Емханада АЭС салу жөнінде кездесу өтті
Астанадағы №5 қалалық емханада Қазақстанда АЭС салу мәселесіне орай медицина қызметкерлері мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және энергетика саласы мамандарының кездесуі өтті. Отыздан астам дәрігерлер мен медбикелер атом энергетикасына қатысты сауалдар қойып, оның тиімділігі мен қажеттілігі туралы маңызды ақпараттар алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесуге Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Ирак Елекеев, Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері, Phd Дмитрий Шлимас, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі, Phd Алмагүл Мергалимова қатысты.
-Әлемдік экономиканы атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Жер бетінде өндірілетін барлық электр энергиясының оннан бірі атом электр станцияларында шығарылады. Бүгінде әлемнің 31 елінде 192 атом электр станциялары жұмыс істесе, солардың бәріндегі энергоблоктар саны 451 дананы құрайды. Ядролық энергия көлемі жағынан шығарындылары төмен электр энергиясы өндірісінің көзіне жатады. Ол әсіресе төмен көмір сутекті болып саналады. Атом энергетикасының артықшылықтары өте көп. Соның негізгісі – жоғары тиімділігі және жылу электр станцияларына қарағанда ауаға тасталатын зиянды қалдықтарының жоқтығы. Алайда басты үлкен кемшіліктері де жоқ емес. Егер атом электр станциясында апат бола қалса ядролық отыннан бөлініп шығатын заттар сол маңдағы жер аумағының біраз бөлігін жарамсыз етіп тастауы мүмкін. Тағы бір кемшілігі – өңделген ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу проблемасы, – деді А. Мергалимова.
Жалпы атом энергиясының артықшылықтары мен кемшін тұстарына тоқталған соң спикерлер Қазақстандағы АЭС салу мәселесіне ауысты. Әлемдегі жылдам нейтронды алғашқы ядролық реактор Қазақстанда, бұрынғы Шевченко, қазіргі Ақтау қаласында салынғанын, ол 1973 жылы пайдалануға берілгенін айтқан А. Мергалимова ол жоба 1993 жылы қызметін тоқтатқанын жеткізді.
-Климаттың өзгеруімен күрес – Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі, сондықтан 2016 жылы біздің еліміз Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парникті газдың ауаға тасталуын 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға дейін қысқартуға міндеттеме алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2060 жылға дейін көмірсутекті бейтараптылық деңгейіне жетуді міндет етіп қойды. Бұл көмір электр станцияларының орнын баламалы энергетика басады деген сөз. Ал қазір әлемде атом энергетикасы басқасына қарағанда анағұрлым жақсы дамуда, – деді Д. Шлимас.
Осы ретте қоғам қайраткері И. Елекеев Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты қазіргі таңда жаңа электр энергиясының генерациясын енгізу қажеттілігі туындағанын жеткізді. Бұл елді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге септік етеді. Кездесуге қатысушы медицина мамандары да бұл іске бей-жай қарамайтынын білдіріп, өз ойларын ортаға салды, бірқатары көкейдегі күмәнді сейілту үшін сұрақтар қойды. Әсіресе, олар «АЭС салу Балқаш көлінің суын азайтып тастамай ма, ядролық атом қалдықтарын жою мәселесі қалай шешіледі, АЭС салатын елді таңдағанда геосаяси жағдай қалай болады?» деген сипаттағы өзекті сұрақтарын қойып, спикерлер тарапынан жауаптар алды.
Қатысушылар әлемде ең ірі уран өндіруші ел ретінде Қазақстан үшін АЭС салу – ең тиімді шешім екенін алға тартты. Атом электр станциясының құрылысы экономиканың барлық саласына оң мультипликативті әсер беріп, ғылым мен білім де, әлеуметтік сала да қарқынды дамиды. Соған қоса уран тұтынудың сыртқы нарығы пайда болып, АЭС қазір жұмыс істеп тұрған ядролық отын өндірісінің қуатын арттыруға септік етеді.
Райхан Рахметова