ЖаңалықтарТаным

Елорданың жер қабаты қандай?

Астана қызғылт топырақты, сортаң аумақта орналасқан. Мұндағы жер бедерінің литосферасы қоршаған орта заңдылығына байланысты қаттылау келеді. Ғалымдардың дәйектері бойынша, жер литосферасы климаты жылы аймақтарда жұмсақтау болса, салқын жақтарда керісінше қатқылдау болады екен.

028

Біле білсек, Астана – өзіндік ерекшелігі бар аймақ, бұл жақта үнемі жел соғып тұрады. Ал жел көбінесе топырақ қабатын жиі алмастырып, құрамындағы қарашірінділерді азайтып жібе­реді екен. Сол себепті топырақ сазданып, су тигенде беті қатайып кетеді. Бұл өз кезегінде жаңбыр суын тез сіңіруіне кедергі келтіреді.
Жалпы, Ақмола өңірінің табиғаты құрғақшылыққа бейім, көктемнің соңғы айы мен күздің алғашқы айларында-ақ ауа райы­ның кенеттен тез суитыны жер қабатына да айтарлықтай әсері бар. Қысқа жаздың өзінде жаңбыр аз болса, көктемнің аяғы мен жаздың басында-ақ жердің беткі қабаты қатты құрғап кетеді.

026
– Бұл жақта жаңбыр жиі жау­ғанның өзінде үнемі соғып тұратын желдің әсерінен топы­рақ қабаты тез құрғайды. Ауа райы тез құбылмалы аймақ. Астана аумағының өзі үш түрлі топырақ қабатының үстінде орналасқан. Мәселен, Есіл өзені­нің аумағы топырағының беткі қабаты қара қоңыр түсті, яғни шірінді органикалық заттардан құралған. Оның қалың­дығы да біршама жоғары. Қала­ның аумағынан әрі шығып, әуежай жаққа жүргенде, бұл аймақта қара қоңыр түсті қабат жұқара түседі. Қызғылт қоңыр топырақ қабаты керісінше қалыңдайды. Ал оң жағалауда қара қоңыр топырақ қабаты орташа деңгейде. Осы өзгерістерге байланысты жерасты сулары да әртүрлі деңгейде кездеседі. Айталық, Есіл өзеніне жақын тұстарда жерасты сулары 5-6 метр жерден кездессе, қырлыққа қарай, соның ішінде әуежай жағынан 12-15 метр жерден шығады. Жалпы өңір сортаң, топырағы тұзды келетіндіктен, жерасты сулары да ащы болады, – деп түсіндіреді «Жер кадастры ғылыми-зерттеу орта­лығы» Астана қаласы бойынша департаментінің топырақ­танушы-инженері Григорий Звягин.

027
Түрлі өсімдіктердің шығымы жақсы жерде тығыздығы күш­ті болады да, топырақтың құнар­сыздануы баяу жүреді. Желдің күші қанша қуатты болғанымен, жердің бетін жап­қан өсімдіктер топырақ түйіршіктерінің ұшып кетуіне жол бермейді, сол себептен құрамы берік сақталады екен. Ал өсімдіктері аз, сиректеу жерлер желдің күшінен-ақ топырақ тез тозып, эрозияға ұшырайды.
– Сортаң, сор жерлердің беткі қаба­тында қарашірінді де қалыңдау болады ғой. Сол себептен ондай аумақтардың жердің беткі қабаты эрозияға ұшырай қоймайды. Жел қанша күшті болғанымен, топырақ қабатын алмастыруға шамасы жетпейді. Есіл өзенінен алыстау құрлыққа қарай жердің беткі қабатындағы өсімдіктер де сұйыла түседі. Ондай жерлерде топырақтың құрамы өзгеруіне желдің күші де айтарлықтай әсерін тигізеді. Бір жазғы маусымның өзінде топырақты эрозияға ұшырататын жағдайлар орын алып тұрады. Қазір Астана аумағында орманды алқаптар көбейді. Бұл өз кезегінде топы­рақтың беткі қабатындағы құ­нар­дың сақталуына септігін тигізіп тұр. Соның нәтижесінде Астана аумағындағы топырақ құрамы жақсарып келе жатыр десе де болады. Алайда, желдің күшінен тез құрғайтыны сол бұрынғыша сақталған. Астана қанша жаңбырлы болса да, мұнда топырақ қабаты тез құрғайды. Бұл – аймақтың өзіндік ерекшелігі, – дейді Григорий Звягин.

029
Желдің қуатынан топы­рақ­тағы ор­­­­га­­­­­­ни­калық заттардың кемуі орын алатындықтан, қол­дан көгалдандыру, орман шаруашылығын өрістетудің маңызы зор дейді мамандар. Осы тұрғыдан кел­­генде, Астанада ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны сөзсіз. Сондықтан, болашақта елорда аумағындағы топы­рақтың құрамы бұрынғысынан да жақсара берері кәміл.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button