Басты ақпаратРуханият

Емле түзудің алғашқы қарлығашы

Қазақ тілінің қалыптасуы мен өркендеуіне Ахмет Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ұлт ұстазы атанған ағартушы ғалым, қайраткер ғалымның мол мұрасы бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналып отыр. Соның бірі – емле түзудің мән-мағынасы.

Әріптік-дыбыстық жазу – дүние елдері үшін ыңғайлы жазу түрі. Бұл жазудың негізгі ерекшелігі таңбалардың саны аз болса да, дыбысты мейлінше дәл жеткізеді деп саналуында. Бұл жазу түрінде 20-дан 40-қа дейін таңбалар болады, бүгінде бұл жазу «жеке фонема – жеке графема» принципін ұстануымен ерекшеленеді. Шындығында, жазудың тарихы ғасырлар тереңінде. Ал жетілген жазудың қазіргі кездегі жайы туралы мәлімет мынадай: «Дыбыстық-әріптік жазуды бүкіл әлем халықтарының 75 пайызы қолданады. Дыбыс­тық-әріптік жазудың ең көп тараған түрлері: латын әліпбиі (30 пайыз), славян-кирил (10 пайыз), араб (10 пайыз) және үнді жазуы (20 пайыз)».

Қазақ жазуының реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы «әр әріптің басынан сипап отыратын» (диакритикасы көп) ескі араб жазуымен жазылған қазақ сөздерінің оқуға, жазуға қолайсыз­дығын ескерткен. Ал өзінің төте жазуына әріпүсті және әріпасты диакритикалық таңбаларды азайт­қанмен, бәрібір де олардан толық құтыла алмаған, оларды енгізуге мәжбүр болған және жазудағы бірегей жаңалық саналып жүрген дәйекшіні қосқан

Жазудың қолайлылығы я қолайсыздығын бірден аңғара қою қиын. Жазуды пайдаланушы әрбір социум үшін ең маңыздысы – орфография. Орфографияның тарихи, морфологиялық, фонетикалық, иероглифтік, дәстүрлі деген түрлері болады. Орфография жазудың функционалды әлеуеті мен мән-маңызын айқындайды. Қоғамның басымдықпен уәждендіре отырып, аталған принциптердің біреуін, я болмаса екеуін таңдауға мүмкіндігі болады, я болмаса қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдай таңдатуға міндеттейді. Принциптер арқылы жазба тілдің ережелері мен нормасы қалыптасады. Бірақ мәртебелері бірдей көрінгенмен, принциптердің нақты бір әліпби мен орфографияны қалыптастыру кезіндегі мүмкіндіктері бірдей бола бермейді.

Орфографиялық принциптің түрлері бар, соның бірі – қоғаммен байланыс үзілмейтін актив түрі. Бұл орфографиялық принципке мемлекеттің қолдауына сүйенген мамандардың жазу нормасын қалыптастыру мен жетілдіруі жатады. Дүние жүзі жазу тәжірибесінде осы принциптің ең жарқын үлгісіне немістердің жазуы жатады және ол жазба тілді меңгерудегі ең қолайлы түр саналады. Неміс­тердің жазуындағы доминант принцип фонетикалық және морфологиялық, ал ұстанымы «қалай жазсаң, солай сөйле» (М.Штайнхардт), неміс халқы осы негізде біртекті айтылым нормасын қалыптастырған, «Қалай сөйлесең, солай жаз» деген принцип те осыған саяды, екі принцип те жазу мен айтылудағы айырманың аз екенін көрсетеді. Ғалымдар дәстүрлі және иероглифтік принципке негізделген ағылшын жазуы қолайлығы тұрғысынан неміс жазуынан көш кейін екендігін айтады. Ағылшындық сауаттылық пен немісше сауатты болудың арасы жер мен көктей дей отырып, ағылшынша сауатты болу қиындықпен келетінін атап өтеді. Неміс жазуының қолайлығы мемлекет қамқорлығының арқасында жүзеге асқан. Мезгілі келгенде графика мен орфография ережелері қайта қаралып, оларды оңайлату, дыбыс тілін таңбамен кодификациялауды оңтайландыру әрекеттері жүргізіліп отырғанына 400 жылдан астам уақыт болыпты.

