшет егу жоспарда бар. Бүгінде қалада жалпы ауданы 277,664 га құрайтын 8 саябақ, 63 гүлзар, 4 желекжол бар.  Былтырдың өзінде саябақ құрылысы бойынша бірнеше жоба қолға алынып, 13 гүлзардың кірпіші қалана бастапты.

Елорда жайқалған ағаштарымен ғана емес, көк майсамен көмкерілген көркем бенйлерімен де әдемі. «Астана Көғалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Тоқмурзиннің айтуынша, бұл мекемеде 2004 жылдан бері жобалау-ландшафтылық шеберханасы жұмыс істейді. Елорданың көрнекті жерлерінде орналасқан жасыл бейнелердің жобасын осы шеберхананың мамандары жасайды екен. Мысалы, алдыңғы жыл­­дары балаң шыршаны қос алақанға қон­дырған «Табиғатты аялайық», Қысқы Азия ойындарының құрметіне орнатылған «Хоккейші» және басқа да піл, түйе секілді түрлі аңдар бей­не­сіндегі 24 жасыл мүсін қаланың ажарын ашқаны шын. Биыл да  Астана күніне сыйлық ретінде мамандар жасыл желектен бұрын-соңды болмаған әдемі композициялық туынды жасап шығармақшы. Олардың атауын әзірше құпия ұстап отыр. «Бұл туған шаһарымызға тосын сый болмақ. Сондықтан, әзірше бұл туралы айту ертерек», – дейді Ерік Тайжанұлы.

 

Ағаш отырғызу – ұрпаққа аманат

Көк желек отырғызу – игілікті іс. Ата-бабаларымыз ежелден-ақ орманға, баққа үлкен мән берген. «Екі тал кессең, он тал ек» деп өсиет еткен. Ислами тұрғыдан да адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу да парыз. Мұның зейнетін түбінде ел көреді. Келер ұрпақтың игілігіне  жанға жайлы, ауасы таза, жұпар иісі аңқып тұратын жасыл желек қалдыру – үлкен тарту. Әр адам өз ұрпағының бойына қоршаған ортаға деген дұрыс сананы қалыптастыру білу керек. Бір шыбықты күтіп-мәпелей алатын сәби ертеңгі күні өзгені құрметтей алатын, мейірімді азамат болып қалыптасары анық. Мысалы, әр сенбілік сайын бір отбасы балаларымен бірге бір ағаш отырғызса, бұл елге тигізген үлкен үлесі болар еді.

Көгалдандыру ісін әрі қарай дамыту жағынан Астана қаласында қолға алынған көптеген жобалары бар. Соның бірі «Әр сәбиге – бір көшет» акциясы дер едік. Осы шара барысында Астанада дүние есігін ашқан әрбір сәбиге арналып, бір көшет отырғызылады. Оны күптіп-баптау мәселесі «Астана Көгалдандыру құрылысы» АҚ мамандарының мойнында болса да, ағашты ата-аналар да күтімге алуына болады. Бұл акция арқылы Астанада «менің ағашым»
деп көңілі марқайған талай бала өсіп келеді. Сондай ағашқа ие болғандардың бірі – Төкеновтер отбасы.

– Мен қаладағы №1 перинаталдық орталықта Аружан атты қызымды дүниеге әкелдім. Ертеңінде бізге қа­лалық әкімдіктен конвертке салын­ған құттықтау хаты келді. Онда жылы тілектермен қоса, сәбиімізге арналып бір ағаш отырғызылғаны туралы жазылыпты. Әрі ағашымыздың «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің қарама-қарсысында, Сығанақ көшесінің бо­йында орналасқаны айтылған. Хаттың өзімізге ерекше қуаныш пен жылылық сыйлағанын әлі күнге ұмытпаймын.  Ағашымыз қазір Аружанымызбен бірге жайқалып келеді. Жыл сайын отбасымызбен барып, күтіп-баптап қайтамыз. 3 жастағы қызымның өзі кішкентай ыдыспен су құйып жүреді. «Менің ағашым бар Астанада» деп келген қонақтарға мақтанышпен айт­қанына өзіміз талай куә болдық, – дейді Маржан Төкенова.

Маржанның айтуынша, мұндай игі үрдіс баланың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілігін, қоршаған ор­та­ға деген жанашырлық сезімін оята­ды. «Жер көгеріп, күн жылына бас­­­та­сымен Аружанның ағашына ба­ру – от­басымыздың бір қалыптасқан дәс­­тү­ріне айналды. Міне, Наурыз мере­­­ке­сінде ағашымызды барып, көріп қайт­­­пақ­шымыз», – дейді Аружанның анасы.

Ия, сәбилерге арналып отырғы­зыл­­ған ағаш – ата дәстүрі мен ұрпақ жал­­ғастығының бір белгісі іспетті. Осын­дай тәрбиелік мәні көп шаралар елор­-
да­мызда жалғасын таба берсін дейік.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button