Президент пәрмені

ЕМХАНАДАҒЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

ашык есик куни

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күніне орай Астанадағы №6 қалалық емханада жүкті әйелдер мен емдеу мекемесіне келушілерге арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.

Аталмыш емхананың акушерлік-гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Мусеновтың айтуынша, сенбі күні таңертеңгі сағат 9-да басталған шараға үш акушер-гинеколог, бір психолог, терапевт, әлеуметтік қызметкер, эндокринолог және кардиолог мамандар қатысып, қабылдау жүргізсе, заңгер құқықтық аспектілер бойынша келушілерге кеңес берді. Күндізгі сағат екіге дейін жалғасқан акцияға барлығы 23 адам келді. Олардың арасында аталмыш емханаға тіркелмеген, Астананың басқа аудандарында тұратын емделушілер де болды. Мәселен, қаланың сол жағалауында орналасқан Сауран көшесінің  тұрғыны А.Барқытқызы осы емдеу мекемесіне тіркелгісі келетінін жеткізсе, мамандар оған емханаға тіркеудің аяқталғанын айтып, үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, қазіргі кезде жүкті әйелдер нақты тұратын мекенжайы бойынша қарала алатынын түсіндірді.

Сонымен бірге, ашық есік күндері аясында ЭКГ, яғни, электрокардиограмма-функционалдық диагностика кабинеті жұмыс істеді. Сол арқылы болашақ аналар жатырдағы нәрестенің жүрек соғуының графикалық сипаттамасын алуға мүмкіндік алды.

«Бақытты ата-ана» мектебінде сабақтар өткізіліп, перзент күтіп жүрген жандарға, соның ішінде жас отбасыларға серіктес босану турасында насихат жүргізілді.

Жалпы, емханаға келушілер «Босану кезінде серіктес қажет пе?» деген сұрақты көп қойды. Бұл ретте мамандар елордалық тұрғындар арасында босанудың осы түрін қалайтындар қатарының күн санап өсіп келе жатқанын және әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, серіктес босанудың бізге де қажет екенін ес­кертті. Бөлімше меңгерушісінің мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың алты айында аталмыш емханада жүкті әйелдердің қатысуымен 425 оқу сабақтары өткізілген. Олардың 128-іне босанатын әйелдер серіктерімен бірге қатысқан. Демек, олар да серіктес босануды қолдайды.

Сондай-ақ, шара соңында жүкті әйелдер мен басқа да келушілерге денсаулық сақтау жөнінде кітапшалар және буклеттер таратылды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button