Кез келген әлеуметтік ортада сол ортаның ауызша айтуы-сөйлеуі мен жазуында басшылыққа алатын екі норма болады, ол – орфографиялық және орфоэпиялық нормалар. Қазақ тіл білімінде орфографиялық нормалар жиынтығы – «Қазақ тілінің орфография­лық сөздігінің» қалыптасқан, жүйеленген басылымдарын шығарып тұру, жаңартып тұру жолға қойылған, яғни өзіндік тарихы бар. 1941 жылы ­С.Аманжолов басшылығымен жарыққа шыққан, 1946 ж. М.Балақаев редакциясын басқарып шығарған орфографиялық сөздік, сонымен қатар 1963-2013 жж. жаңартылып басылған сөздіктер арқылы осы саланың тарихы түзілуде. Ал емлеге арналған алғашқы дәйекті еңбек ХХ ғасыр басында, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қаламына тиесілі.

1928 жылы Қызылорда қаласынан Ахмет Байтұрсынұлы авторлығымен жарық көрген «Тіл-жұмсар» (сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын 1-інші кітабы) кітабы «Білім ордасы 1-інші басқыш мектепте ұстау­ға ұйғарған», яғни рұқсат етілген кітап еді. «Қазақстан оқу комиссариатының білім ордасынан» шығарылуы ұйғарылған. Қазақстан жоғарғы шаруашылық кеңесінің мемлекеттік басқармасы рұқсатымен жарық көрген. Бұл кітап алғашқы емле түзілісі қалай қолға алынғанын, бағыты қалай қалыптасқанын білдіреді.

Осы кітаптың титул бетінде, төменгі жағының сол тұсына ескі (алғашқы) латын жазуымен Baiturcьn ulь a. til jumsar 1-ncь kьtab деп жазылған. Ал сол жазуға қатарлас кирилл әріптерімен «А.Байтурсунов. Практическая грамматика ч. 1» деп жазылған.

Кітаптың келесі бетіндегі «Дәйектемеде»: «Мұндағы білім – «Тіл-құралдағы» білім, бірақ сол білімді мұнда үйрету жолы басқа» дейді. «Тіл-құралдан» «басқалығын» бірнеше белгілерін санамалап беру арқылы көрсеткен. Осы санамаланған 4 белгілерді сипаттауы, тіл бірліктерінің қызметін көрсетуі емле түзуді А.Байтұрсынұлы бастағанын куәландырады. Кітап авторы осы еңбегінде әріп, әріптен өзге белгілерге ат береді, яғни ұғымдарды атайтын терминдер ұсынады: «Әріптен басқа жазуда қолданатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қойылған жоқ еді. Сүгіретін қарап біреу олай, біреу былай деп атайтын еді. …Мұндағы ат тек сүгіретіне қарай емес, жұмсалатын орнына қарай қойылды. Мәселен: тыныстық (.), жапсарлық (,), қосарлық (-), тастарлық (–), дәлдеулік («»), сұраулық (?), лептеулік (!).

Айталық, қосарлық (-), біздіңше, дефис белгісіне берілген түсініктеме мынадай: «Қосарлық (-) – екі сөзді қосу керек болған орында, бір сөздің екі бөлімін қосу керек болған орында немесе біріне-бірі жедел екі сөз қосарынан айтылатын орында, не болмаса бір сөздің өзі қайта-қайта жедел айтылатын орында қойылатын белгі».

Осы ретпен жазуды тұтыну барысындағы емлелік ерекшеліктерге ретімен тоқталып өтеді. Соңына қарай: «Адағында айтып өтетінім – емле үйретуге «Тіл-жұмсардың» екі бөліміндегі қолданыстық нәрсе (материал) жеткілікті. Соның бәрін балалар дұрыстап жұмсап, түгел қолданып өтсе, емленің 90% шамасын білуге болады» дейді.

Бұл 1928 жылғы басылым көрген кітаптағы әліпби мен емле мәселесінің қалай, қандай деңгейде көтерілгенін, емлені реттеудің шындап қолға алынғанын білдіреді.

