Басты ақпаратДенсаулық

Емханадағы кезек қашан кемиді?

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында елорданың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге ерекше тоқталды. Тұрғын­дары жылдан-жылға көбейіп барады, атап айтқанда, соңғы он жылда астаналықтар саны ішкі және көші-қон есебімен 2,5 есе өсті. Осындай жағдайға байланысты қаладағы емханалар мен мамандар жетіспеушілігі байқалып отыр. Тиісінше дәрігер қабылдауына кезектің көптігі және ұзақтығы, дәрігерлер жүктемесінің шамадан асып кетуі, перзентханаларда орынның тапшылығы, қызмет сапасыздығы және басқа да қиындықтар туындайды.  

«Астана үшін бұл – ұят нәрсе!»

Президент айтқандай, соңғы  жылдарда елордалықтар саны ішкі демография және көші-қон есебімен күрт өсіп отыр. Жылына өзге өңірлерден астанаға шамамен 50-70 мыңдай адам келеді. Бұл – жыл сайын қалада осынша емхана салыну керек деген сөз. Алайда қалада медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай тұр. Әр жылда бір емхана салуға мүмкіндік болмағандықтан әзірге тұрғын үйлер астынан «Үй маңындағы дәрігер» жобасымен емхана ашу қолға алынғанына 5 жылдай болды. Оның бір артықшылығы – тұрғындарға тез баруға қолайлы, бірақ ең керек салалық дәрігерлердің жетіспеуі бәрібір өзге емханаларға сандалуға әкеп соғады. Бір емханада шамадан тыс тұрғынның тіркелуі, ал кейбірінде тиісті мөлшерден төмен болуы халықтың емдеу мекемелеріне бөлінуі бойынша тепе-теңдіктің бұзылуына әкелді. Содан кейбір емханаларда дәрігер қабылдауын ұзақ күтуге тура келеді.

– Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды. Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық ауруларды емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе, – деді Қ.Тоқаев. Осылайша, ол  астанадағы медицинаның ең осал тұстарын тізіп айтып берді. Денсаулық сақтау министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуді тапсырды. Сондай-ақ ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігін қайта қарайтын кез келгенін жеткізді.

– Пайда табуды көздеген жекелеген ауруханалар мүмкіндігі бола тұра кейбір дәрігерлік қызмет көрсетуден бас тартып жатыр. Ұлттық ғылыми медицина орталығы жақында жекеменшікке өтті. Онда бүйрегін ауыстырған науқастарды оңалту жұмысы тоқтатылған, – деді ол.

Бұдан бөлек, медицина кадрларының тапшылығы мәселесіне де тоқталды. «Қалада 600-ден астам маман жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді шешу қажет. Бұл салаға білікті мамандарды тартып, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. «Елорда жастары» бағдарламасына медицина қызметкерлерін қосу мүмкіндігі қарастырылсын» дей келе Президент Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің осы мәселені жеке бақылауға алуы керектігін ескертті.

2022 жылы басқармаға келіп түскен жалпы өтініштер саны алғыс білдіру есебінен  4% көп болды. Шағымдар санын 21,4%-ға, 2021 жылғы 15 мыңға жуық көрсеткіштен ағымдағы кезеңде 11 мыңға дейін қысқартуға қол жеткізілді, шағым барлық өтініштердің 51%-н  құрайды, алғыс 46%-ды көрсетіп отыр

Емханалар саны арта ма?

Бүгінгі таңда елордадағы әр емханада 22 мыңнан 100 мың адамға дейін тіркелген. Артық жүктемемен жұмыс істейтіні, негізінен, №9 емхана. Мұнда 100200 адам тіркеуде тұр. Қаладағы емханалар құрылысына 2020 жылы 6 млрд теңге, 2021 жылы 149 млн теңге бөлініпті. Осындай деректер келтірген Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Президент айтқан мәселелерге орай арнайы жауап берді.

