Елорданың ертеңін жобалайды

Астана қаласының бұған дейінгі Бас жоспары 2001 жылы қабылданған. Ондағы есептеу қаланың кейінгі даму қарқынымен сәйкес келмей, жоспарға 2008, 2011, 2016 жылдары өзгерістер енді. Үкімет тапсырмасы бойынша Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы өзіне қарасты «Астана қаласының Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтымен бірге жаңа Бас жоспарды әзірлеуді қолға алып, оны 2024 жылғы қаңтарда бекітті. Бұдан басқа да маңызды міндеттер туралы аталған басқарманың аудандар бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрәділ ҒАЛЫМЖАНМЕН сұхбат барысында білдік.
– Былтыр Астана қаласының 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын бекітіп, елорданың алдағы 10 жылдағы дамуына қатысты жоспар жасадыңыздар. Бұл жолы алдыңғы жоспарда жіберілген қателік, яғни адам санының өсіміне қатысты деректерді қате белгілеу ескерілген болар?
– Әрине, өткеннен сабақ ала отырып, біраз жайт ескерілді. 4-5 жылда қаланың барлық аспектісі зерттеліп, қай жерде қандай нысан салынатыны ғана емес, демографиясы, адам саны қалай өсетіні де есептелді. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін Астана қаласы тұрғындарының саны 2,3 млн адамға дейін жетеді. Ал биыл 1,48 млн тұрғын болады. Осы есеппен алғанда, қаланың тұрғын үй қоры, оларға қандай әлеуметтік нысандар қажет екені, орналасатын жері, соған сәйкес жол мен инженерлік инфрақұрылым қарастырылды. Қаланың концептуалды дамуының құжаты негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысы жүргізіледі. Мәселен, белгілі бір тұрғын үй орамдарын алсақ, оның қай жерінде үй, қай жерінде балабақша мен мектеп болатыны нақты көрсетіледі. Соның бәрінің түбегейлі жоспарлау жобасын Астана қаласының геоақпараттық порталынан қарауға болады. 2035 жылы тұрғын үй қоры 68,2 млн шаршы метр болады деп болжануда, бұл ретте 1 адамға 30 шаршы метрден келеді. Соның 38,4 млн шаршы метрі қазіргі таңда бар. Құрылыс салуға перспективалы ауданы – «Мыңжылдық» аллеясы, «Тельман» тұрғын алабының оңтүстік бөлігі және Тұран даңғылының батыс бөлігі.
Бас жоспарға өзгеріс ене ме?
– Бұл Бас жоспарға да өзгерістер енгізілуі мүмкін. Ол қандай жағдайда енгізіледі?
– Президенттің немесе Үкіметтің тапсырмасымен, басқа да мемлекеттік қажеттіліктерге сәйкес Бас жоспарға өзгеріс енгізу туралы тапсырма түсуі мүмкін. Өзгерістерге қатысты айтарым – қаламызда «точечная застройка» деген мәселе бар, яғни халықтың қаладағы құрылысқа қатысты келіспейтін тұстары болады. Соған орай 2023 жылдың тамызынан бастап әрбір өзгерісті енгізу үшін халықпен қоғамдық талқылау өтетін болды. Көпшілік қарсы болса, өзгерістер енгізілмейді. Оны алдын ала бір ай бұрын хабарлаймыз, қайда, қашан өтетінін өзіміздің сайтымызда, әлеуметтік желілерде және «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттеріне шығарамыз. Бір жылда 100-ден астам талқылау өтті. Әрбір талқылауда бірнеше нысан қаралуы мүмкін. Бас жоспар – бірнеше бағытты қамтитын ауқымды құжат. Оның ішінде инженерлік және көлік инфрақұрылымын тарту жұмысы да қарастырылады. Су желісін тартуды айтсақ, құбырдың диаметрі қандай болуы, қай жерде жатуы керек екені де жоспарда көрсетілген. Қалада қандай нысан салынса да біздің басқарманың үлесі бар. Себебі әрбір нысан оны жобалаудан басталады. Сол жобалау жұмысын қабылдап алу, өткізу – біздің міндет.