Кез келген әлеуметтік ортада сол ортаның ауызша айтуы-сөйлеуі мен жазуында басшылыққа алатын екі норма болады, ол – орфографиялық және орфоэпиялық нормалар. Қазақ тіл білімінде орфографиялық нормалар жиынтығы – «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» қалыптасқан, жүйеленген басылымдарын шығарып тұру, жаңартып тұру жолға қойылған, яғни өзіндік тарихы бар

Ал аталған кітап – дауыс­ты дыбыстар қалдырылмай (түсірілмей) жазылып, барынша жүйеге келтірілген, тыныс белгілерінің қолданысы реттелген, әр ұғымға «ат қойылған», яғни терминдер жүйесі жасалған уақыттың куәгері, емле тарихын түзудегі алғашқы қарлығаш есепті еді.

Ал жүйелілік туралы сөз ету әлі ерте, бірақ жүйелілікке жету қадамдары басталған уақыт «Қазақ» газеті жарық көрген 1913-1918 жж. көрініс тапқан. Газетте усул-жәдид жазуы алғаш сыналып, емленің бекітілген нұсқасы болмағандықтан, емлені стихиялы немесе түйсіну деңгейінде қолдана бастаған кез еді. Бұл кезең – әдеби тіл мен емленің қалыптасуындағы маңызды тарихи кезең, сынаудың, сынақтан өткізудің алғашқы қадамдары жасалған уақыт. Сондықтан А.Байтұрсынұлының 1928 жылы жарыққа шығарған «Тіл-жұмсар» кітабы – тәжірибе негізіндегі, автордың өз сөзімен айтқанда «сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын» алғашқы емле анықтағышы, бірегей еңбек.

Ал емле – түйткілді сауалдардың жойылуына, күрделі мәселелердің шешілуіне себепкер.

Ақиқатында да солай, өйт­кені сөзді инвентаризациялаудан кейін ғана әліпбидің мықты-осал тұстары білінеді. Ол үшін, ең алдымен, лексикографиялық тәжірибелер жасалады, яғни сөздіктер құрастырылады, сөз типтерінің – күрделі, кірме сөздер, терминдер, ономастикалық атаулар, гибрид сөздер, т. б. жазылу ерекшелігі анықталады, анықтағыштар жазылады, емле түзіледі, т. б.

Қазақ жазуының реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы «әр әріптің басынан сипап отыратын» (диакритикасы көп) ескі араб жазуымен жазылған қазақ сөздерінің оқуға, жазуға қолайсыз­дығын ескерткен. Ал өзінің төте жазуына әріпүсті және әріпасты диакритикалық таңбаларды азайтқанмен, бәрібір де олардан толық құтыла алмаған, оларды енгізуге мәжбүр болған және жазудағы бірегей жаңалық саналып жүрген дәйекшіні қосқан. ­А.Байтұрсынұлы әліпбиінің ең тамаша жаңалығы – /ء/ дәйекші таңбасы, ол тұрған жерде дауыс­ты дыбыстар міндетті түрде жіңішке айтылады. Айталық, «а» таңбасының жоғарғы оң жағына «ءا» дәйекші қойылса, ол «ә» «ءا» болып оқылады. Осылай дәйекші (жіңішкерткіш) арқылы жіңішкертіліп айтылатын (оқылатын) қосақты дыбыстарға «ا» (а) – «ءا» (ә), «ﻯ» (ы) – і, «ﯗ», (ұ) – «ﯝ» (ү), «و» (о) – «ٶ» (ө) жатады. Дәйекшінің /ء/ әсерінен «ق» (қ), «ع» (ғ), «ﯗ» (ұ), «و» (о), «ﻯ» (ы) жуан дыбыстары жіңішкеріп, «ق» (қ) – «ﻙ» (к), «ع» (ғ) – «گ» (г), «و» (о) – «ٶ» (ө), «ﯗ» (ұ) – «ﯝ» (ү) болып оқылады. Жалпы дәйекші тұрған сөздер міндетті түрде жіңішке оқылады.

