Елорданың ең жас ауданы
Нұра ауданы – елорданың ең жас және қарқынды дамып келе жатқан бөлігі. Тек қазіргі күннің өзінде мұнда 284 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде мектептер, спорт және медициналық орталықтар, әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендері бар. Осы нысандардың бестен бірі батыс бөлігінде, Тұран даңғылының артында орналасқан. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков айтып берді.
– Ришат Уәлиханұлы, осы лауазымға екі ай бұрын тағайындалдыңыз, әр жылдары елорданың үш ауданында әкімнің орынбасары қызметін атқарғаныңызды білеміз. Сол кездерде сіз қандай мәселелерге жауапты болдыңыз?
– Келесі жылы Астана қаласы әкімдігінің жүйесінде жұмыс істей бастағаныма 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде инфрақұрылымнан бастап қала тіршілігін қамтамасыз етуге дейінгі барлық негізгі бағыттарда тәжірибе жинақтадым. Алматы, Байқоңыр және Есіл аудандарында әкімнің орынбасары лауазымында абаттандыру, коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік еттім, сондай-ақ өндірістік-техникалық міндеттермен және кәсіпкерлікті дамытумен айналыстым. Бұл маған қалалық жүйенің барлық механизмдерінің қалай жұмыс істейтінін терең түсінуге көмектескен үлкен мектеп болды.
– Сіз елорда аудандарының ұқсастығын да, айырмашылығын да жақсы білетін шығарсыз? Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз.
– Елорданың барлық аудандарына ортақ бір мәселе бар, ол – астаналықтар үшін қолайлы және заманауи орта құруға ұмтылу. Бірақ әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері мен міндеттері бар. Мысалы, оң жағалауда, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында біз ескі инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғын үй қорын жаңарту мәселелерін шешумен көбірек айналыстық, бұл әрине, қажырлылықты талап етсе, Нұра және Есіл аудандарында құрылыстың жоғары қарқынмен жүргізілуіне байланысты жаңа желілер мен көпқабатты тұрғын үй кешендерін уақтылы енгізуге баса назар аударылып келеді. Әр ауданның дамуында өз ерекшелігімен бірге олардың әрқайсының қала тұрғындарының қажеттіліктеріне сай болудағы айрықша тәсілдері де жоқ емес.
– Нұра ауданы несімен ерекшеленеді?
– Нұра, шынымен де, елорданың қарқынды дамып келе жатқан ауданы. Қазіргі уақытта мұнда 284 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде мектептер, спорт және медициналық орталықтар, әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендері бар. Осы нысандардың бестен бірі батыс бөлігінде, Тұран даңғылының артында орналасқан, бұл ауданның кеңейіп келе жатқанын аңғартады және аудан әкімі ретінде мен үшін тұрғындарымыздың ыңғайлылығы, жайлылығы мен қауіпсіздігі маңызды.
Нұра – бұл елорданың дамуын бейнелейтін жас, өршіл, қарқынды дамып келе жатқан аудан. Осы екі айдан аз уақыт ішінде мен 34 мекенжайдың тұрғындарымен, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың басшыларымен және МИБ/ПИК төрағаларымен кездесулер өткіздім. Әр кездесуде аулаларды абаттандырудан бастап жаңа білім беру мекемелерін дамытуға дейінгі әртүрлі мәселелер көтеріледі, түптеп келгенде, барлық тұрғындардың талабы – ыңғайлы қалалық ортаны қалыптастыруға белсенді қатысу. Қазіргі адамдар өздері тұратын және балаларын тәрбиелеп отырған аймақтың дамуына бейжай қарай алмайды. Тұрғындардың белсенділігі жұмысымызға жігер береді.
– Ауданда абаттандырылған тұрғын үй кешеніне немесе аулаларды абаттандыруға көбірек көңіл бөліне ме, әлде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы өзекті ме?
– Нұра ауданының ерекшелігі сол, мұнда 2020 жылы және одан бұрын салынған үйлер жаңа ғимараттар ретінде қабылданбайды, олар ескі болып саналады. Бұл ауданымыздың қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетсе керек. Соңғы екі жылда бой көтерген үйлердің аулалары құрылыс салушылардың күшімен абаттандырылды. Ал осыдан бес жыл бұрын тұрғызылған үйлердің аулаларын абаттандыру және көгалдандыру мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып отыр.
Өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша біз 11 ауланы абаттандырдық, ал күрделі жөндеу аясында тағы 11 алаңда жұмыстар жүргізілді. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, біз бос аумақтарды көгалдандыруға барынша басымдық беріп келеміз. Өз кезегінде бұл ауданның эстетикасын көркейтуге ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.
– Нұрадағы жолдардың сапасы қандай, аумақ қалай көгалдандырылуда, автобус маршруттары жеткілікті ме?
– Жолдардың сапасы мен көлік маршруттарының қолжетімділігі – біздің аудан үшін өте маңызды мәселе. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар істелуде. Қазіргі уақытта жаңа нысандарға, әсіресе жыл соңында ашылатын төрт жаңа мектепке жол салынып жатыр. Жолдарда тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету, аялдамалар, белгілер орнату және автобус маршруттарын іске қосу мәселелері қалалық басқармалармен бірлесіп шешілуде. Сондай-ақ биылғы жылы күн сайын мыңдаған астаналықтарға қызмет көрсететін негізгі көшелерден бастап бүкіл аудан жолдарына ауқымды жөндеу жүргізілді. Даңғылдарды жаңа тұрғын үй кешендерімен және әлеуметтік нысандармен байланыстыратын 13 жаңа көшенің құрылысы аяқталды.
Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін биыл Қабанбай батыр даңғылының бойындағы ұзындығы 6 км тротуар мен велосипед жолы абаттандырылды. Бұдан басқа, біз қолжетімділік мәселелеріне ерекше назар аударамыз: менің инклюзия жөніндегі кеңесшім Жанна Қасеновамен бірлесіп, қиылыстар мен тротуарларда пандустар орнату үшін ауданды тексеруді бастадық. Бұл мүмкіндігі шектеулі тұрғындар мен арбадағы балалары бар ата-аналар үшін қозғалысты айтарлықтай жеңілдетеді.
Тұрғындар үшін тағы бір маңызды тақырып – қоғамдық көлік мәселесі. Биыл Сығанақ, Әнет баба, Молдағалиев, Мұхамедханов, Исатай батыр, Сырым батыр және Доспанбет жырау көшелерімен өткен 4 жаңа автобус бағыты іске қосылды. Көгалдандыруға келетін болсақ, биыл негізгі даңғылдарда және «Астана Арена» стадионы сияқты қоғамдық нысандарда биік ағаштар мен көпжылдық гүлдер отырғызылды. Бұл аумақтар қазір қала тұрғындарының демалатын орнына айналды. Бір маусымда ауданда 9 000-ға жуық ағаш, 136 000-нан астам көпжылдық гүлдер мен бұталар, сондай-ақ біржылдық гүлдер отырғызылды.
– Аудан тұрғындарының бос уақыты қалай өтеді?
– Ағымдағы жылы ауданда 4 қоғамдық кеңістік пайда болды, олар елорда тұрғындары мен қонақтары үшін танымал демалыс орындарына айналды. Осындай нысандардың бірі – мемлекеттік рәміздер алаңы, онда біз күрделі жөндеу жүргіздік. Мұнда енді тұрғындар жайлы серуендеп, абаттандырылған аумақты тамашалап, отбасымен уақытты тиімді өткізе алады. Бектұров көшесіндегі, ақын Махтумкули Фрага ескерткішінің жанындағы қоғамдық кеңістік Түрікменстанмен достығымыздың символына айналды. Бұрын қараусыз қалған учаске абаттандырылып, онда 3 300 жасыл желек отырғызылды, замануи орындықтар орнатылып, аумақ толық жарықтандырылды. Тұран даңғылындағы гүлзарлар абаттандырылды. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында тұрғындармен бірлесіп 2 500-ге жуық ағаш және 6 900 көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Жалпы ауданы 4 000 шаршы метрден асатын бұл алаңдар мыңдаған қала тұрғындарының демалатын орнына айналды. Келесі жылы ауданның барлық тұрғындары үшін одан да көп демалыс орындарын құра отырып, абаттандыру қарқынын күшейтуді жоспарлап отырмыз.
– Жеке кездесулерде тұрғындар қандай мәселелерді көбірек көтереді?
– Әр кездесуде бірде-бір маңызды мәселе назардан тыс қалмауы үшін тұрғындардың барлық өтініштерін мұқият жазып алуға тырысамыз. Екі айдың ішінде 600-ге жуық сұрақ жазылды, мен олардың әрқайсысы бойынша жұмыстың жүргізілуін жеке бақылаудамын. Бұл тәсіл бізге тұрғындардың нақты қажеттіліктерін терең түсінуге және жүйелі шешімді қажет ететін жалпы тенденцияларды көруге мүмкіндік береді.
Негізінен, аулалар мен алаңдарды абаттандыруға, көгалдандыруға және қалалық желілерді ұстауға байланысты сұрақтар көп қойылады. Ауданның қарқынды өсуі үшін жаңа демалыс және көгалдандыру аймақтарын жайластыру мәселесі де өте өзекті. Тұрғындар өздері тұрып жатқан үйдің аумағы көгалдандырылғанын, ыңғайлы серуендеу алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңдарының болуын, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің дұрыс жұмыс істегенін қалайды. Бұл ретте біз бірнеше жобаларды қолға алдық.
Тұрғындармен болған кездесулерде олар жолдардың жай-күйі мен қоғамдық көлікті ұйымдастыру мәселелерін де жиі көтереді. Ауданның өсу қарқынын ескере отырып, биыл бірнеше жаңа автобус желілері іске қосылды. Коммуналдық қызметтер мен инженерлік желілерге қатысты сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, сондай-ақ жаңа кварталдарды салу кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасы және инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған емес. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Инклюзия мәселелері де аса маңызды. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар ауданның барлық санаттағы тұрғындарға қолайлы болғанын қалайды.
Бұл мәселелердің барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіндіктен, жұмыс барысында олардың әрқайсына басымдық береміз. Тұрғындар тарапынан туындаған кез келген проблемаға жедел әрекет ету арқылы біз Нұра ауданын өмір сүруге ыңғайлы, жасыл және қауіпсіз аудан ретінде дамытуға күш жұмылдырудамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Дайындаған
Шолпан АКБАЛАЕВА