Ем алуға барша мүмкіндік жасалған
Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі емхана жағалап, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Астана қаласында мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарға ақысыз қызмет көрсететін емхананың бірі – №5 қалалық емхана. Емхана 57113 адамға қызмет етеді. Елорданың Ақан сері көшесі бойында орналасқан емханада емделушілердің келіп тексеріліп, ем алуына барлық жағдай жасалған. Емхананың бас дәрігері – Алтыншаш Табулдина.
Емханада үш отбасылық денсаулық орталығы, акушерлік-гинекологиялық, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек, зертханалық бөлімшелер, күндізгі стационар ақылы қызметтер бөлімі, мамандандырылған соматикалық профиль, мамандандырылған хирургиялық профиль бөлімдері, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бөлімшесі мен функционалдық диагностика, оңалту және қалпына келтіру бөлімшелері жұмыс істейді.
Медициналық мекемеде білікті 157 дәрігер мен 242 орташа медициналық қызметкер және 32 кіші медициналық, тағы басқа 62 маман, барлығы 493 адам тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.
– Мұнда алқаптық, жалпы тәжірибелік, сондай-ақ салалық дәрігерлер еңбек етеді. Атап айтсақ, емханамызда хирург, эндокринолог, травматолог, невропатолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрғындарға стационарды алмастыратын көмек те көрсетіледі. Яғни науқастар ауруханаға жатпай, күндіз емханада емін алып, кешқұрым үйіне барып демалады, – дейді бас дәрігер.
Оның айтуынша, емхананы жақсы күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін пациентке бағдарланған емхана құру үшін барлық жағдайлар жасалған. Онда пациенттерге барлық жағынан медициналық көмек көрсетіліп, жағдай жасалады.
– Жұмысты ұйымдастыру кезінде біз пациентке бағдарланудың негізгі принциптерін сақтауға тырыстық, тез, ыңғайлы, қажетті қызметті жасауға тырысамыз. Емханаға барған науқастарға қызмет көрсету сапасы жоғары болуына аса мән береміз. Дәрігер мен науқас арасындағы өзара түсіністік, сауығуға ниетті қарым-қатынас үнемі жемісті нәтижесін беруде, – дейді Алтыншаш Жұмашқызы бізбен әңгімесі кезінде.
Ерекше медициналық мекеме
Емханада медициналық көмекті ұйымдастырудың негізгі қағидаттарын жақсарту үшін емхана кабинеттерінің орналасуы, логистика, бағыты жағынан барлық жағдайлар жасалған. Пациенттер мен емханаға келушілерді қарсы алып, бағыт-бағдар беріп, қолдайтын мекеменің ішкі сараптама қызметінің қызметкерлері. «Дәрігер – пациентке» деген ұтымды қағидатты күнделікті жұмысы кезінде пайдаланатын жақсы дәрігердің, жақсы медициналық қызметкердің белгілері бойынша науқасқа бағдарланған тез, әрі сапалы жұмысы, медициналық көмекті мүмкіндігінше тез және тиімді көрсетуі әрқашан да нәтижелі болары сөзсіз. Ол ем алушының уақытын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы емханада диспансерлік есепте тұрған мүгедек бала, ересек адамдар барлығы – 11065, ересектер – 9869, балалар – 1196.
Емхананың бірінші қабатында арнайы кабинеттер амбулаториялық кезеңде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті медициналық жабдықтары, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырылған. Екінші ғимаратта жүріп-тұру қиындықтары бар пациенттерді – қарттар мен мүгедектерді қарау үшін жеке кабинеттер ашылған. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлер ғана емес, бейінді мамандар да тексере алады. Осындағы қалпына келтіру және оңалту бөлімшесінде жарақаттан немесе аурудан кейін тірек-қозғалысы қиындаған пациенттер, мүгедектер және тағы басқа адамдар медициналық көмек алады. Қозғалу қиындықтары бар адамдар үшін емханада кресло-арбалар, жаяу жүргіншілер, жолаушылар лифті бар. Пациенттердің осы санатын сүйемелдеу үшін пациенттерді қолдау қызметінің қызметкерлері арнайы әлеуметтік қызметкерлерді шақыра алады.
Қазіргі кезде амбулаториялық-емханалық байланыс жүйесіндегі жұмыс кезектерді едәуір қысқартуға, тест тапсыруды жеделдетуге, учаскелік дәрігерге жазылуды жеңілдетіп, көптеген пациенттерге қызмет көрсетуге мүмкіндік беретіндей етіп құрылған. Бұл пациенттер мен медициналық қызметкерлердің уақытын үнемдеп, емханада мейірімділік атмосферасының салтанат құруына мүмкіндік береді. Осы мақсатта учаскелік дәрігерлер пациенттер үшін қолжетімді 6 сағаттық қабылдауын ұйымдастырады. Телефон қоңырауларына 4 санаттағы жеке мобильді бригадалар қызмет көрсетеді. Мобильдік бригаданың дәрігерлері Алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерімен тығыз жұмыс істейді, оларды шақырулар бойынша пациенттердің денсаулық жағдайы туралы хабардар етеді.
Медициналық мекемеде уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатындағы осы қағидаттарды басшылыққа алған емхана жоғары медициналық білімі бар медбикелердің жекелеген қабылдауларын өткізіп жүр.
