Сұхбат

ЕМХАНАҒА НАҚТЫ МЕКЕНЖАЙ БОЙЫНША ТІРКЕЛГЕН ДҰРЫС

Өткен жұма күні газетіміздің оқырмандары Астанадағы №1 емхананың бас дәрігері Күлжан Насырқызы Анасовамен тікелей желі арқылы тілдесіп, көкейлерінде жүрген толғақты мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Бас дәрігердің айтуынша, емхана ескі болғандықтан мұндағы бөлмелер тым тар. 35 мың тұрғынға арналған емханаға бүгінгі таңда 49 мың адам тіркелген. Соған қарамастан,  мұндағы дәрігерлер олардың барлығына сапалы медициналық көмек көрсетуде.

– Алло, сәлеметсіз бе, Күлжан Насырқызы? Сіздің емханада электрлі кардиограмма жасатқанмын. Жүректі тексеретін басқа қандай құрал-жабдықтар бар?
– Өткен жылдың басынан бас­тап функционалды анықтау кабинетінде жаңа медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен тұрғындарға төмендегідей зерттеулер жүргізіледі. Атап айтсақ, біздің емханада қан қысымының тәулік бойы тексерілуі, эхокардиограмма немесе жүректі ультрадыбыспен тексеру және холтер мониторингі жүргізіледі.

– Аты-жөнім – Бәтима Жылқыбаева. Жасым 58-де. Сіздің емханаға тіркелмегенмін. Бірақ, тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектерді осы жерден алғым келеді. Бұл мүмкін бе?
– Жоқ, олай болмайды. Бәтима, алдымен сіз өзіңіз тұратын жердегі емханаға тіркеліңіз. Онда учаскелік терапевт сізді қарап, денсаулығыңызды үнемі бақылап отырады. Сырқатыңыздың ауырлығына байланысты диспансерлік есепте тұрған болсаңыз, сізге тегін рецепттерді сол учаскелік дәрігеріңіз жазып береді.

– Отыз алтыдамын. Есімім – Райхан. Учаскелік медбике үйіме хабарласып, скринингтік тексеруден өтуге шақырды. ФГДС тексерілуден өтпей-ақ қойсам бола ма?
– Райхан, әрине, бұл – сіздің өз еркіңіз. Дегенмен, егер асқазаныңызды тексеруден бас тартатын болсаңыз, онда мекеме басшысының атына осы жөнінде қолхат жазып беріңіз. Негізі, тексерілуден өткеніңіз жөн деп есептеймін.

– Мен – Аханова Сайраш, 66 жастамын. Тегін берілетін дәрілерге рецепт алуға келгенде компьютерлердің жұмыс істеуін ұзақ күтуімізге тура келеді. Неліктен?
– Осындай жағдай қаладағы барлық емханаларда кездеседі. Өйткені, біздің компьютерлер бір жүйеге қосылған. Сондықтан, олардың жұмысында кейде кедергілердің кездесетіні шындық. Осыған орай, әрине, шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз. Бұл мәселе жоғары деңгейде шешіліп жатыр. Алдағы уақытта мұндай рецептер айына бір рет емес, диспансерлік есептегі науқастар үшін алты айға жазылатын болады. Сайраш, көп кешікпей бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

– Хабарласып тұрған – Жағыпарова Жұмағыз. Жасым бойынша скринингтік тексерілуден өтуге жатпаймын. Дегенмен, өзім үшін маммографиялық тексерілуден өтсем деп едім. Оны сіздің емханада жасата аламын ба?
– Егер сізге медициналық көрсеткіштер бойынша мамандар маммографиядан өтуді тағайындаса, онда өтуіңізге болады. Жалпы, әйелдердің кеудесінде болатын қатерлі ісіктерді анықтау үшін емханамызда 50-ден асқан әйелдерді скринингтік тексеруден өткізу жүргізіліп жатыр. Жасыңыз сол тексеруге сәйкес келмесе де, хабарласқаныңыз дұрыс болды. Денсаулығыңызға алаңдайтыныңыз көрініп тұр. Бұл, әрине, жақсы қасиет. Кез келген әйел сіз секілді өз денсаулығына аса зор жауапкершілікпен қараса, асқынған аурулар азаяр еді.

– Сонда қайда және кімге баруым керек?
– Сіз алдымен тіркеу бөліміне келіңіз, содан соң учаскелік дәрігеріңізге барып, ол кісіден жолдама алыңыз. Маммографиялық тексеру көп болса, жарты сағатқа созылады. Нәтижеңізбен онкогеникологқа барасыз. Бізде бұл тексерулердің бәрі тегін жүргізіледі.

– 78-демін, аты-жөнім – Қазбала Түскеева. Осы емханаға ұзақ жылдар бойы қаралып жүрген және тіркелген адаммын. Бірақ, тіркеу орнында кезекте тұрғанда емханаға тіркелмеген науқастардың дәрігерлерге жазылуды талап етіп, айқай шығарып жататындарын көреміз. Осы дұрыс па?
– Сұрағыңыз өте орынды. Науқастың өзі тіркелмеген емхананың маманына жазылуды талап етуі, әрине, дұрыс емес. Қаламыздың барлық емханаларында қатты ауырып тұрған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.
Мәселен, жүрегі, басы қатты ауырған, дене қызуы көтеріліп тұрған адамдарға біз қай емханаға тіркелгеніне қарамай-ақ алғашқы көмек көрсетеміз.

– Қант диабетімен ауыр­атындарға қаламыздағы №1 емханада қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 04.11.2011 жылғы №786 бұйрығымен бекітілген тізбе бойынша сіз біздің емханаға тіркелген болсаңыз, осы емханадан тегін медициналық көмек көлемі аясында дәрі-дәрмектер ала аласыз. Ол үшін айына бір рет дәрігердің қабылдауына келіп, тексеріліп тұруыңыз керек.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button