– Қазіргі таңда астанада 16 мемлекеттік және 30-ға жуық жекеменшік емхана бар. Кейбір емханаларға түсетін жүктеменің көптігі қызмет көрсету сапасына әсер етіп, қиындықтар тудыратыны рас. Қаламызда соңғы емхана 2015 жылы салынып, пайдалануға берілген екен. Содан бері бірде-бір жаңа емхана салынбапты. Бүгінде тиісті басқармалармен бірге ыңғайлы жер телімдерін тауып, сол жерге емхана салуға дайындық жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезекте №9 емхана аумағына жақын жерге жаңа емхана салу керек. Сол мәселе пысықталуда. Одан кейін «Жағалау» шағын ауданында тек амбулаториялар мен бір ғана типтік жекеменшік емхана  болғандықтан, осы ауданнан бір емхана салу көзделуде. Тағы бір шешімін тапқалы отырған мәселе – «Нұрлы жол» вокзалы аумағына да емхана салуға жер телімі қарастырылуда. Аталған емханаларды мемлекет есебінен де, жекеменшік инвесторлар есебінен де салу көзделіп отыр, – деді дәрігер.

Ал кадр мәселесіне келсек, бас дәрігер қаланың денсаулық саласында кадр тапшылығы өткен жылмен салыстырғанда 48% төмендеп, 131 адамды құрағанын мәлімдеді. Бүгінде елордада 12 мыңға жуық медицина қызметкері бар, оның ішінде 3 мыңнан астам дәрігер, 6 мыңға жуық орта медицина қызметкері және 2 мыңнан астам кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.

– Кадрларды сақтап қалу үшін бірқатар шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. 2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті. Осы жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр. Кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2023 оқу жылында 19 мамандық бойынша 128 орынға грант бөлінді. 800-ден астам медицина қызметкері біліктілігін арттырды. 2020 жылы жергілікті бюджеттен 243 орынға грант бөлінді, оның ішінде 2022 жылы 151 жас маман бітіріп, жұмысқа орналастырылды, 2023 жылы тағы да 92 жас маман келеді Жалпы кадр жетіспеушілігі елорда тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқандығымен байланысты, – дейді Тимур Мұратов.

Ведомстволық бағынысты ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту бойынша өткен жылы 10 медициналық нысанды күрделі жөндеуге 3,8 млрд теңге бөлінген. 7 нысанда былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыс­тарын биыл аяқтау, сондай-ақ 2,1 млрд теңге сомасына 6 жаңа нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Соңғы 3 жылда медицина мекемелері 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен жабдықталды. 2020-2022 жылдар аралығында медициналық техниканың тозуы 22,5%-дан 14,6%-ға дейін қысқарып, жарақтандыру өз кезегінде 89,8%-дан 95,5%-ға дейін ұлғайды. Алынған жабдықтар қатарында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық жүйелер, т.б. бар. Былтыр мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 7,6 млрд теңге бөлініп, 196 жаңа техникалық құрал-жабдық сатып алынды. Соңғы үш жылда 1,9 млрд теңгеге 155-тен астам мамандандырылған көлік, оның ішінде 65 реанимобиль алынған. Жедел медициналық жәрдем станциясына былтыр 55 жаңа арнайы машина табысталды. Сондай-ақ елорда емханаларынан мамандарды шұғыл шақыртқанда бару, мобильдік бригадаларды тасымалдау үшін 51 жаңа көлік берілді.

– Сын орынды болса қашан да алға жылжуға көмектеседі. 2022 жылы басқармаға келіп түскен жалпы өтініштер саны алғыс білдіру есебінен  4% көп болды. Шағымдар санын 21,4%-ға, 2021 жылғы 15 мыңға жуық көрсеткіштен ағымдағы кезеңде 11 мыңға дейін қысқартуға қол жеткізілді, шағым барлық өтініштердің 51%-н  құрайды, алғыс 46%-ды көрсетіп отыр, – дейді елорданың бас дәрігері. Бүгінде қаланың әр тұрғыны басқарма басшысының қабылдауына жүгіне алады. Тұрғындардың шағымын қабылдау бойынша іkomek жүйесі күні-түні демалыссыз жұмыс істейді.

Халықтың шағымы неге көп?

