Басты ақпарат

Елорданың ерекше ескерткіштері

Әр елдің болмысы мен бедерін білдіріп тұратын ерекше ескерткіштері болады. Мәселен, Мысырдың пирамидасы, Үндістанның Тәж-Махалы, Қытайдың қорғаны, Францияның «Эйфель» мұнарасы туралы естімеген жан кемде-кем. Ал, Қазақстанның астанасы «Бәйтерек» монументімен әйгілі. Десек те, елорданың ортасынан орын тепкен, сан ғасырлық тарихымызға, бүгiнiмiз бен ертеңiмiзге қойылған бұдан басқа да көрікті тұғыртастар бас қалада жетерлік. Бұл жолы солардың бесеуіне тоқталуды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=3550]

Ұлы Абай ескерткіші

Елордаға көрік қана емес, рух беріп тұрған тұғырдың бірі – қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың ескерткіші. Ол 2010 жылы 19 маусымда ашылды. Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ойшыл тұлғаның еңселі ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады.

Монументтің жалпы биіктігі – 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы – 10 тонна. Ескерткіш авторы – мүсінші Болат Досжанов.

Ескерткішті жасау кезінде мүсінші Абайдың азаматтық ұстанымы мен имандылығын, даналығын, оның сөз өнерін шебер меңгергендігін және соңына қалдырған әдеби мұрасын халық қаншалықты бағалайтынын көрсетіп, ақын тұлғасын асқақтатуға ерекше тырысқан. Ұлы ақын тұғырының жанында талай ақын жыр оқыды. Деректi және көркем шығармалардан үзiндiлер тыңдалды. Талай баспагер кiтап көрмесiн ұйымдастырды. Ақынның туған күніне орай өтетін жыл сайынғы Абай оқулары да осы жерде қорытындыланады. Абай ескерткішінің алды бүгінде қала тұрғындарының демалып, серуен құратын сүйік­ті алаңына айналған.

«Қазақ елі» монументі

Тарихи-мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 5,2 гектар, соның монумент орналасқан орталық тұғырнамасы 1 гектар жерді алып жатыр. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр. Монументтің түсі – ақ. Ол қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек.

Монументтің авторлары – Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов.

2009 жылы  ірге қалаған тұғыртас елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небiр аумалы-төкпелi замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы берi жеткен жетiстiктерiмiздi әспеттейтiн дәуiрлiк маңызы бар тарихи кешен. Шындығында, мән-мағынасы терең осынау ескерткіш тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды.

Құрманғазы ескерткіші

Нұр-Сұлтан қаласының Тұран даңғылы бойындағы “Думан” қонақ үйінің ауласында қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші орналасқан. ХІХ ғасырда өмір сүріп, ғажайып туындыларды өмірге әкелген дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйі бүкіл дүниені шарлап, қазақтың музыкасын әлемге паш еткен.

Күйші мүсіні 5,5 метрлік биіктіктегі тұғырға орнатылған. Қоладан құйылған ескерткіш-мүсіннің жалпы биіктігі – 10 метр. Мүсіндік композицияда күйшінің жарқын бейнесін, оның ерекше тұлғасын, қазаққа әйгілі өшпес рухын көрсету идеясы жатыр. Мүсінде Құрманғазының ұлы далаға кең тараған күйлерінің бірін орындап отырған кезі бейнеленген. Ескерткіштегі аспап Құрманғазы домбырасының дәл көшірмесі болып табылады.

Тұғыр гранитпен қапталған және екі бөліктен – биіктігі 2 метр төменгі және 3,5 метр­лік 3 тақырыптық бедер орнатылған жоғары бөліктен тұрады. Олар ұлы сазгердің бейнесін толықтырып, Құрманғазы Сағырбайұлы өмір сүрген кезеңді суреттейді.

«Отан-Ана» монументі

Еліміздегі ең әсем, сәулеті де келіскен ескерткіштердің бірі – елордадағы Отан қорғау­шыларға арналған «Отан-Ана» монументі. Бұл ескерткіш 2001 жылы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында казіргі Тәуелсіздік даңғылы мен Қ. Мұңайтпасов көшесінің қиылысындағы алаңда тұрғызылды. Мемориалдық кешеннің монументалды композициясы Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың бірлігін білдіретін масақ бау түріндегі қола стела мен бірлікке, келісімге шақыратын Отан-Ана бейнесінен тұрады.

«Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі – биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент ана бейнесі. Айналасындағыларды бiрлiк пен келiсiмге шақырып, күлiмсiреп тұрған ақ кимешекті ана бейбiтшiлiк пен көркеюдiң белгiсi саналатын алтындатылған зерлі тостаған-кесесіне ақ құйып, оны мейірімге толы көңілімен қос қолдап ұсынып тұр.

Астананың ажарын айшық­таған ескерткіштің ұшар басындағы 101 алтын масақтан тұратын 40 метрлiк стелла Қазақстанда тұратын ұлттардың бірлігі мен берекесін бедерлейді. Масақтардың іргесі қазақ жерінде әр ұлттың рухани мұрасын зерделеген ою-өрнектермен безендірілген. Мемориалдағы жер шарының бейнесі де ерекше көңіл аудартады.

Қола бағанның екі жақ қапталының бірінде ата-бабамыз­дан қалған байтақ даланы жаудан қорғаған айбынды батырлар мен екінші жағында Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнесі көркемделген. Мұны майдан даласында мерт болған жауынгерлер мен арамызда аман-есен жүрген соғыс ардагерлеріне деген кұрмет деп түсінуге болады.

Елдің көңілінен шыққан ескерткіш авторлары – белгілі сәулетшілер А.Бексұлтанов пен Н.Конопольцев.

Жыр алыбы – Жамбыл

Есілдің оң жақ бөлігінде Жұмабек Тәшенев және Амман көшелерінің қиылысында Жамбыл саябағы орналасқан. Ал, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың ескерткіші Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Тәшенев көшесінің бойына тұрғызылған. Ескерткіш қаланың 10 жылдығына орай 2008 ж. шілдеде ашылды.

Қоладан құйылған мүсінде Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алған өлең сөздің дүлдүлі, жырау, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы Жамбыл Жабаевтың Қазақстанның жас астанасына ақ тілек тілеп тұрған бейнесі бедерленген.

Қолына қасиетті қара домбырасын ұстап, кең шапанының өңірін ашып, ыстық құшағымен алып даланы құшқалы тұрған қарт жыраудың елордадағы қола мүсінінің жалпы биіктігі 12 метрден асады. Қасиетті сөзімен елін сүйіп, Алатаудың селіндей ағынды жырларымен жеріне қорған бола білген Жамбыл-жырдың қасиеті елорда төрінде асқақтап тұрғандай. Ескерткіш айналасына гранит тас төселген.

Мүсін авторлары: мүсінші Нұрлан Далбай, архитекторы Қ.Ж.Жарылғапов.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button