Басты ақпаратМәдениет

Елорданың еңселі ақ сарайы немесе реформатор режиссер

Қазақ өнері кеңістігінен өзінің орнын ойып тұрып алған астаналық «Жастар» театрының қос мерей­тойы биыл қатар келді. Руханият ордасының құрылғанына 15 жыл толса, театрдың негізін қалаған реформатор режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай мерейлі жетпіс бес жастың белесіне шықты. Осыған орай аталмыш театрда мерей­тойлық кеш ұйымдастырылды. Соның барысында режиссердің шығармашылығы жайлы «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең…» кітабының таныстырылымы, ғылыми конференция және У.Шекспирдің «Ромео-Жульетта» трагедиясының премьерасы өтті.

Өнер ошағы мен режиссердің мерейтойына орай көптеген құттықтаулар мен жылы лебіздер айтылды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен  Әшімбаевтың  құттық­тауын сенатор Нұртөре Жүсіп, Астана қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алтай Көлгіновтің құттықтауын оның орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың лебізін мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов оқып берді. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен бірқатар облыс басшылары, ел аймақтарындағы театрлар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы атынан құттықтаулар оқылды.

– «Жастар» театры – еңселі елордамыздың ақ сарайы, сан қырлы, жасампаз өнер ордаларының бірі. Елордамыздың мәдениет саласының дамуында өздеріңіз сынды білікті мамандардың қажырлы еңбегі жатыр. 15 жыл ішінде көптеген қойы­лым қойып, еліміздің атын шетелдерде танытып жүрсіздер. Мінсіз қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын.

Құрметті Нұрқанат Жақыпбай! Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жылдар бойы мол тәжірибеңізбен, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында еліміздің мәдениет саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келесіз. Өмір жолыңыз жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Толайым шығармашылық табыс тілей отыра, алдағы уақытта да өрелі өнеріңізді халық игілігі жолында жұмсай беруіңізге тілектеспін, – делінген Астана әкімінің міндетін атқарушы­ ­Алтай Көлгіновтің құттықтауында.

Осыдан 15 жыл бұрын елордада «Жастар» театрының құрылуына, оның көркемдік жетекшілігіне Нұрқанат Жақыпбайдың тағайын­далуына Астана қаласының әкімдігі, сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ұйытқы болды. Ермек Әмірханұлы театрдың құрылу тарихын, көрнекті режиссердің келуін еске алды.

– Астана жастар қаласы болғаннан кейін біздің алдымызда жастар театрын ашу мақсаты тұрды. Сол кезде менің ойыма ең алдымен, Нұрқанат Жақыпбай түсті. Алматыда жүрген едім, бірден сол кісіге звондадым. Ол Астанаға жиырма бес шәкіртімен келді. Бұл – елордамыздың енді қалыптасып келе жатқан кезі. Бірден бәріне жағдай жасау мүмкін болған жоқ. Дегенмен, «Жастар» сарайынан орын бердік. Кейіннен Бейбітшілік және келісім сарайында, Оқушылар сарайында біраз отырды. Қалибек Қуанышбаев театрының сахнасында спектакльдерін қойып жүрді. Бірте-бірте мақтан тұтар театрымызға айналды. Астананың «Жастар» театры – бүгінгі таңда еліміздегі ең беделді, ең атақты, шығармашылық әлеуеті, жеткен жетістіктері жағынан алдыңғы қатарлы театр, – деді Ермек Аманшаев.

Журналист, театртанушы Назерке Жұмабайдың «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең…» кітабының таныстырылымын белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин мен «Жастар» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділ Ахметов жүргізді. Кітаптың тұсауын мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов пен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов кесіп, жылы лебіздерін жеткізді. Қыр­ғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық телевизиясының директоры Қайрат Иманәлиев «Жастар» театры мен Нұрқанат Жақып­байдың өнері Қырғызстанда жоғары бағаланатынын, жазда елдеріне арнайы шақырып, театр мен режиссерді мерейтойларымен құттықтағандарын, қырғыздың мәдениет және қоғам қайраткерлері атынан Нұрқанат Жақыпбайға Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру үшін Қазақстан Президентіне хат жолдағандарын айтты.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Нұрқанат Жақыпбайды мерейтойымен құттықтап, астына ат мінгізді, иығына шапан жапты. Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Phd докторы Асхат Маемиров Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығы жайында мазмұнды баяндама жасады. «Жастар» театрының алғашқы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжановқа, театрдың бұрынғы директорлары Айболат Жанғалиұлы мен Ернар Жұматаевқа құрмет көрсетілді.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев аударған «Ромео мен Джульетта» трагедиясы Нұрқанат Жақыпбайдың қолтаңбасында ерекше болып шықты. Уильям Шекспирдің шығармасы болғанымен, режиссер спектакльді ұлтымызға неғұрлым жақындатқан. Бұл ­ «Ромео-Жульетта» дейтін атауынан, кейіпкерлердің киімдерінен, Жандәулет Батай сомдаған Пірадар атты кейіпкердің қосылуынан көрінді. Қойылым музыкасы да шығыс сарынында болды. Спектакльге цирк элементтері де қосылды. Кеш осы трагедияның премьерасымен түйінделді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button