Басты ақпаратРуханият

ЕЛТАҢБА – ЕЛДІҢ АРҚАУЫ

герб

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында  Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлымен жүздесудің сәті түсті. Әйгілі сәулетшімен арадағы әңгіме  елдік символымыздың пайда болуы  төңірегінде өрбіді.

2bc74da15f49b522cfd7c60d469a8087

– Мен Алланың бұйырумен, Елбасының қолдауымен ел тарихындағы ең маңызды шара – мемлекеттік рәмізді даярлауға қатыстым. Ресми айтқанда, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік Елтаңбасының авторымын. Мемлекеттік белгі немесе таңба – елдің арманы, ойы, философиясы, тұжырымдамасы, қағидаты. Сондықтан Елтаң­баның бірден-бір авторымын дей алмаймын. Оның иесі де, киесі де – халық. Оның демеушісі де, дем берушісі де – халық. Мен – сол халықтың бір баласымын. Ел мүддесін айқындайтын бейнелерді санамда жаңғыртқан Жаратқанға мың алғыс! – деп ағытты әңгіме тиегін Жандарбек Мәлібекұлы.
Мемлекеттік рәмізді даярлау өте мәртебелі әрі жауап­кер­шілікті жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Бұл орайда сындарлы сәулетші елтаңба ұғымын танымдық сипатта баяндап өтті.
– Әрине, ерекше құрметім – жауапты сәтте сан жүздеген нобай мен жобаның ішінде ең­бегімді бағалаған және оған өмір­лік қана емес, ғаламдық жолдама берген көреген Елбасыға! Мемлекет басшысының артында қалың халық тұрғаны белгілі.
Біле білсек, Елтаңба – дүниеге өзін таныту мен әйгілеуді мақ­сат еткен мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Халықаралық терминологияда ол немістің «херб» (оқылуы «erbe») деген сөзінен шыққан, мағынасы – «мұра» дегенді білдіреді. Мемлекеттің тарихын, дәстүрін, мәдениетін, ұстанымын бейне­лейтін Елтаңба үйлесімді пішін­­дерден, идеялық нобайлардан, заттық детальдардан тұрады. Қазақтың этногенездік қалып­тасуы мен дамуында графи­калық «таңба» ұғымы әлім­сақтан бар. Ең жиі айтылатын тіркес – «тайға таңба бас­қан­дай» немесе «таңбалы тас». Кезінде мемлекеттік дең­гейге көтеріліп, кейін қазақ ұлты­ның уығын шаншыған тай­палық бір­лестіктердің бәрінің де өзіндік таңбасы болған. Соларды жи­нақтай келгенде, ұққаным – бәрі де елдікке, бірлікке, тұтас­­тыққа қызмет етеді екен. Мұның сыртында сол таңбаны толық­тыратын қаншама бейне, сөз, ұғым, түсінік бар.
Тәуелсіздікті, елдікті, бірлікті аңсау – Қорқыттың қобыз сарынынан, Асан қайғының Жер­ұйықты іздеген арманынан, Құр­манғазының буырқанған күйі­нен, ұлт қаһармандары тұлпар­ларының тұяқ дүбірінен сезіліп тұрады. Түздің ақ маралдары, қыран құстары, жайқалған жасыл орманы, таулары, сулары, Алтай­дан Атырауға дейін керіле созылған кең алқап өз бостан­дығын, азаттығын ұзақ күтті.
Зерделі сәулетші Елтаңбаны даярлау барысында қандай ұстанымдарды арқау еткенін жілік­теп жеткізіп берді.
– Қазақстан мемлекеттік Елтаңбасының арқауы – талай ұрпаққа кие қара шаңырақ, яки отау үй, ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосыл­ғанда жол көрсеткен, темір­қазық жұлдыз. Қазақы үй – әлемде тең­десі жоқ бір дүние. Ол – Ұлы Даланың рәмізіне айналған сәу­­лет туындысы. Дәстүрлі қазақ үйінің әр бөлігі ұлт дүние­таны­мын құрап отыр. Ал, қара шаңырақ, алтын шаңырақ – әлемдік құндылық пен үйлесімге қосқан қазақтың үлесі. Елтаңба идеясының алтын тұғыры – осы. Бұл – бір.
Әрі қарай әз топырақ пен төл тарихқа табан тіреген терең де мағыналы символикалар айқындала түседі.
