Мәслихат

Елорданың мәселелерін бірлесіп шешеді

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағаларымен кездесіп, VIII шақырылымның екінші сессиясында атқарылған жұмыстар мен ҚР Парламенті Сенатының заңнамалық жұмысының нәтижелері туралы ақпаратпен бөлісті. Бұл туралы халық қалаулысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

«Өткен сессияда заң шығарушы органның жұмысы белсенді, нәтижелі болып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігін көрсетті. Сессия барысында өз тарапымнан елорда өмірі мен халқына қатысты ҚР Үкіметіне 12 депутаттық сауал жолданып, оның бірқатары оң шешімін тапты. Парламент қабырғасында қабылданған 102 заңның қаралуына қатысып, 15 заңды жүргіздім. Мемлекет басшысының заңдылық пен тәртіптің үстемдігі қағидасы өткен заңнамалық маусымда негізгі бағдар болды. Аталмыш бағдар аясында қоғамның сапалы заңдарды қабылдауға деген сұранысын артып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Сенат жергілікті мәслихаттармен бірлесе бұл бағытта жұмысты да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Астана қаласының мәслихатының кәсібилігі мен белсенділігі де қуантады. Парламент Сенаты  жергілікті мәслихаттармен бірлесе елімізде орын алып отырған өзекті мәселелердің заңнамалық шешімдерін қоғамдық талқылау арқылы әзірлеуге ерекше көңіл бөледі» деп жазды сенатор Б. Жексенбай.

Депутат осы сессияда Сенаттың 43 жалпы отырысы өткенін мәлім етті. Ал қос палатаның жұмысында 179 заң жобасы қаралып, оның 102-сі мақұлданған. «Негізгі заңдарға тоқталсақ, жылу-энергетика туралы, мемлекеттік сатып алулар туралы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы, адам саудасына қарсы күрес туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңдар болды. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, ойынға тәуелділікпен күресу және тағы басқалары. Ұлттық Құрылтайдағы Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударылып, бірқатар заңдар қабылданды» деді Бибігүл Жексенбай.

Оның айтуынеша, Парламент қоржынында келер сессия еншісіне қалған 71 заң жобасы бар. Ол тек Парламент пен Үкіметтің ғана емес, жергілікті мәслихаттар мен сарапшылар қауымдастығының да бірлесе, үйлесімді және тиянақты жұмысын қажет етеді.

Сенатор Бибігүл Жексенбай кездесу барысында  Астана  өміріндегі республикалық деңгейде шешуді талап ететін негізгі проблемалық мәселелерді талқылап,  оларды шешу үшін бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығына тоқталды. Мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов Қазақстанда кәмелетке толмағандарды әлеуметтік желілерде тіркеу бойынша шектеулер жоқтығына назар аударды. Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Азамат Айтхожин кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін онлайн-сатуды реттейтін заңнамалық нормалардың болмауы проблемасын көтерді. Мәслихат депутаты Кендебай Адамбек орталық деңгейде Индустриялық парк пен ішкі туризмнің дамуына назар аударуды сұрады. Сондай-ақ, кездесу барысында жедел медициналық көмектің өзекті мәселелері көтеріліп, жедел жәрдем шақыруларда жұмыс істейтін автокөлік, станциялардың жетімпеушілігі және медициналық көмек көрсетудің төмен тарифтері де көтерілді. Кездесу қорытындысы бойынша қаладағы бірқатар нысандарды аралап, ұжымдармен кездесу жоспарланды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button