Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорданың келбеті қалай өзгереді?

Астана бас қала деуге лайық болсын...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы шілде айында елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Астананы дамыту жөнінде Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, қала басшылығына нақты тапсырмалар бергенін газетте жазғанбыз. Сол тапсырмаларды орындау мақсатында жақында Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліс депутаттарына таныстырды.

Алдағы уақытта елордада тротуарлар мен жолдардағы жарнамаға тыйым салынады. Бас қала сәулетінің бірыңғай келбетін қалыптас­тыру үшін бірыңғай дизайн-код енгізіліп, салынатын нысандар мен үйлердің ортақ стилі бекітіледі. Көші-қон үдерісін тиімді жолмен реттеу мақсатында «резеңке пәтерлер» мәселесін оң шешу үшін Астана аумағында азаматтарды белгіленген нормативтен артық көлемде тіркеуге тыйым енгізіледі. Әрбір астаналық тұрғынның өмір сүру сапасы жақсаруы үшін қала инфрақұрылымы мен қоғамдық көлік ерекше қажеттілігі бар адамдарға да қолжетімді болуы керек.

Ұлттық экономика министрі­нің орынбасары Бауыржан Омар­беков ­Үкі­мет әзірлеген заң жобасы астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы мәселелерді шешуге бағыттал­ғанын мәлімдеді. Соның ішінде жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқалар бар. Заң жобасы арқылы Жер кодексіне және оған қатысты алты заңға өзгерістер енгізіледі.

Қандай жарнамаға тыйым салынады?

Бұл түзетулер Астананың келбетіне ықпал ететіні сөзсіз. Мәжілісте баяндама жасаған Бауыржан Омарбеков қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы жарнама арқылы ғана емес, сонымен қатар маңдайшаларға жарнаманы ретсіз орналастыру арқылы бұзылғанын тілге тиек етті. Сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер ететінін мысалға келтірді.

«Қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Мұндай іс-әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген. Сол себептен осы мәселені шешу үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес нысандарды орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту жөніндегі нормамен кеңейту; «Астана мәртебесі туралы» заңға елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау; «Жарнама туралы» заңға ғимараттардың/тұрғын үйдің меншік иесіне заң бұзушылықтармен орнатылған жарнама нысандарына демонтаж жөніндегі талаптарды қолдану; ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу; тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу ұсынылады. Бұл нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізу мәселесі қарастырылуда» деді Ұлттық экономика ми­нистрінің орынбасары.

Бір пәтерге 800 адамды тіркеген

Астанада «резеңке пәтерлер» мәселесі көп жыл бойы оң шешімін таппай келеді. Өйт­кені ауылдардан ірі қалаларға көшу үдерісі қарқын алған сайын пәтерлерде тұрғындарды шектеусіз тіркеу арқылы жеңіл жолмен табыс табатындар саны азаймайтыны анық.

«Тәжірибе көрсеткендей, көбінесе тұрғын үй иелерінің өздері көші-қон заңнамасын бұзуға жол береді, үйінде тұрмайтын азаматтарды белгілі бір төлем үшін тіркейді. Мысалы, Астана қаласындағы пәтерлердің бірінде 800-ден астам адам тіркелген. Осы мәселені шешу мақсатында «Астана мәртебесі туралы» заңына тұрғылықты жері және елорда аумағында уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту жөніндегі мәслихаттын құзыретін кеңейту; «Халықтың көші-қоны туралы» заңына Астана аумағында белгіленген нормативтерден артық тіркеуге тыйым салу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылады. Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесі жұбайын және жақын туыстарын тіркеген кезде қолданылмайды. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу шеңберінде тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне айыппұлдарды 2 есеге ұлғайту ұсынылады» деп түсіндірді заң жобасындағы өзгерістерді Б.Омарбеков.

Қолжетімді орта қалай қалыптасады?

Құзырлы министрлік өкілі, өкінішке қарай, қалалық инфра­құрылым және қоғамдық көлік нысандарының бір бөлігі ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімделмегеніне тоқталды.

«Тұрғын үй секторында, яғни аулаларда көлік құралдарының жылдам қозғалысы проблемасы бар. Осы мәселелерді рет-ретімен шешу үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына рес­публикалық маңызы бар қала және Астана қаласы мәслихатының құзыретіне қалада қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын бекіту бөлігінде; әкімдік құзыретіне тұрғын үй секторында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді орнату қағидаларын бекіту ұсынылады» деді ол.

