Басты ақпаратМәдениет

Елорданың ең сұлу аруы

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен шаһарда «Астана аруы-2022» сән байқауы өтті. Ақылы мен көркі сай, білімі мен білігі бойында тұнған арулар байқауына 18 бен 24 жас аралығындағы 19 қыз қатысты.

Сән байқауын өткізудегі негізгі мақсат – қыз балалардың қоғам өміріне араласуына айрықша мән беру. Әлбетте, салауатты ұрпақтың дүниеге келуі алдымен қыз балаға байланысты. Сондықтан елімізде осындай сән байқауларының көптеп ұйымдас­тырылып жатқаны – көңілге демеу. Себебі бүгінгі қыз бала – ертеңгі ел анасы, әулеттің ұйытқысы.

Байқау ережесі бойынша қыздар 4 кезеңнен де сүрінбей өтіп, бар өнерін ортаға салудан аянып қалмауы шарт болды.

– Биыл іріктеуге 400-ге жуық адам қатысты. 10 іріктеуден ке­йін біз үздік 19 қызды анықтадық. Айта кету керек, біз байқауды өткізуге алғашқы лицензияны 2002 жылы алдық. Содан бері 20 жыл бойы біз астаналық бикештерге өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беріп келеміз. Әр жылдары мұндай байқауға қатысқан қыздардың бойынан рухани тұрғыдан өсу байқалады. Олар өз қатарластарынан біртабан алда болып, өмірге азық болар тəжірибе жинай түседі.

Байқау қорытындысы туралы айтсақ, бүгінгі кеште топ жарған 3 жеңімпазға «Қазақстан аруы» ұлттық байқауына қатысуға жолдама беріледі, – деді конкурс директоры Ольга Радеш.

Қазылар алқасының қатарында болған дизайнер Ақбота Тохтасынованың айтуынша, қыздардың сырт келбетіне жан сұлулығының да сай болуы қажет.

«Қатысушыларымыздың әрқайсысы өзінше өнерлі, сұлу және дарынды. Олар спортпен де шұғылданады, ән де айтады, би де билейді, музыкалық аспапта да ойнайды. Мен үшін қыздардың нәзік бола тұра, қазақ қызына тән бір қайсар мінезі де болғаны маңызды. Байқауға қатысқан қыздардың барлығы жеңімпаз атануға лайықты» деді ол.

Төрешілерге ажарына ақылы сай, нәзіктігі мен әсемдігі үйлес­кен, бірінен-бірі асқан арулардың ішінен хас сұлуды анықтау оңай болмады. Дегенмен осы жылы «Астана аруы» деген атаққа келісті келбетімен, назды қылығымен, ерекше еркелігімен сахнаны баураған жиырма бір жасар Диляра Жұмабай лайық деп танылды. Диляра биыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «заманауи бизнес экономикасы» мамандығы бойынша бітірді. Болашақта ол модель мансабын жалғастыруды жоспарлап отыр.

– Бала кезімде мен журналдарды қарап, модельдерге ұқсауды армандайтынмын. Содан кейін сән байқауына қатысу менің арманым еді. Бүгін, міне, арманның орындалатынына көзім жетіп отыр. Ендігі мақсатым – «Қазақстан аруы» атану, – деді жеңімпаз.

Сондай-ақ 1-вице-ару номинациясында тұғырдан көріну Дария Шарафитденоваға бұйырды. 2-вице-ару Дина Кондратюк атанса, 3-вице-ару аталымында Томирис Какимова жеңіске жетті. Жеңімпаздарға арнайы сыйлық беріліп, қатысушыларға алғыс хат табысталды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button