Денсаулық

Емі шипа елорда

олл

Астана қаласы медицинасының жетістіктері аз емес. Бүгінде медицинаның ең мықты заманауи құрылғылары елордада. Бас қалада еңбек етіп жүрген ақхалаттылардың ішінде алғысқа бөленіп, біліктілігімен бірегей табыстарға жеткендері жетерлік. Ендеше, медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында елордалық денсаулық сақтау жүйесінің игі қадамдары жөнінде айтуды жөн көрдік. 

Елорда медицинасының табысы дегенде, ең бірінші ойға оралатыны – жаңадан ашылып жатқан ғимараттар. Осы мекемелердің бәрін қосқанда, бүгінде Астанада 37 медициналық ұйым бар. Оның 14-і – стационар. 14-і – амбулаторлық ұйымдар және 9-ы – басқа да медициналық мекемелер. Соңғысының қатарында жедел медициналық көмек стансасы мен Медициналық колледж, СПИД орталығы, Патологоанатомиялық бюро бар.
Былтыр медициналық көмекті тұрғындарға барынша қолжетімді ету, денсаулық саласының сапасын арттыру, емханалардың жүктемесін азайту бағытында бірталай жұмыстар атқарылды. Жаңа медициналық ұйымдардың көптеп ашылғаны да – осы тұс. Айталық, Досмұхамедұлы көшесінде бір мезгілде 150 адамға қызмет көрсететін алғашқы медициналық-амбулаториялық көмек орталығы пайдалануға берілді. «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінен елорда әкімдігі 1500 шаршы метр ғимарат бөліп алып, бұл №6 қалалық емханаға берілді. №1 Перинаталдық орталық пен №2 балалар ауруханасы базасындағы «Ниет» пен «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығына жеке мәртебе беріліп, олар бөлек ұйым ретінде тұрғындарға қызмет көрсете бас­тады.
Алдағы уақытта ашылатын нысандар да баршылық. Жақында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін екі нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Оның бірі – Үркер кентіндегі 150 орындық емханалық кешен болса, екіншісі – Есілдің сол жағалауындағы бір мезгілде 500 адам қабылдай алатын емхана. Бұған қоса, 250 орынға шақталған балалар инфекциялық ауруханасы, емханасы бар 250 орындық медициналық-әлеуметтік бейімдеу орталығы, емдеу-өндірістік шеберханаларды іске қосу жоспарлануда.
Астаналық медицина ұжымы ауру меңдеген жандардың өмір сапасын жақсарту үшін де бірталай шаруалардың басын қайырды. Айталық, Гюстава Русси атындағы белгілі Онкология орталығымен бірлесіп, ісік ауруларына шалдыққан адамдарға жасалатын химиятерапияның қауіпсіздігін арттырып, тиімділігін жақсарту үшін арнайы инновациялық жобаның тұсауын кесті. №1 перинаталдық орталықта эндокринологиялық сырқаттарға шалдыққан жүкті әйелдердің аман-есен босануына мүмкіндік беретін орталықтандырылған тексеру комиссиясы құрылды. Бүгінге дейін осында 819 жүкті әйел тексеріліп, 57-сінде әртүрлі аурулар анықталып, жедел түрде ауруханаға жатқызылған.
Жүрек ауруларына шалдыққан тұрғындардың да денсаулығын түзеу үшін №1 қалалық аурухана базасында Инсульт орталығы жұмыс істеп келеді. Мұнда 1060 пациент емделіп шыққан. 223 операция жасалса, оның 120-сы жедел жағдайда, 99-ы жоспарлы түрде өткен.
Елордалық кішкентай тұрғындардың денсаулығы да назардан тыс қалмай, балаларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін 15 шеберлік дәрісі өткізілген екен. Осы бойынша АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Литва, Ресей елдерінде 240-тан аса медициналық мамандар біліктілік курсынан өтіп, олар 45 бірлескен ота жасаған. Балалардың денсаулығына байланыс­ты 400-ден аса кеңестер берілген.
Бұл елорданың 2014-2015 жылдардағы жетістіктері ғана. Алда астаналық ақхалаттылар бұдан да үлкен жетістіктерге жететініне сенім мол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button