Елорда тынысы

«ENACTUS WORLD CUP 2024»

Астанада «ENACTUS WORLD CUP 2024» студенттік кәсіпкерлік бойынша әлем кубогының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Оған әлемнің 33 елінен студенттер, кәсіпкерлер, академиялық көшбасшылар, корпоративтік бизнес басшылары мен мемлекет қайраткерлері қатысты.
ENACTUS WORLD CUP – 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жыл сайынғы іс-шара, ол кәсіпкерлік қызмет арқылы әлеуметтік бастамалар мен дамуды көрсетуге мүмкіндік береді.
«Enactus World Cup – Қазақстанда алғаш рет өтетін жыл сайынғы әлемдік іс-шара. Бұл іс-шараның ауқымы үлкен, оған түрлі елдердің әлемдік оқу орындарының студенттері қатысады. Олардың ізімен тың идеялар мен жобаларды қалайтын әлемдік инвесторлар келеді. Айта кету керек, іс-шара туризмді дамытуға да септігін тигізеді. Аталған іс-шара аясында елордаға 33 елден 1500 студент келді. Екі күн ішінде олар бақ сынап, өз жобаларын ұсынады. Бұл жаңа инвесторлар мен әлемдік қоғамдастықтарды қызықтырады», – деп атап өтті Астана әкімдігі Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Тілеужан Өмірұзақ.
Оның айтуынша, Enactus World Cup аясында ҚР Ұлттық мұражайы, «Бәйтерек» монументі және Nur Alem павильоны сияқты қаланың мәдени орындарына шолу экскурсиялары ұйымдастырылды.
Іс-шара мәдени жәрмеңкеден басталды, онда қатысушылар өз елдерін, мәдениетін, ұлттық тағамдары мен ойындарын ұсынды.
«Мәдени жәрмеңке аясында іс-шараға қатысушылар, атап айтқанда өз елдерінде жеңіске жеткен командалар өздерінің мәдениетін, дәстүрлерін, ұлттық тағамдары мен ойындарын ұсынады. Бұл студенттердің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Enactus World Cup – қарсылас болғанына қарамастан командалардың басын қосатын бірлестік. Жәрмеңке арқылы олар өзара қарым-қатынас орнатады, бір-бірін қолдайды, араласады. Бұл пайдалы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, әлемді біріктіретін іс-шара. Сондықтан біздің жарыстарымыздың ұраны «Біз бәріміз жеңімпазбыз», – дейді ұйымдастырушы, «Ақылкеңес Консалтинг» ЖШС директоры Дәуіржан Ауғамбай.
Enactus әлем кубогы 2000 қатысушыны жас кәсіпкерлердің білімімен, идеяларымен және тәжірибесімен бөлісу үшін жарыс форматында біріктіреді. Қатысушылар тұрақты қауымдастықтардың дамуына ықпал ететін және адамдарды оң өзгерістерге қызықтыратын экологиялық мәселелерді шешудің инновациялық тәсілдерін көрсететін өз жобаларын ұсынады. Жетісу университетінің студенті Асқар Рахым өз бастамасы туралы айтып, екі жобаны ұсынып отыр.
«Әлемдік кубок аясында біз Қазақстанның намысын қорғаймыз әрі екі жобаны таныстырамыз. Бірінші жоба – «Sweet Rainbow» — антиоксиданттарға бай және құрғақшылыққа төзімді гибридті жүгері жасау. Екіншісі – өнімділігі жоғары және Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген тауықтардың бірегей генетикалық желісін құруға бағытталған «Gallus». Жоба үш кезеңнен тұрады: селекция, зертханалық жұмыстар және бизнес. 2023 жылы біз нарыққа шығып, зертханалық жұмыс жүргізу арқылы өз өнімдерімізді саттық. Енді біз оны бизнес-идея ретінде ұсынамыз», – дейді Асқар Рахым.
Естеріңізге сала кетейік, Enactus Әлем Кубогы 2001 жылдан бастап кәсіпкерлік қызмет объективі арқылы әлеуметтік бастамаларды көрсетіп келеді. Бұл маңызды халықаралық оқиға жас кәсіпкерлердің жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар елдер арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button