ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Елорданың хайуанаттар бағы қандай болады?

зоопарк1

Елорданың кішкентай бүлдіршіндері үшін қалада барлық жағдайлар жасалып келеді. Оларға арналған түрлі демалыс орындары, ойын-сауық орталықтары, шығармашылық қабілетін дамытатын үйірмелер  жетерлік. Тек жетпей тұрғаны – хайуанаттар бағы. Бұйыртса, ол күн де алыс емес. Себебі, көптен күткен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Сонымен, астаналық зоопарк қандай болады?

Сәулет жобасы бойынша хайуанаттар бағының төбесі жабық және өзара жаяу өткелдермен байланысатын үш үлкен жарты сфераның астына орналасады. Бір бөлігі сафари-парктерге арналатын бақ табиғи экожүйенің жасанды көрінісі болмақ.

Жалпы, хайуанаттар бағының қоршаған ортаны қорғауда үлесі зор. Ресурс жинақтау орталығы ретінде қызмет ететін парк эко-турдың заманауи туристік үдерісіне сәйкес дамитын болады.

Баршаға белгілі, «эко-тур» табиғи экожүйенің барынша сақталуын қамтамасыз етеді.  Сондықтан, болашақта хайуанаттар бағы мен ботаникалық бақ Астанадағы туризм индустриясының алдыңғы қатарлы нысандарына айналары сөзсіз.

Сонымен, хайуанаттар бағындағы сфералар туралы айтсақ. Әр жарты сфераның өз идеясы мен атауы бар. Мысалы: «Солтүстік Америка», «Оңтүстік Америка» және «Африка». Әр сфераның өзіне тән ерекшелігіне сәйкес, оларға жануарлар мен өсімдіктер жайғастырылады.  Айналаның бәрін табиғи жағдайға барынша ұқсас түрлі ландшафтқа айналдыру көзделген. Ал, ондағы жануарлар мен құстарға арнап қоршаулар орнатылады. Жануарлар демекші, әр сферада сол елден  әкелінген аң-құстар мен жануарлар болады. Яғни, Америка, Африка сияқты елдерден жануарлардың 49 түрі жеткізілмек. Хайуанаттар бағында бұдан бөлек, кішкентай өзен-көлдер, тоғандар, сарқырамалар, оранжерея, кіреберіс кешендер, әкімшілік ғимараттар,  шаруашылық және қызметтік жайлар салынады.

Бүгінде жобаның авторы ­– «ППК» Жоба-құрылыс компаниясы» ЖШС. Бақтың жалпы ауданы 50 гектарға созылады. Жобаның құрылысы қаланың сол жағалауында, яғни, ипподром маңында жүргізіледі.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button