– Бас жоспардан бөлек, басқарма қызметіне не кіреді?
– Әрбір ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, одан кейін нысанды салу үшін сәулетті жобалау жұмысы, эскиздік жоба және жер беру құжаты біз арқылы бекітіледі. Басқарма құрылыс салушылардың немесе мемлекеттік органдардың конкурс нәтижесінде келген жобаларын қарастырады. Қазіргі нормаларға, Бас жоспарға сәйкестігін тексеріп, ұсынысын береді, басқарма рұқсат бергеннен кейін ғана олар құрылысты бастайды. Кез келген нысан: биік ғимарат болсын, гүлзар болсын, бәріне де құжат керек. Тағы бір айта кетерлігі – қазіргі кезде әлеуметтік нысандарға көптеген инвестор тартылуда. Күнделікті жұмыстан бөлек, елордадағы әрбір инвестиция жобасын қарастырамыз. Қаламыздың дамуында инвесторлардың үлесі зор.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы инвесторларды қалаға тартады, сосын біз олардың жобасы бойынша құрылысты қай жерге салуға болатынын, қай жерге болмайтынын және сол нысанға керек инфрақұрылымды қалай тартуға болатынын анықтап береміз. Айына орташа есеппен 20-30 инвестиция жобасы келіп түседі. Қабылданған жобалар бойынша әрі қарай жұмыс жүргіземіз. Ол жұмыс ұзаққа созылады, әр сатысында инвестор кетіп қалуы, қаражаты жетпеуі мүмкін. Негізі, менің тәжірибемде жобасы мақұлданған 10 инвестордың тек 2-3-еуі ғана соңына дейін жетеді. Себебі әртүрлі болуы мүмкін.
Басқарманың күнделікті тағы бір ең үлкен жұмысы – халықтан келіп түсетін хаттармен жұмыс істеу. 2024 жылы басқарманың жалпы құжат айналымы 164746 құжатты құрады. Былтыр 100091 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Басқармада 48 адам жұмыс істейді. Жалпы саны 12 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеміз. Соның ішінде нысандардың мекенжайын белгілеу – өте ауқымды мемлекеттік қызметтің бірі. Бұл бағытта үйге мекенжай беру, оны түзету, өзгерту, архив мәліметтерін көтеру жұмысы бар.
Үлескерлер мәселесін шешеді
– Үлескерлер мәселесін шешуде, олардың енді салынатын үйлерге қаржы салуына рұқсат беруде де басқарманың ықпалы бар екен.
– Иә, біздің басқарма тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын тіркейді. Құрылыс салушыға үлескердің ақшасын тартуға рұқсат береді. Тұрғындар: «Осындай үйге үлескер ретінде ақша салсам, мына құрылыс компаниясының құжаты бар ма, дұрыс па?» деп сұраныс бере алады. Құрылыс компаниясының жеріне қатысты кедергі болмаған кезде, олардың жобалық құжаттамасы дайын болғанда, ол мемлекеттік сараптамадан өтіп, оңтайлы қорытындысын алғанда ғана үлескер ақшасын тартуға рұқсат етіледі. 2024 жылы осындай 57 рұқсат берілді.
«Үлескерлер ақшасын тартуға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастамасы. Бұл 2019 жылы енгізілді, іс жүзінде қызмет шамамен 2022 жылдан көрсетіле бастады. Осы мемлекеттік қызмет енгізілгенге дейін өз бетінше үлескер ретінде ақша салып, «аузы күйгендер» мәселесін шешуге де араласамыз. Негізі, үлескерлермен Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жұмыс істейді. Солармен бірге жаңа құрылыс салушыларды тауып, проблемалық үйлерді аяқтау жұмысына тартамыз. Тартқан кезде де құрылыс салушының содан табатын пайдасы болуы керек. Біз сол үшін оның өзге жобаларына көмек береміз немесе құрылыс жүргізуіне басқа жерлерді ұсынамыз. Осындай ортақ келісімге келу арқылы проблемалық үйлер мәселесі шешімін табуда. 2-3 жыл бұрын олар көп еді, қала әкімдігі мен аталған басқармалардың бірлескен жұмысының нәтижесінде біршама азайды.