Ал диакритикалық таңбалардың, дыбыс таңбалаудан бөлек, сөз мағынасын айыру қызметі бар. Бұл қазіргі ағылшын тілінде кең тәжірибеленеді. Ескерер жайт, жазу үлгісінде әріпүсті диакритиканың бірыңғай қолданылуын міндеттейтін ереже дүние жүзі әліпбилерінде жоқ. Әліпбидегі ең негізгі мақсат – қолайлылыққа (оқудағы және жазудағы) қол жеткізу және тіл заңдылықтарының сақталуын қамтамасыз ету, жаңа технологияларға, интернет-технологияларға бейімдеу, т. б.

Ал «Тіл-жұмсарда» (1928 ж.): «Әріптен басқа жазуда қолданатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қо­йылған жоқ еді. Сүгіретін қарап біреу олай, біреу былай деп атайтын еді. Мұнда соларға ат қойылды. Мұндағы ат тек сүгіретіне қарай емес, жұмсалатын орнына қарай қойылды» дейді А.Байтұрсынұлы.

Нүктені (.) «тыныстық» деп атаған А.Байтұрсынов оның мәнісін былайша түсіндіреді: «Тыныстық» (.) – дауыстың тынатын жеріне қойылатын белгі». Яғни сөйлем аяқталғаны интонациядан, дем жетіп, аяқталған тұста қойылатынын айтқан. Сонымен қатар:

Қос нүкте (:) бірнеше жерде әр түрлі қисынмен қойылған: (آیتامز:) т. б. Көп нүктені газетте қойып, жазғанмен, 1913 жылы түгіл, 1928 жылы да осы белгіге түсінік бермеген.

Тырнақшаның қойылуы: «قازاق» دﯔ «کارامیزنی» т. б. Тырнақшаны А.Байтұрсынұлы «Дәлдеулік («») – бұлжытпай дәлдеп жазып көрсетерлік жерде қойылатын белгі» деп түсіндіреді.

Дефисті «Тіл-жұмсарда» «Қосарлық» (-) деген атаумен атаған. «Қосарлық» (-) – екі сөзді қосу керек болған орында, бір сөздің екі бөлімін қосу керек болған орында немесе біріне-бірі жедел екі сөз қосарынан айтылатын орында, не болмаса бір сөздің өзі қайта-қайта жедел айтылатын орында қойылатын белгі». Шындығында, алдымен дефис­пен жазылып жүрген кейбір сөздердің бірігіп кететіні – жазу тәжірибесінен белгілі. Сөздердің бірігу алдындағы бір процестің белгіленуі дефис арқылы жүзеге асады. «Қазақ» газетінде: өнер кәсіп – өнер-кәсіп – өнеркәсіп (қазіргі жазу үлгісі) – осы біртіндеп бірігудің жүргенін білдіреді, бірігу алдындағы, яғни «екі сөзді қосу керек болғанда қойылғаны» шындыққа жақын.

Көп нүкте (…): «چـﭔکتی» … جازارغا کـﭔرهﻙ үлгісінде қойылған. «Тіл-жұмсардың» 1-кітабында көп нүкте туралы ештеңе айтылмаған. «Лептеулік» (!) жөнінде де А.Байтұрсынұлының «Тіл-жұмсарында» ешқандай анықтама, түсінік жоқ.

Сонымен қатар теріс қарата, яғни оңнан солға қарата қойылған сұрау белгісі / ؟ / кездеседі. Әрине, бір жерде ғана емес, сұраулы сөйлемдерден соң үнемі қойылып отырған. Сызықша А.Байтұрсынұлының «Тіл-жұмсарында» «Тастарлық» (–) атауымен жүр. Берілген түсінігі: ««Тастарлық» (–) – жазбай тасталған сөздің орнына қойылатын белгі».

Тыныс белгілерінің дұрыс қойылуы – тіл заңдылықтарының нормалануына, орфографияның реттелуіне әкелетін маңызды қадам. Сол маңызды қадам А.Байтұрсынұлынан басталғаны – тарихи ақиқат.

Бағдан МОМЫНОВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі

 

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button