Елорда тынысы

Эндаумент қорлардың форумы өтіп жатыр

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде эндаумент қорлардың форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Эндаумент қорлардың жұмысын цифрлық технологиялар арқылы жетілдіру мәселесіне арналған жиынға халықаралық эндаумент қорлар да шақырылған. Еуразия ұлттық университетінің стратегия жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов осымен төртінші рет өтіп жатқан форумның басты мақсаты шетелдің озық тәжірибелерін эндаумент қормен жұмыс істеуге бет бұрған Қазақстанның жоғары оқу орындарына тарату екенін айтады.

«Екі жыл бұрын біздің университетте де эндаумент қор құрылған. Содан кейін өзге университеттер тәжірибемізді сұрап, хабарласа бастады. Сол кезде шетелден жақсы қорлардың өкілдерін шақыртып, олардың тәжірибесін таратсақ деген ой пайда болды. Биыл төртінші рет эндаумент қорларды жинап, тәжірибе алмасып жатырмыз. Форумға Америка Құрама Штаттарындағы Миннесота университетінің, ресейлік эндаументтердің өкілдері келді. Қазақстанда да жұмысын сәтті бастаған қорлар бар. Олардың да тәжірибесі қызық болады деп ойлаймын. Бізге хабарласқан университеттер эндаументке донор болатын адамдарды, инвесторларды қалай тарту керектігін сұрайды. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі жиынның берері көп», – дейді проректор.

Оның айтуынша қазақстандық университеттер эндаумент қормен жұмыс істеуге енді ғана кіріскен. Ал Еуропа мен АҚШ-та мұндай қорлар 100-200 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Біздің универсиеттетің 70 мыңнан астам түлегі бар болса, соның 100-ден астамы эндаумент қорымызға донор болып отыр», – дейді ол.

Миннесота университеті жанындағы эндаумент қордың қызметкері Сьюзен Холтор АҚШ-та эндаумент қорлардың маңызы зор екенін айтады.

«Біздің университеттің эндаумент қоры 17 бағытта жұмыс істейді. Жылдың инвестиция табысы ондаған миллион доллармен есептеледі. АҚШ-тағы университеттер жанындағы кейбір эндаумент қорлардың активіндегі ақша 50 млрд доллар дейін барады. Осы 50 млрд теңгенің активтерінен түсетін инвестициялық табысты өз қажетіне пайдаланып отыр. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының да осы бағытқа бет бұрғаны қуантады. Бұл бағытта бар білгенімізді осындағы әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз», – дейді ол.

Айта кету керек, эндаумент қордың өзге қорлардан айырмашылығы жиналған ақшаның негізгі сомасы ешқайда жұмсалмайды. Қордың айналымындағы қаражат түрлі құнды қағаздарға, облигациялар мен депозиттерге инвестицияланады. Содан түскен инвестициялық табыс қана қордың мақсатына игеріледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button