Басты ақпаратДенсаулық

Енді емделуші электронды құжатпен келеді

Науқас пен дәрігердің алтын уақытын алып, жүйкесіне де салмақ түсіретін қаптаған қағазбастылықтан арылу жұмыстары 1 шілдеден басталды. Яғни Астана емханаларында емделушінің электронды құжаты іске қосылуда. Енді қағаз түріндегі амбулаторлық картаңыз қайда қалса да қапаланбаңыз, өйткені алдағы уақытта оның қажеті болмайды.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров №10 қалалық емханада өткен кеңесте медицина саласындағы қаптаған қағаз толтырудың қажеттілігі болмайтынын айтып, дәрігерлерді қуантты. Айтуынша, емделуші басқа дәрігерге көрінетін болса, науқас туралы барлық деректер ақпараттық базада көрініп тұрады. 1 шілдеден басталған бұл жоба аясында тұрғындардың 93 пайызын электронды денсаулық құжатымен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте «Smart Astana» қосымшасы туралы да айта кеткен жөн. Бүгінде күн сайын аталмыш қосымшаны 24 мың адам пайдаланады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 60-қа жуық қызмет түрі осы қосымшаға топтастырылған. Оның ішінде «Дәрігерді үйге шақырту» секілді медициналық қызмет түрін кеңінен пайдаланушылар легі артып келеді.

Сыртыңыздан тіркеп жібермесін…

Жиында тағы бір көтерілген мәселе – тіркеу жүйесі. Бүгінде кейбір азаматтардың еркінен тыс басқа емханалардың емделушісі болып кетіп жатқаны туралы деректер жиі кездеседі. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов емханаға тіркелуді Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізуді ұсынды. Оның айтуынша, бір жылдары электронды тіркеу жүйесі іске қосылғанда барлық азаматтарды жаппай тіркей беру басталды. Министрдің өзін елордада бес жыл тұрғанына қарамастан, басқа облысқа тіркеп жіберген. Егер басқа өңірге тіркелетін болсаңыз, бюджеттен бөлінген қаржы сол аймаққа аударылады.
«Сондықтан тіркеуді міндетті түрде жеке басын куәландырып, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Өйткені тексеру кезінде қолдан жасалған жеке куәліктер анықталды. Тұрғындар электронды цифрлы қолтаңба арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына өзі барып тіркелген жөн. Осылайша, бұл салада тәртіп орнататын боламыз» дейді Елжан Біртанов.

Желге ұшқан 25 миллион

«Астана – адалдық алаңы» аясында сөз алған жоба жетекшісі Жазира Жылқышиева мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын сәйкестендіру бо­йынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол аталмыш базаның интеграциялануы арқасында әлеу­меттік қорғау саласындағы барлық мемлекеттік қызмет түрін сапалы алуға мүмкіндік берілгенін айтады. Сондай-ақ, жоба кеңсесі Қоғамдық ден­сау­лық сақтау басқармасымен бірлесіп, №10 қалалық емханаға модернизация жұмыстарын жүргізген. Семинар барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заманауи үлгіде жасақталған емхана жұмысымен кеңірек танысты.
Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың тиімді жолы, ең алдымен, жалған құжат жасау­шыларға тоқтау болатынын ескерген жөн. Себебі интернеттегі хабарландыру арқылы медициналық анықтаманың небір түрін сатып алуға болады. Осыдан екі ай бұрын ғана осындай жалған медициналық құжат жасаған топтың ұсталғаны белгілі. Оларды тінту кезінде 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың 200-ден астам бланкілері, 190-ға жуық санитарлық кітапша, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен астам мөрі, медициналық анализ нәтижелері, флюорографиялық суреттер, медициналық диагноздар жазылған кітапша және тағы басқа заттар табылған.


«Осылайша, тіркелген бір дерек бойынша елордалық емханалар 25 миллион теңгеден қағылып отыр. Аталмыш қаражат емделушілерге арналған қызмет түрін жақсартуға немесе мекеме қызметкерлеріне сыйақы тағайындауға жұмсалар ма еді…» дейді Жазира Жылқышиева. Оның айтуынша, аталмыш мәселені кешенді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс жолданған. Онда санитарлық кітапшаларды, анықтамаларды беруді автоматтандыру мен шектік баға құнын белгілеу қарастырылған.
Сонымен қатар, Жазира Жыл­қышиева Еңбек заңнамасына да өзгеріс енгізу керектігін мәлімдеді. Яғни жұмыс берушіге ұсынылған медициналық құжаттардың ақ-қарасын анықтау үшін жа­уапкершілік жүктемек.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айынан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп «Астана – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асырып келеді.

Керек кеңес

ҚЫМБАТЫНА ҰРЫНБАЙ, АРЗАНҒА АЛУҒА БОЛАДЫ

Бас ауырып, балтырың сыздаса, әрине, дәрігерге жүгінеміз. Неге екенін қайдам, соңғы кезде ақ желеңді абзал жандарымыз тек соңғы кезде шыққан, бағасы қымбат атақты брендтердің дәрісін жазып беруге құмар. Жаның ауырып тұрған соң қарсыласпай, айтқанын сатып аламыз. Дегенмен қымбат дәрі-дәрмектің қымбатымен құрамы бірдей арзан баламалары бар екенін еске салғымыз келеді. Және бағасының едәуір айырмасы барына мына тізімнен көз жеткізуге болады. Бұл дәрілерді қаланың дәріханаларынан сатып алуға болады:

1. Нурофен (880 теңге) – Ибупрофен (350 теңге)
2. Мезим (690 теңге) – Панкреатин (500 теңге)
3. Но-шпа (3750 теңге) – Дротаверина гидрохлорид (70 теңге)
4. Панадол (1400 теңге) – Парацетамол (310 теңге)
5. Белосалик (5800 теңге) – Акридерм (660 теңге)
6. Бетасерк (2800 теңге) – Бетагистин (1000 теңге)
7. Быструмгель (1950 теңге) – Кетопрофен (1000 теңге)
8. Вольтарен (2300 теңге) – Диклофенак (650 теңге)
9. Венарус (4800 теңге) – Детралекс (3800 теңге)
10. Дифлюкан (3700 теңге) – Флуконазол (600 теңге)
11. Зовиракс (1750 теңге) – Ацикловир (805 теңге)
12. Иммунал (1600 теңге) – Эхинацеи экстрат (350 теңге)
13. Имодиум (2280 теңге) – Лоперамид (1000 теңге)
14. Йодомарин (2280 теңге) – Калия йодид (175 теңге)
15. Кавинтон (2280 теңге) – Винпоцетин (450 теңге)
16. Кларитин (2100 теңге) – Лорагексал (880 теңге)
17. Клацид (4700 теңге) – Кларитромицин (1500 теңге)
18. Лазолван (1700 теңге) – Амброксол (600 теңге)
19. Ламизил (3200 теңге) – Тербинафиин (1000 теңге)
20. Лиотон (3500 теңге) – Гепарин-акригель (600 теңге)
21. Ломилан (1700 теңге) – Лорагексал (880 теңге)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button