Басты ақпаратДенсаулық

Емі ерекше емхана



Пандемия – өмірде адам үшін денсаулықтан асқан құнды дүние жоқтығын тағы бір рет көрсетті. Еліміз мұндай індетке қарсы тұрды – күні-түні адам өмірі күрескен дәрігерлердің арқасында. Бірақ, бұл індет медицинаны дамыту, жаңарту, білікті кадрлармен толықтыру міндеттерін қойғаны белгілі. Сол кезде аурухана стационарлары ғана емес, қаладағы емханалар да барын салып, адам жанының арашасы болды. Қазіргі емханалардың хал-жағдайы қалай, кадр тапшылығы бар ма, тағы басқа қандай мәселелері бар – біз қаладағы Сарыарқа ауданына қарасты №4 емхананың бас дәрігері Серік ШӘЙМЕРДЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Серік Әменұлы, №4 емхана – Сарыарқа ауданына қатысты тұрғындары көп үлкен аумақты қамтиды. Ең басты міндет – профилактикалық емдеу мен оңалту жұмыстары. Осы жөнінде айтсаңыз.

– Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер және мейіргерлер көрсетеді. ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде медициналық көмекті қамтамасыз ететін МСАК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) көрсететін медицина ұйы­мының жұмыс режимі, демалыс және мерекелік күндері МСАК кезекші дәрігерлерінің жұмысын қамтамасыз ету арқылы барлық мамандар және құрылымдық бөлімшелер үшін жылжымалы кесте бойынша сағат 08.00-ден сағат 20.00-ге дейін белгіленеді.

Медициналық-санитарлық көмек неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диаг­ностикалау мен емдеуді, инфекциялық аурулар ошақтарында санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық iс-шараларды, халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғау­ды, халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтиды.

Медициналық-санитарлық көмек мынадай 2 жағдай бойын­ша көрсетіледі:

1) бекіту фактісіне қарамастан шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсеткен кезде;

2) жоспарлы түрде – бекітілуі, алдын ала жазылуы немесе жүгінген жағдайда.

– Бүгінгі таңда тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі – вакцинация. Коронавирусқа қарсы вакцина алу, иммунитетті көтеру – басты мәселелердің бірі. ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу мақсатында тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз? Иммундаудан басқа спортпен айналысудың адам үшін қаншалықты пайдасы бар?

– Тұмауды алдын алудың 3 түрі бары белгілі:

  • Екпелік алдын алу;
  • Дәрімен алдын алу (вирусқа қарсы дәрілер);

Жеке және қоғамдық гигиена (ақпараттандыру жолымен) ережесін қадағалау. Өзіңіздің ауырып қалмауыңыз және айналадағыларға жұқтырмау үшін не істеу керек?

  • Науқас адамдармен байланыстан алшақ болу;
  • Науқасқа 1 метрден жақын жақындамау;
  • Науқас адамдармен байланыс жасаған кезде демперде кию;
  • Инфекцияның таралуын алдын алу үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы (құрамында спирт бар) ерітіндімен жуу;
  • Бір реттік қол орамалын қолдана отыра, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды жабу;
  • Адам көп жиналған жерге (ойын-сауық шараларына, жиналыстарға, кездесулерге) бармау;
  • Бөлмені жиі желдету;
  • Кір қолмен көзді, мұрын мен ауызды түртпеу;
  • Салауатты өмір салтын ұстану (толыққанды ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, дәрумендерге бай тағамдар), ол ағзаның кез келген инфекциямен күресуіне көмектеседі.
  • Егер Сіз ауырып қалсаңыз, басқа адамдармен байланысты барынша азайту және емдеу бойынша нұсқау алу үшін шұғыл дәрігерді үйге шақырыңыз. Жеке күнделікті гигиена шараларын ескере отыра және науқастанған күннен бастап 7 күн ішінде үйден шықпағаныңыз дұрыс.

Отбасының бір мүшесі ауырса болды, бір-бірден қалғандары да ауыратынын жиі білеміз. Науқасты бөлек бөлмеге оқшау­лау, ауырған адамның отбасы мүшелері үшін дәке таңғыш қолдану, науқастың бөлмесін жиі желдету және ылғалды жуып-шаю осының барлығы – алдын алу іс-шараларының ажырамас бөлігі. Тұмау ошағында – науқас жатқан бөлмедегі тұрмыстық заттарда, ауада ауру қоздыр­ғыштарды зарарсыздандыру бойынша дезинфекциялық іс-шаралар өткізу міндетті. Ауада инфекциялық аэрозольдің (ұсақ дисперстік, шаң фазаларының) шоғырлануын азайтудың қарапайым тәсілі бөлмені жиі желдету болып табылады. Суық жыл мезгілінде күніне 3-4 рет 15-20 минуттан желдету ұсынылған. Сонымен бірге науқас бөлмесінің ауа температурасын бақылау керек. Ол 20 гр төмен болмауы қажет.

Тұмауды алдын алу мақсатында қолданылатын дәрі-дәрмектер әртүрлі, оларды тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет. Кейбір дәрілік өсімдіктердің вирусқа қарсы қасиеті бар. Көне грек заманында да дәрігерлер тұмау кезінде лимон мен апельсин, бал мен қалампырды қолданған. Көптеген дәрілік өсімдіктердің ішінен тек кейбір түрлеріне ғана тоқталамыз:

  • Пияз, сарымсақ – өсімдіктен шыққан микробқа қарсы заттар фитонцидтерден тұрады;
  • Жалбыз, қарағай – вирусты жойғыштық әрекетке ие және ингаляция үшін қолданылады;
  • Лимон, итмұрын, мүкжидек, итбүлдірген, шырғанақ – дәрумендер көзі, соның ішінде С (аскорбин қышқылы), оның негізінде дәрумендер сусыны дайындалады (шай, морс, тұнбалар).