Екінші – тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтау, қорғау, дамыту бар. Тарихи-мәдени бастау­ларымыздың тереңде екенін аңғартып, ел қорғайтын азамат­тарға рух беру үшін тарихымыздың алтын дәуірін айғақ­тайтын «Алтын адамға» жүгінуге тура келді. Оның бей­несін де асқақ етіп тұрған – «жыл­қы киігі» тұлпар.
Үшінші – жеті қат көк, жеті қат жер – таным мен білім аясы; жеті ата, жеті негіз, жеті жас – тек пен тарих бағдары. Осыны ескеріп, мифтік тұлпар мүйізіне жеті сақина белгісі салынды. Ол – өсу, өну, көбею мәнін меңзейді. Мүйіз – қасиетті ұғым. Аталар аманаты етіп қазақ халқының бірлікке, ынтымаққа бас иген заманы үлкен буындармен көрсетілді.
Төртінші – Қазақстан көп­теген этникалық ұлт пен жұрт өкілдерінің мекеніне, отанына айналды. Қаһарлы ғасырдан, қанқасап биліктен баз кешкендер Қазақстанды паналады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл құрылым тату­лықтың, төзімділіктің, еркін­діктің мектебіне, алаңына айналды. Бір ел, бір халық, бір мақсат тұжырымдамасы қалыптасты. Елтаңбада бұл шаңырақты кө­теріп тұрған 72 уық арқылы ге­раль­дикалық негізде көрсетілді.
Бесінші – шаңырақтан тараған азаттық нұры бес бұрышты жұл­дыз арқылы Елтаңба композициясын жинақтайды. Тарихта «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген бар. «Абылай арманы», «Хан жолы» деген ұғымдар да ұшырасады. Бүгінде Елбасы негіздеген «Мәңгілік ел» мұраты да ай­шықты. Мұның бәрі біз үшін – адастырмас темірқазық. Жұлдыз бейнесі осыны аңғартады.
Жандарбек Мәлібекұлы ел­дігі­міздің айрықша белгісіне айналған Елтаңбамыздың соңғы өзгерістері жөнінде де айтып берді.
– Мемлекет басшымыз елдік рәміз талқыға түсетін Парла­менттің ХІІ сессиясында Қазақ­стан жолын да, жұлды­зын да, бейнесін де халық қалаулыларына керемет түсіндіргені есімізде. Бұл – 1992 жылдың 4 маусымы еді. Қазір бұл күн, бұл сәт – тарихи оқиға және айрықша мерекеге айналып отыр.
Уақыт алға жылжыған сайын, техника мен технология дамыған сайын елдік рәміздердің нақтылығы, жауапкершілігі артады. Мысалы, біз әу баста Елтаң­баның эталондық үлгісін қоладан Алматы поршень зауытында құйып едік. 1997 жылы осы эталондық үлгі мемлекет штандарттарымен бірге Алматыдан Астанаға салтанатты түрде көшірілді.
2007 жылы ЖШС «Мекен»
ком­паниясы көмегімен компьютерлік әдіспен рәміз­дердің қазіргі стандарттық жүйесін жасауды қолға алдық. Бұл жұмыс 7 жылға дейін созылды. 2014 жылы Мемлекеттік Елтаңбаның жаңа стандарттық үлгісін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министірлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті СТ РК 989-2014 белгісімен бекітті. Ол 2016 жылы 1 қаңтардан бас­тап өндіріске жіберілді.
Мемлекеттік Елтаңба Қазақ­стан Республикасы Консти­туциясының заңна­малары ар­қылы бекітілген. Стандартта Елтаңба элементтеріне қазақша атау берілген. Мағынасы сипат­талған. Өлшемдері электронды жүйеде жасалып, орындалу тәсілі қазіргі заманғы стандартқа сай жүзеге асырылған.
Елтаңбада екі түс бар: бірі – мемлекеттік тудың түсімен сәйкестенетін көк түс, екіншісі – компьютерлік графика арқылы жасалған алтын түс. Осылайша Мемлекеттік Елтаңбаның эталондық стандарт нұсқасы мазмұндық сипаттамасымен және графикалық өлшемдерімен нақтыланды. Бұл – отандық рәміз тану мен рәмізді танытудағы айрықша белес. Елдік арқау ерен Елтаңбамызбен ерекшелене беретініне сенімдімін, – деп түйіндеді мереке қарсаңындағы әңгімесін сәулетші профессор Жандарбек Мәлібекұлы.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button