Осындай ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатса да халықтың денсаулық саласына деген көңілі бітер емес. Оған урбанизация күшімен елорда медицинасына түскен жүктеме ғана себеп пе? Күн сайын қыспаққа алған инфляцияның кесірінен сапалы қызметін күнкөріс қамытымен жүріп төмендетіп алған дәрігер кінәлі ме? Не де болса халық сапалы медициналық көмектен құр қалмауы, түрлі мәселелер салдарынан зардап шекпеуі керек. Қала тұрғындары арасында денсаулық сақтау саласына қатыс­ты сауалнама жүргізсек, көңілі толмайтындар басым түседі. Мәселен, елордалық тұрғын Бақыт Төлеғұл денсаулығына байланысты емханалар мен ауруханаларға жиі барады. Сол кезде байқаған кемшіліктер туралы былай дейді:

– «Damumed» деген өте қолайлы және жақсы бағдарлама бар. Бірақ сол арқылы дәрігер қабылдауына жазылу үнемі мүмкін бола бермейді. Себебі тіркеу бөлімі мамандардың қабылдау кестесін уақытылы шығарып отырмайды. Одан бөлек, тиісті салалық дәрігерлерді өз емханамыздан таппаймыз. Мәселен, бізде ревматолог жоқ. Кей емханаларда невропатологтар тапшы. Жалпы салалық дәрігерге жазылу деген – ең қиын нәрсе. Оларға тек терапевт немесе жалпы практикадағы дәрігер арқылы ғана бара аласың. Тіпті сол салалық дәрігерде есепте тұрсаң да терапевтің жолдамасы керек. Соның өзінде кезегіңді бір ай күтесің. Бір қызығы, кейде қабылдауға жазылмай-ақ келе қалсаң дәрігердің бос отырғанын көріп таңқаласың. Сонда кезегіміз неге тезірек келмейді?

Үш баласын да елорда перзентханаларында босанған тұрғын Әсемгүл Жолбасарова бала босанатын орталықтарда ішкі техникалық жабдықтары мен төсек орындары заман  талабына сай жаңартылса деген ұсынысын айтады.

– Жалпы елорда болғасын, салыстырмалы түрде астанада перзентханаларда персонал қыз­метінің сапасы жақсы. Мысалы, Ақтаудағыдай бала босандыр­ғандарға ақша үлестіру, ақша бермесең дұрыс қарамау деген жоқ. Ал көп өңірлерде босанар алдында дәрігермен алдын ала ақшасын беруге келісіп аласың, тіпті есік алдында отырған вахтер апайға дейін дәметеді. Астанада олай емес, кейде рахмет айтып берсең де алмайды, бәріне теңдей қарап, қызмет көрсетеді. Дәрігерлер мен медбикелер өз жұмысын біледі. Тек ішіндегі жабдықтары жөнделсе және персонал сәл де болса емделушілерге немесе босанатын әйелдерге жылы қабақ танытса, соның өзі – демеу, – дейді ол.

Елордалық кейбір тұрғындар «Емханаға еркін тіркел» науқаны кезінде тұрғылықты мекенжайына қарамастан өзіне ұнаған сапалы қызмет көрсететін басқа емханаларға тіркеледі. Солардың бірі Меруерт Есенбекқызы қазіргі тіркелген Green clinic медициналық орталығының жұмысы бұрынғыларынан әлдеқайда ұнайтынын жеткізді.

– Бұрынғы емханада тіркеуде болған жылдар ішінде терапевт дәрігеріміз 5 рет ауысты. Олар біреуі жүктілігіне байланыс­ты демалысқа кетсе, енді бірі жұмысы ауыр болып шығып кетеді. Себебі әлі күнге дейін бір дәрігердің бірнеше участок тұрғындарына қызмет көрсетіп, шаршап жүргенін көріп жүрміз, – дейді ол.

Қалай болғанда да халық ауруын дер кезінде емдеп, кезегін көп күтпей дәрігерге қаралатын, диагнозын дөп басып айтып, анда-мында сандалтпайтын, пациенттен ақша дәметпей, Гиппократ антына адал қызмет ететін мамандары бар нағыз жоғары деңгейдегі медицинаны аңсайды. Осы орайда елордада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту, кадр тапшылығын азайту және олардың біліктілігін арттыру, денсау­лық сақтау саласындағы цифрландыруды дамыту жұмыстары сапалы атқарылса ғана жағдай түзеледі. Оның үстіне елімізде «Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» деген сияқты ұлттық жобаларды жүйелі іске асыру денсаулық сақтау саласын дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Астаналық тұрғындар үшін сапалы медициналық көмек қашан да қолжетімді болуы тиіс.  Денсаулық сақтау саласын үнемі басты назарда ұстап отыратын қала әкімдігі осы бағытта бақылау, қадағалау жұмыстарын жандандыра түсуі қажет.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button