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған.

Спорт – салауатты өмір салтынын негізгі бөлігі. Физикалық белсенділік денсаулыққа ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді.

Физикалық белсенділік – метаболизмді арттырып, қосымша калорийлерді азайтуға ықпалын тигізеді. Спортпен шұғылдану – иммунитетті және төзімділікті арттырады. Дене шынықтыру кезінде өкпеде өзгерістер пайда болады. Өкпе дұрыс демалса, дұрыс жұмыс істесе, бронхит немесе пневмония аурулары туралы ұмытуға да болады. Жаттығулар жасау кезінде, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жақсы әсер ететін эндорфиндер шығарылады. Мидың ойлау және есте сақтау қабілеттеріне тигізетін пайдасы үлкен. Созылмалы аурулардың пайда болуының басты себептерінің бірі – дене белсенділігінің болмауы. Жаттығулар қан айналымын жақсартады және адамның сүйегін қатайтады. Осыны ұмытпаған жөн.

– Жалпы дәрігердің, емхананың этикалық кодексі бар ғой, емхана міндеті – сапалы да тиімді медициналық көмек көрсету арқылы емделушілердің сеніміне ие болуға қол жеткізу. Әр медициналық мекемеде сапаны бақылау қызметі бар, тұрғындардан арыз-шағымдар жиі түсе ме, медперсоналдың қызмет сапасын бақылау қалай жүзеге асырылады? Емханадағы қағаздар электрондық жүйеге көшкені белгілі. Бұл қаншалықты тиімді?

– 2022 жылы біздің мекеменің медициналық қызметкерлерінің көрсеткен қызметі үшін емделушілерден 5 мыңнан астам жақсы бағалаулар түсті. Әрине, арыз-шағымдарсыз болмайды ғой, бірақ біздің мекемедегі дәрігер-эксперттер барлық шағымдарды толық, жан-жақты қарастырып, туындаған мәселелерді толықтай шешіп, уақытында қанағаттандырарлық жауап береді.

Медициналық қызметкерлер үшін электронды түрде сақталатын ақпараттар барынша қолжетімді болғандықтан, медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге көшу – дәрігерлер қағаз күйіндегі амбулаториялық картаны немесе сырқатнаманы іздеп, өзге дәрігердің жазбаларын оқып жатпай, науқастың денсаулығы туралы мәліметті ақпараттық жүйелер көмегімен тез арада алуына оң әсер етті. Мысалы, емделушілерге де өз денсаулығы туралы қорғалған ақпаратқа, сондай-ақ өзінің бұл айда жоспарлы профилактикалық тексеруден өтуі немесе учаскелік дәрігеріне баруы керектігі туралы жеке кеңестер мен хабарламаларға қол жеткізе алады; аурухана дәрігері алдындағы науқасқа жүргізілген зертханалық тексерулердің нәтижелері туралы өзекті мәліметке қол жеткізіп, ол сараптамаларды қайта өткізуге және нәтижелерін күтуге уақытын жоғалтпайды; мейіргер науқасқа салынатын препарат мөлшерінің оның салмағына қаншалықты сәйкестігі жөнінде хабарлама ала алады.

– Емханада медицина кадрларына тапшылық бар ма, дәрігерлер мен медбикелерді даярлайтын оқу орындарымен байланыс кадр мәселесін шешуге септігін тигізіп жүр ме?

– 2022 жылы 86 дәрігер, 124 орта буынды медбике, басқа да 14 қызметкер медициналық даярлықтан өтіп, білімдерін шыңдады. Орта буынды медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселелері оқу орындарымен тікелей қарым-қатынас арқылы, басқа елді мекендерден келген қызметкерлерді жұмысқа қабылдау арқылы шешіліп жатыр.

– Қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мекемеде нау­қастарға сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған ба? Емхана ішіндегі күндізгі стационар қызметі қалай жұмыс істеуде? Зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, көпбалалы аналарға арнайы жеңілдіктер бар ма?

– Біздің мекемеде заманғы медициналық қондырғылармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, науқастарға сапалы қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. 2020 жылғы 6 мамырдағы № 322-VІ ҚРЗ Ардагерлер туралы Қазақстан Республикасының Заңы бойынша, ардагерлерге  көрсетілетін медициналық қызметтер:

  • Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бiлiктi медициналық көмек алу;
  • Протездермен (тіс протездерінен басқа) және протездік-ортопедиялық бұйымдармен тегін қамтамасыз ету;

Балаларға сырқатына байланысты тұрақты диспансерлік бақылауда тұратын болса, тегін дәрілер, кейбір сирек кездесетін орфанды аурулар бойынша ғана арнайы тағам беріледі.

Зейнеткерлерге емханада герантологиялдық пациенттерге арналған медициналық көмектер көрсетіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне тегін дәрі-дәрмек жүректің ишемиялық ауру­ларымен, артериялық гипертензия мен созылмалы жүрек жетіспеушілігі, оның ішінде дилатациялы кардиомиопатиямен ауырған жағдайда, асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы немесе остеоартроз аурулары анықталған жағдайда беріледі.

– Зерттеу сараптамалары, талдау нәтижелері онкологиялық қауіпті көрсеткен жағдайда тұрғындармен дәрігерлік-психологиялық кеңестер беріліп, оның басқа орталықтарға барып қаралуы қадағалана ма?

– Мекемеде профилактика бөлімі жұмыс атқарады. Бұл бөлімде психолог мамандар онкологиялық науқастар мен олардың туысқандарына психоло­гиялық көмек көрсетеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button