100 қадам - Ұлт жоспарыМәслихат

ЕЛОРДАНЫҢ ЕҢСЕЛІ ЖОБАЛАРЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындап берген Ұлт жоспарын орындауға бағытталған «100 нақты қадамның» бірінде еліміздегі өндіріске инновациялар енгізу жөнінде айтылған. Жақында астаналық мәслихаттың депутаттары «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндірістік орындарды аралап көрді. Елордалық депутаттардың көшпелі тобы осы аймақтағы жаңа кәсіпорындардың жұмысымен танысты. 

ERM_6933

Алдымен депутаттар «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-нің бронды дөңгелекті машиналарды құрастыратын зауытына ат басын тіреді. Зауыт өткен жылдың соңында «Казахстан инжиниринг» ұлттық холдингі және «Paramaunt Group» оңтүстік африкалық компаниямен бірлесіп ашылған. Өндіріс жұмысымен танысқан депуттарға зауыттың дайын өнімі көрсетілді. Көрсе­тілген машиналарда 4 қорғаныс класы бар, бұл техниканың басты мақсаты – жеке құрамды қорғау. Мәселен, бір машинаның салмағы шамамен 13 тонна құрайды. Сағатына 100-120 километр жүреді.
– Бронды машиналар MRAP технологиясы бойынша жасалады. Ол миналардың жарылуы мен тосқауылдағы шабуылдардан қорғайды. Біздің маши­налардың түбі V-бейнелі, бұл технология өткен ғасырдың 90-жылдардың басында ойлап табылды, – дейді «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Көбей Жаңбыршы.
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 машина жасауға жобаланған. Алайда, қажет болған немесе тапсырыс күшейсе, 200-300 машинаға дейін өндіре алады. Онда шамамен 130 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа еңбекақысы 200 мың теңгені құрайды.
Одан кейін мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды «А» класты Көліктік-логистикалық орталыққа барды. Кәсіпорын 2014 жылы құрылған. Аумағы 49 гектарды құрайтын ғимарат құрғақ, климаттық қоймалардан, дистрибьюторлық орталықтан, контейнерлік алаңқайдан тұрады. Сондай-ақ, бұл жерде тауарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндігі мол арнайы камералар орналасқан.
– Біздің аумақта барлық жағдай жасалған. Бұл жерде тауар өндіруші жүкті жөнелте алады, станцияға, кеденге барудың еш қажеті жоқ, аумақта кедендік бекет, фитосанитарлар, карантин қызметі орналасқан. Логистикалық қызмет түрі бар. Сондай-ақ, «Кенмарт» дистрибьюторлық орталық жұмыс істейді. Яғни, тауар осында келеді, кедендік жұмыс жүргізіледі, оны сақтауға, сатуға және экспортқа шығаруға да болады, – деп түсіндірді компаниия өкілі Евгений Киршин.
Осы жерде депутаттар «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің де жұмысымен танысты.
– Біз бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейміз. Мұнда кедендік қызметпен байланысты барлық мем­лекеттік органдардың өкілдері бар. Біз машина келіп тоқтаған уақытта бәріне үлгеруге тырысамыз және олар үш сағат ішінде бізден толық кедендік құжаттамамен шығуы керек, – дейді бекет басшысы Ерлан Канафин.
Талқылау барысында депутаттар қызметкерлерге қажетті еңбек шарттарын жасауға баса назар аударды.
Шара соңында мәслихат депутаттары «Астаналық шыныпакет компаниясына» барды.
Кәсіпорын өзге өндірістерге қарағанда Индустриалдық аумақтан тыс жерде орналасқан. Депутаттар алдымен ком­панияның жылыту жүйесіне назар аударды. Ғимарат панель өндірісі есебінен жылытылады. Кәсіпорын 2006 жылы ашылған. Бүгінде онда 136 адам еңбек етеді. Компания өз өнімдеріне бес жыл мерзімге дейін кепілдік береді.
Депутаттар өндірістік цехтардың жұмысымен жақын танысты. Компания мамандары өздерінің өзекті мәселелерін де жасырмады. Әсіресе, коммуникация мен инфрақұрылымды дамыту қиындық туғызып отырған көрінеді. Мәселен, индустриалдық аймақта орналасқан өзге кәсіпорындар секілді мемлекеттік жеңілдіктердің болмауы да алаңдатады екен.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button