Жаңалықтар

ЕНДІГІ ЖАСТАР КІМГЕ ЕЛІКТЕЙДІ?

shutterstock_116278801

Әр заманның өз батырлары, өнеге тұтар тұлғалары болады екен. Ертерек бір кездерде дін таратушылар ықпалды болыпты. Кейіндеу – бала оқытушы ұстаздар… Ал өзіміз көріп, ақыл-кеңесіне жүгініп жүрген қаламгер аға-апаларымыз кеңестік дәуірде суретшілер, жазушылар, ғалымдар мен еңбек адамдарының жұлдызы жоғары болғанын айтады.

Бүгін ше?..
«Теледидар қандай болса, қоғам сондай» дейтін қағида бар. Телебағдарламалардың бәрі дерлік сахна саңлақтарының өнері мен өмірін, тіпті, күнделікті тұрмыс-тіршілігін насихаттауға арналып келеді. Өнер адамдарының киген киімі, ішкен асы – тележурналистердің көрген-баққаны. Алайда, қоғамдағы елеулі оқиғалар кезінде елді аузына қаратып қойып, есті сөз айтуға сол «жұлдыздардың» өресі жетіп жүр ме? Бұқара халық дағдарып, әлдебір қауіп-күдік алдында тұрғанда кімге жүгініп, кімнен сүйеніш іздейді?..
Ал көгілдір экранды ойын-сауық пен ән-күй, шоу, жеңіл әңгімелер жаулағаны жастардың тәрбиесіне қалай әсер етеді?..
Бұл тақырыпта біздің қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын ой-пікірлер айтылып тұрады. Әйтсе де, біз бүгін «Ендігі тұлғалар кімдер, жастар кімдерді идеал тұтып, кімдерге қарап бой түзеп жүр» деген сауалдар бойынша замандастарымыздың пікірін сұрап көрдік.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,
айтыс ақыны:

Жаппай әншілерден тұлға жасау – жақсылыққа апармайды
Ілгеріде ақын-жазушылардың кітаптары, газет-журналдар жүз мыңдаған тиражбен шығатын. Қаладан бөлек аудан орталықтарына, ауыл-ауылдарға, бөлімшелерге, тіпті, малшы қыстақтарына дейін жүйелі түрде жеткізіліп тұратын еді. Бүкіл ел көлемінде жазылған жаңа көркем шығармалар, ғылыми еңбектер мерзімді баспасөз арқылы таныстырылып жататын. Қазір сол жүйені әлсіретіп алдық.
Екіншіден, бүкіл елімізде бір-екі телеарна ғана болатын. Оның эфирі көркемдік кеңес арқылы сұрыпталып, ең маңызды мәселелер ғана қозғалатын. Жазушыларымыз, ғалымдарымыз радио-телеарналардан сол уақыттың өзекті тақырыптарын талқылап тұратын. Әрине, цензура да болды. Дегенмен, сапаға баса мән берілетін. Ал қазір коммерциялық телеарналар көбейіп, осы үрдісті бұзды. Эфирлеріміз мәнсіз-мағынасыз шетелдік дүниелерге толды. Соларға еліктеген жас әншілеріміз аты қазақша болғанымен, сөзі де, өзі де түсініксіз әндер жазып, кейінгі буынның сана-сезімін улап жатқаны – ащы шындық. Оған интернеттегі әлеуметтік желілердің де әсері бар. Арналарымыз рейтинг жинау деген бәсекеге түсіп, көрермен тарту үшін әншілерімізді жүргізуші ретінде экранға шығаруды көбейтті. Әншілердің арасында да интеллектуалдық деңгейі жоғары азаматтар бар. Олардың біразы журналистика, театр саласында жоғары білім алған. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ, барлығы бірдей солай деуге болмайды. Ақшаның күшімен шетелде клиптер түсіріп, танылған кейбір жас әншілерімізді қалай тұлға дей аламыз? Кейбіреуі екі сөздің басын құрап айта алмауы да мүмкін. Соларды экранға тележүргізуші ретінде шығарғанда шынын айтайын, қатты намыстанам! Небір мықты журналис­тер, жүргізушілер тұрғанда арнайы білімі жоқ әншілерді шығарып, рейтинг науқанына ұрынып жатқанымыз өкінішті.
Кезінде әншілерден де керемет тұлғалар шыққан. Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері өз заманының үлгі тұтар азаматтары болды ғой. Қазір де «Мұзарт», «Бәйтерек» тобы, Досымжан Таңатаров, Ақан Әбдіуәлі, Ерлан Рысқали, тағы басқалар сияқты өз саласында кәсіби деңгейі жоғары әншілер бар. Олар тұлға болса ренжімейміз. Онсыз тағы болмайды. Ал жаппай әншілерден тұлға жасау науқаны жақсылыққа апармайды. Мен оған қарсымын. Елімізде ашылып жатқан ғылыми жаңалықтарды, кітаптарды насихаттайтын телебағдарламаларды көбейту керек. Мектеп бағдарламаларында тұлғатану сабақтарын көбейту керек. Коммерциялық арналарды да өз тұлғаларымызды насихаттауға мемлекет тарапынан міндеттеу керек. Сонда келешегіміз жарқын болмақ.