Егде жастағы пациенттерге ыңғайлы болу үшін геронтолог кабинеті «Б» корпусының бірінші қабатында орналасқан. Геронтолог кабинетінде дәрігердің жұмысына арналған компьютер, жұмсақ жиhаз, бой өлшегіш, таразы, сондай-ақ қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар – фонендоскоп, тонометр мен термометр, импульстік оксиметр сияқты қажетті жабдықтармен жабдықталған.
Емханада жүрек-қан-тамыр жүйесі және онкология аурулары бойынша тәуекел тобы ретінде 60 жастан асқан адамдарға жыл сайын мониторинг жүргізеді. Науқасы анықталған жағдайлар жалпы емханалық жиында талдау жүргізіледі – емдеуші дәрігер мен медбике емдеу-диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін баяндаған соң соған орай пациенттерді басқарудың одан әрі тактикасы, іс-шаралар жоспары белгіленеді.
Сонымен қатар, геронтолог қызмет көрсететін жауаптылар осы топ аясындағы егде жастағы адамдардың медициналық-әлеуметтік жағдайын анықтап, олардың жас құрылымын, денсаулық жағдайын, әлеуметтік және психологиялық мәртебесін ескере отырып, олардың қозғалу және өзіне-өзі қозғалтуын жоғалтуы себепті жалпы мәртебесін, айқындап когнитивтік тапшылық дәрежесін және мазасыздық-депрессиялық синдромды бағалау, тағамның қолжетімділігін және тамақтану мәртебесінің жай-күйін бағалау, қозғалыс функциясы мен бұлшық ет күшінің күйін, жүрісін, өмір сапасын анықтап, соған орай медициналық қызмет көрсетеді.
Цифрландыру – сапалы жұмыс кепілі
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру электронды денсаулық сақтауды дамытуды және қағазсыз жұмыс процесіне көшуді талап етеді. Пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту және түбегейлі цифрлық медицинаға көшу үшін емханаға 2024 жылдың қазан айынан бастап «әлеуметтік әмиян» қосымшасы арқылы дәрілік заттармен қамтамасыз ету қызметі енгізілді. Дәрігер рецепт шығарғаннан кейін ол автоматты түрде әлеуметтік әмиянда пайда болады. Науқас дәріханаға келіп, рецептті басып, дәріханаға QR кодын ұсынады, ол оны сканерлейді және дәрі береді. Дәрі-дәрмекті алғаннан кейін пациентке бағалау функциясы, сондай-ақ қызметке түсініктеме беру және файлдарды тіркеу мүмкіндігі қолжетімді. Егер қызметке бағалау төмен болса, ресми шағымды Уәкілетті органға тікелей қосымшадан жіберуге әбден болады. Жауап ретінде e-Otinish жүйесіндегі өтініштің тіркеу нөмірі келеді. Әлеуметтік әмиянның негізгі мүмкіндігі – олардың тиімділігі мен халықтың кері байланысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын саралау. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер ететін және отбасыларға қиын жағдайлардан шығуға көмектесетін шаралар жиынтығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе халық теріс қабылдайтын және күтілетін нәтиже бермейтін бағдарламаларды анықтауына мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласының емханаларында пациенттерді сәйкестендіру бойынша цифрлық тетіктерді пилоттық режимде енгізді. Face ID пациенттерін сәйкестендіру тетіктері Медициналық қызметке тіркелу мүмкіндігін төмендетуге мүмкіндік береді.
– Мен балалар көз дәрігері Мариям Қайыргелдиноваға үлкен алғысымды білдіргім келеді, дәрігер өте сауатты, баланы мұқият тексереді. Көптеген жылдан бері қаралып келеміз, өз ісінің маманы, керемет дәрігер, – дейді қала тұрғыны Аружан Галина.
Ал қала тұрғындары дәрігерлердің жауапты жұмысын аса ыждаһаттылықпен істегені үшін алғыс айтады.
– Мен гинеколог дәрігерге алғысымды білдіргім келеді. Наталья мен акушер Наргиз Жақсылыққызына жүктілігім кезінде жақсы қарағаны үшін алғысым шексіз. Олар маған әрқашан тиімді дәрі-дәрмектер мен дәрумендер тағайындады, кез келген мәселе бойынша кеңес беріп көмектесіп отырды. Олардың арқасында менің жүкті кезімді ауырмай, жақсы босанып алдым, қазір менің қызыма – 2 ай. Жұмыстарыңызға сәттілік, жақсы жалақы, мықты денсаулық пен бақыт тілеймін және өзім мен сәбиімнің денсаулығы үшін тағзым етер едім, – деді бізбен кездесуінде қала тұрғыны Адел Астанқызы.
Дәрігерлер болса, халық денсаулығы қашанда маңызды екендігін, сапалы қызмет көрсету – басты міндет екендігін айтады.
«Емхана алаңын тиімді пайдалану, пациенттің медициналық қызмет алуындағы күту уақытын қысқаруы, емханада қызмет көрсету сапасын жоғарылату, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер арасындағы функционалдық міндеттерді біркелкі бөлу мен цифрландыруды енгізу, артық қол еңбегін жою – біздің негізгі мақсатымыз осы бағытта сараланады» дейді бас дәрігер Алтыншаш Табулдина.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