– Тұрғындар көппәтерлі үйін қайта жобалау, ішкі қабырғаларын, бөлмелерін өзгерту бойынша рұқсат алуда сіздердің қызметке жүгіне ме?
– Иә, олар қайта жобалауға байланысты бізден рұқсатты үш жағдайда сұрайды. Бірінші – пәтер ішінде оның күрделі конструктивтік элементтеріне тиіскен кезде. Екінші – жалпы үйдің инженерлік коммуникациясына тиіскен кезде. Үшінші – үйдің ортақ мүлкіне өзгерістер енгізер кезде. Егер балконды қосамын десе, оның іргесі тек қана газоблоктан қаланса, оған рұқсатты бізден алмайды. Жобалық мекемеге барып, жобасын жасап, өзгерте береді. Ортақ мүлікке тиіскен кезде, мысалы, өзінің кіреберісіндегі есігін әрі қарай жылжытса, тұрғындардың рұқсат еткен қолын жинап, сосын бізге келуі керек. Былтыр бізде 4 мыңнан астам адамға осы қызмет түрі көрсетілді.
Жер кімдерге беріледі?
– Астанада жер кезегінде тұрғандарға жер беру мәселесі қашан қайта қарастырылады?
– Қазір қаламызда жер кезегінде 250 мыңнан астам адам тұр. Бірақ Астанада жеке тұрғын үй құрылысына жер берілмейді. ҚР Жер кодексіне сәйкес, әрбір азамат мемлекеттен бір рет тегін жер ала алады. Бірақ берілетін учаскелердің барлық инфрақұрылымы дайын белгілі бір алқапта болуы керек. Кезектегі адамдарға қаланың әр шетінен емес, тек бір алқаптан берілуі тиіс. Қалада ондай дайын алқаптар жоқ. 2006 жылдан бері мұндай алқаптар дайындалмады.
– Қандай жер кімдерге берілуі мүмкін?
– Инвестиция жобаларына беріледі және аукционда сатылуы мүмкін. 2024 жылы аукцион арқылы 13 телім сатылды, содан бюджетке 106 млн теңге түсті.
– Халықтың шағымы көбіне қандай мәселелерге байланысты туындайды?
– Келген хаттарды талдағанда байқағанымыз – олар көбіне тұрғын үй құрылысына қатысты болады, «неге екі үй арасы жақын, неге мектеп жоқ?» деген шағымдар өте көп келеді. Астанада Түркістан, Ақмешіт көшелерінде 2000 жылдары салынған ең алғашқы үйлер орналасқан, қазір сол маңайларда мектептер жетпей жатыр, себебі оны салуға орын жоқ. Бұл көшелердегі мектептер бұрынғы есептеу бойынша салынған. Тұрғындардың бәрі бірдей балаларын өз үйінің қасындағы мектепке апармайды. Сондықтан қалада жалпы мектептерді көбейте отырып жүктемесі ауыр мектептер мәселесін, сол мектепке басқа жақтан қатынайтын балаларды өз мектебіне ауыстыру арқылы шешуге тырысамыз. 2024-2025 оқу жылы басталғалы 24 оқу орнының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Оның 16-сы – «Жайлы мектеп». Одан бөлек, жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашылады деп жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында әлі де 24 мектеп салынбақ. Оқу орындарын салуға құрылыс компанияларының жеке қаражаты тартылады. Бұл қала бюджетін үнемдеп, оны басқа жерде мектептер салуға жұмсауына септік етеді. 2019-2024 жылдар аралығында әлеуметтік нысандарға бөлінген телімдер саны екі есе артып, олардың ауданы 2,7 есе өсті. 2019 жылы тек 32 нысан салынса, 2024 жылы 62 жаңа нысан қарастырылды. Сонымен қатар олардың ауданы да өзгерді, 2019 жылы ол 77 гектар жерде орналасса, 2024 жылы 206 гектарға салынды. Осы ретте көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне берілген жер телімінің ауданы мен саны айтарлықтай азайды. Бұл әлеуметтік нысандар жетіспеушілігін азайтуға септік етті.
Сұхбаттасқан
Райхан РАХМЕТОВА