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, «Бала тәрбиесі» журналының редакторы:
Біз үшін «жұлдыздар» еңбек адамдары болды
«Өткенге тас атсаң, болашақ саған оқ атады» деген бір жақсы сөз бар… Мен Кеңес Одағын көксеп отырғаным жоқ, десем де, кейде сол кездің өзіне тән тәртібін аңсайтыным рас… Біз Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты кітабын оқып өстік. «Батыр бала Болатбек» деп әндетіп өскендіктен бе, сол кездегі адамдардың бойындағы қайсарлық, жігерлілік, өжеттік қасиеттері бүгінгіге қарағанда өзгешелеу көрінетіні рас…
Өзіме де, өзімнің айналама да ерекше әсер еткен нәрсе – кезінде ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева мен механизатор, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспанбетова жайлы сол кездегі, яғни, бала кезіміздегі газет-журналдарға шыққан мақалалар мен суреттер. Бүгінгі жастарға бұл тіпті күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ, біздің бала кезімізде ол кісілерге үлкен құрметпен қарайтын. Өйткені, сол адамдар еңбек майталмандары болатын. Жалқаулықтың қас жауындай көрінетін олар. Қайсысын алсақ та: Зылиха Тамшыбаева, Наталья Геллерт… Мысалы, мектеп бітіре сала әуелі трактор, кейін комбайн рулін игерген Жадыра Таспанбетованың талай көркем шығармаға, ән-жырға арқау болғанын бәрі біледі. Ол комбайн бункері шнегіне аяғы ілініп, мүгедек болып қалған. Алайда, кейін протез аяғымен де комбайн жүргізді. Осындай жанқиярлық еңбегімен жастарға үлгі болды. Өмірсүйгіштігі, еңбекқорлығы, отаншылдығы арқасында биік дәрежелерге жетті. КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Мәртебелі атақ-дәрежелер алды. Міне, бізге үлгі болған осындай апалар болатын…
Біздің ауылда да тракторды шырқ үйіретін Айгүл деген жерлесім болды. Бүгінгі экранның бетін жаулап алған әншілердей емес, біз үшін «жұлдыздар» сол еңбек адамдары болды.
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқымаған адам жоқ шығар. Қыз біткеннің бәріне Меңтай идеал көрінуші еді. Меңтайға еліктейтінбіз, Меңтайдай болғымыз келетін. Әр қыздың жүрек түкпірінде Ерболға деген құрмет жатты. Қазақ жігіттерінің Ерболдай болғанын қалады. Мұның барлығы кітапқұмар болып өскеніміздің жемісі шығар. Солардай болсақ деп армандадық, еліктедік.
Бүгінгі жастар тек әншілерге ғана еліктейді. Соларға ұқсағысы келеді. Солардай болуға ұмтылады. Өйткені, қазір өте жиі насихатталатын – тек әншілер қауымы. Бүгінгі балалар біз сияқты «ұшқыш боламын», «космонавт боламын», «сатушы боламын» деп сан түрлі мамандықты айтып, армандай алмайтын да сияқты болып көрінеді маған. Кім білсін, «Әр заманның өз сұрқылтайы болады» деген…
Қоғамды тек әншілер билеп тұрғандай әсер ету – бірінші себеп болса, екіншіден, біздегі «тіл еркіндігі» бала арманына тосқауыл қойып тастаған сияқты, әлде маған солай көрінеді ме екен?.. Біз сияқты «болмасаң да ұқсап бағуға» талпынбайтын себебі – бүгін жер-көкке сыйғызбай мақтаған тұлғаны ертеңінде табанға салып таптау, жамандау… Осыны оқып-көріп өскен балада қандай идеал болсын?
«Идеал» дегенді мүлде басқаша түсінетін адамдар да бар. Өзгені емес, өз басымнан өтіп жатқанды айтсам… Жасырмаймын, менің идеалым – батыр атамыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова. Ол – көргенді келін, аяулы ана, кемеңгер әже… Ол – маған тәрбиенің айтудан емес, көрсетуден сіңетінін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатқан кісі. Зейнеп ападан естігенімді жан-жағыма айтып та жүремін. Енді мына қызықты қараңыз, «Зейнеп апаның жанында жүріп, неге басыңа орамал салмайсың?», «неге шалбар киесің?», қойшы, әйтеуір, болмайтын сұрақтарды қояды, киімдерім мен мінезімнен мін іздейді… Құдай-ау, қазақта Зейнеп Ахметова біреу ғой. Оны қайталау мүмкін емес, олай болмайды да!
Өкінішке қарай, әзірге біздегі «идеал» ұғымы осындай болып тұр…