Талап күшейеді

Заң жобасында үлескерлер­дің құқығын қорғауға қатысты бірқатар жаңалық бар. Бауыр­жан Омарбеков қазіргі кезде көппәтерлі тұрғын үй салуға рұқсат алғанға дейін үлескерлердің ақшасын тарту үшін жарнаманы жүзеге асыруға тосқауыл болмағанын пайдаланып, баспана салушылар жарнамалауды жүргізетінін мысал ретінде келтірді. Осы мәселені шешу үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң шеңберінде құрылыс салушыларға тиісті рұқсат алғаннан кейін көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жарнамалауға мүмкіндік беру ұсынылады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу шеңберінде үй салушы компанияға үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту көзделген. Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамада бір тарап көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін осы пәтерді екінші тарапқа беруге міндетті, яғни екі ғана тарап бар. Алайда іс жүзінде үй салушылар нысанның құрылысын бір компаниямен жүзеге асырады және азаматтарға басқа компаниямен сатады. Осылайша, үшінші тарапты қосу арқылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңмен реттелетін талаптардан қашу ықтималы бар. Сондықтан заң жобасында осы олқылықты болдырмайтын норма көзделген. Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады» деп түсіндірді құзырлы ведомство басшысы.

Бас қаланың жасыл белдеуі

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев өткен жылы елорданы дамыту мәселелеріне арналған жиында Астананы да жасыл желек жамылған қалаға айналдыру туралы тапсырма берді.

«Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа вокзалға дейін созылып жатқан елорданың стратегиялық осі үлкен әрі жайлы, жасыл желекті саябаққа айналуға тиіс. Оның маңайындағы көшелер мен аулалардың бәрін тиісті деңгейде абаттандыру керек. Жалпы «Жағалау» шағын ауданы мен Тұран даңғылының батыс жағындағы құрылыс алаңы секілді елорданың жаңа аудандары мүлдем абаттандырылмаған. Көшелер жарықтандырылмаған, жаяу жүргіншілер жолы жоқтың қасы, қоғамдық орындар қарастырылмаған. Ал саябақтар мен шағын бақтар туралы айтпай-ақ қояйық. Ондай атымен жоқ» деп Президент бірқатар түйткілді мәселеге назар аударды.

Дайындалған заң жобасы аясында Астана қаласының жасыл белдеуі ерекше күтімді талап ететіні айтылған. Бұл бағыттағы түзетулерді Бауыржан Омарбеков былайша түсіндіріп берді: қазіргі уақытта жасыл белдеу жерлерінің қысқаруына немесе бүлінуіне жол бермеу қажет. Осыған байланысты «Астана мәртебесі туралы» заң шеңберінде қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын басқару қағидаларын бекіту және оны күтіп-ұстайтын заңды тұлғаны айқындау; жасыл аймақтың шекараларын өзгертуді жергілікті атқарушы органның ұсынуы бойынша Үкіметтің жүзеге асыруы; жасыл аймақта ландшафттардың табиғи көрінісіне теріс әсер ететін қызметке тыйым салу ұсынылады.

Айыппұл тұрағының жұмысы реттеледі

Заң жобасында шешімі айтылған түйткілді мәселенің бірі – айыппұл тұрағының қызметін реттеу.

«Қазіргі кезде тәркіленген көлік құралдары әкімдіктің шешімі бойынша құрылатын арнайы айыппұл тұрағында сақталады. Алайда оның жұмыс тәртібі реттелмеген. Осыған орай, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң шеңберінде облыс, республикалық маңызы бар қала және Астана мәслихаттарының құзыретіне айыппұл тұрақтарының жұмыс тәртібі мәселелерін реттеу бойынша қағидаларды бекіту ұсынылады. Сондай-ақ «литерлік» нысандарды тазалау үшін қызметкерлерге қойылатын қауіпсіздіктің жоғары талап­тарын ескере отырып, «Астана мәртебесі туралы» заңына арнайы автокөлік жолдары мен көшелерді тазалау бойынша заңды тұлғаны айқындау ұсынылады» деді ол.

Құзырлы министрлік өкілінің айтуынша, заң жобасы бойынша консультативтік құжатты әзірлеу кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап ететін 15 норма болды. Алайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер тек қана сол кодекс шеңберінде қаралуға тиіс болғандықтан, кейбір түзетулер басқа заң жобалары шеңберінде қарастырылады, бұл: белгіленбеген орындарда көлік құралдарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды шығарғаны үшін айыппұлдарды ұлғайту; жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін ескертуді алып тастау; техникалық тексеру станцияларын рұқсат беру тәртібіне ауыстыру және заң бұзушылық жасағаны үшін сот шешімі негізінде тиісті тізімнен шығарылған жағдайда 3 жыл ішінде қызметті жүзеге асыруға тыйым салу.

Сөзін қорытындылаған ­Бауыр­жан Омарбеков жоғарыдағы түзетулерді қабылдау Астананың инфрақұрылымын дамытуға, қалалық орта нысандарының қолжетімділігін арттыруға, халықтың барлық тобы үшін қауіпсіз және жайлы тұруға ықпал ететінін атап өтті. Таныстырылған заң жобасын талқылау барысында депутаттар құжатты жетілдіруге қатысты өз ұсынысын айтты. Олар алдағы уақытта жұмыс тобының отырыстарында қаралады. Жұмыс тобына Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы жетекшілік етеді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button