Аңсаған МҰСТАФА, суретші:

Теледидардан кім көп шықса, сол жастардың идеалына айналады
Мен үшін бүгінгі тұлғалар – Айдос Сарым, , Ғалым Боқаш, Мұрат Әбенов, Ерлан Қарин секілді еркін ойлы, елжанды азаматтар. Бұларды оқыған да қызық, пікірлескен де пайдалы. Көп біледі, олардан көп нәрсе үйренуге болады. Бұлар – ағысқа қарсы жүзетін адамдар. Жаңа жол табады, әр проблемадан шығатын жаңа тәсілдер ұсынады. Бұғып үйреніп қалған адамдардан жақсы, тың идея шықпайды ғой.
«Жастар кімдерге қарап бой түзейді?» деп сұрадыңыз. Жастардың кімге қарап бой түзейтіндерін білмедім. Шынымды айтсам, неге екенін білмеймін әртістерге қарап бой түзейтіндер көп сияқты. Өткенде Украинада болып жатқан оқиғаларды талқылағаннан «Біреудің концертіне біреу кіре алмай қалып, төбелесіп қалыпты» деген сияқты ұсақ-түйек әңгімелер көбейген. Осының өзі жастардың не ойлап, кімдерге қарап бой түзеп жүргенін көрсететін шығар деп түйдім, өз басым. Әрине, «қазаны басқаның қайғысы басқа» деген де бар. Бір жағынан шет елдің арналары өте көп, біздікінен он есе көп, ол дұрыс емес үрдіс.
Жасөспірімдер, жастар үшін кімдер идеалға айналып жүр? Теледидардан көп көрген адамдар оларға идеалға айналады-ау. Сондықтан, теледидардан тек әнші-бишілерді көрсете бермей, жөні түзу әңгіме, жастарға айтары мол адамдарды шақырып, ток-шоулардың форматын тек ырқыл-жырқыл қылмай, жөндеу керек. Мамандық өте көп қой, біздікілер тек юрист болғысы келеді, ақшаның астында қаламыз деп ойлайды. Әрине, ақылды жастар көп қой, сонда да оларға еліктейтін адамдар керек-ақ.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ,
Республикалық «Болашақ»
қозғалысының жетекшісі:

Ұлттық тәрбиеге өзгерістер керек
Өз басым қасиетті өнерге және оның шынайы дәріптеушілеріне еш қарсылығым жоқ. Өнерсіз ұлт аз-ақ уақытта құрдымға кетпек, онсыз дербес ұлтты елестету мүмкін емес. Бірақ, өнерге ешкім қарсы емес және болуы да мүмкін емес деп, оны барынша саясиландыра беруге болмайды. Себебі, бумерангтің ертең қайтып келіп ұратыны о бастан белгілі. Дәл қазір біз не көріп отырмыз?! Біз ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерін әншілер және тағы басқа өнер иелерімен алмастырудың басталғанын (яғни, жалғасып келе жатқанын) көріп отырмыз. Әнші «пиар» керек деп, ешбір сұрақ пен тақырыптан тайсалмайды, яғни, өздігінен эфирден бас тартпайды. Белгілі бір жағдайда билікке де сол керек сияқты, яғни, қоғам үшін маңызды, өте ауқымды және ұлт тағдырымен үндес тақырыптарды талқылауға әдетте әншілер шығады. Әрине, олардың да аталған тақырыптарға қатысты өз ойын айтуға, жеткізуге толық құқы бар. Бірақ, ондай жағдайдың жаппай орын алуы – өте қауіпті жайт. Мемлекет о бастан ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеуі керек, ол оның негізгі функциясы және осы мақсатта әншілерді пайдаланса да, мен қарсы емеспін. Бірақ, көпшілік жағдайда олай болмай жатады.
Мемлекет ұлт болашағы үшін идеал мен кумирді өзі жасап, оны ұрпаққа ұсынуы керек. Саналы және салиқалы қоғамның бәрінде сондай. Бізде, бірақ, ол жоқ, «ел саясатпен айналыспасын» деген ниетпен әлдекімдер экран мен эфирдің бәрін ойын-сауықпен толтырып тастаған. Бұл арнайы жасалып отырған саясат екені айтпаса да түсінікті. Мұндай саясат ұзаққа бармайды, ол технологияны тек уақытша пайдалануға болады, біздің билік болса аталған тәсілді шектеу уақытын тым алыстатып жіберген сияқты. Әнші – депутат болуы мүмкін, бірақ ешқашан ол үздік депутат болмайды, себебі, оның стихиясы басқа, өмірлік мақсаты басқа…
Қалыптасқан жағдайда, егер эфир әншілерден босамайтын болса, онсыз да рейтингісі төмен отандық арналар одан сайын құлдырай бермек. Отандық арналар мен ұлттық тәрбие бағытына үлкен өзгерістер керек.

ТҮЙІН

Психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, адамдың ақпаратты қандай жолмен сіңіріп, жадына қалай жүктейтіні қандай сезімінің дамығанына байланысты. Кейбір жастардың естігенін есте сақтау қабілеті жетік болса, енді бірі көргенін есте сақтауға бейім келеді.
Десе де, бүгінгі күні кітап оқыту, ақыл айту арқылы бала тәрбиелеу сирек жағдай дейді психолог. Ақпараттық технологияның шарықтап дамуы адамның көру арқылы есте сақтау қабілетін жетілдіріп отыр.
Ендеше, жастардың кім көз алдында көбірек көлбеңдесе, соларға еліктейтіні түсінікті. Көгілдір экран арқылы қандай азаматтар жиі насихатталса, бүгінгі ұрпақ соларға қарап бой түзейді. Бұл орайда, интеллектуалдық өресі, өмірден түйгені мен сіңірген еңбегі айтарлықтай болмаса да, жастардың әншілерге еліктейтіні жаппай белең алып барады. Бұған телебағдарламалар арқылы сахна «жұлдыздарының» өздері тұтынатын зәулім үйі, қымбат көлігі, бағалы киімдері мен сәндік бұйымдары туралы жиі әңгімелеуге, шет елдердерде қыдырып, қалай дем алғанын, қандай көңілді кештерде болып, қалай жасанып жүргенін – жалпы тұрмысы елден жақсырақ екенін жария қылып көрсетуге қымсынбайтыны да себеп.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жастар көргеніне еліктейді. Ал ықпалы артып отырған көпшілік ақпарат құралдары бүгінде бұқара елдің мәдениетін, талғамын өсіріп, танымын кеңейту міндетін ұмыт қалдырған. Қазіргі телеарналардың, бір сөзбен айтсақ, жас буынды «тәтті күлшемен» қызықтырып, құрдымға жетелеп бара жатқаны жасырын емес.

Дайындаған: Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button