Қала мен Сала

ЭНЕРГЕТИК МАМАНДЫҒЫ – ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ ІС

фото Лукашев

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көңіліне елене бермейтін мамандық иелері болады. Міне, осындай қаделі мамандықтың қадырын асырып жүрген жандардың бірі – «KEGOC» АҚ «Ақмола ЖЭТ» сынақ және диагностика жасау қызметінің бастығы Иван Лукашев.

Иван Иванович саналы ғұмырының отыз жылға жуық уақытын энергетика саласына арнапты. Атаулы энергетик мамандық таңдаған жылдарын сағынышпен еске алады. «Энергетика саласына 1985 жылы, Целиноград ауыл шаруашылық институтын инженер-электрші мамандығы бойынша тәмамдаған жылдары келдім. Бұл іске жүрек қалауымен келгенімді мақтан етемін» дейді Иван Лукашев.

– Осы саладағы алғашқы қызметтік баспалдағым – «Целинэнергоның» жоғары вольтты электр желілерін сынау, асқын кернеуден қорғау және өлшеу жөніндегі жергілікті қызмет инженері еді. Осы алғашқы жұмысқа деген адалдығым мен қызығу­шылы­ғымнан-ақ, ғұмыр бойы осы салада нәпақамды тауып, тұрақтап қалаты­нымды сезінеген едім. Мамандық ауыс­тыру немесе өзге кәсіп іздеу ойы­ма кіріп те шықпады, – дейді Лукашев.

Өз ісінің кәнігі шеберіне айнал­ған Иван Иванович алғашқы тәлім­герлерін сынау және кернеудің ұлға­йып кетуінен қорғау қызметінің (СКҰҚ) бастығы Евгений Трапезников пен сынақ жөніндегі электр монтері Иван Лар­шинді аса ілтипатпен еске алады. «Жоғарыда есімдері аталған адамдар – энергетика саласының майталман мамандары, олар маған электр жаб­дықтарын сынаудың теориялық және практикалық негіздерін түсін­ді­ріп қана қойған жоқ, аталмыш маман­дыққа қызығушылығымды арттыра түсті, – дейді И.Лукашев, – Жалпы, қызмет барысында білікті басшылармен жұмыс істеуде жолы болған адам екенімді жасырмаймын.  Тоқсаныншы жылдардың аяғында «KEGOC» АҚ-да қызмет еткен аса білікті маман, мық­ты теоретик әрі практик Николай Ники­тиннің қарамағында жұмыс істеу бақыты маңдайыма бұйырды.

Қарамағына 25 құрылымдық бөлім­шесі және төрт аумақтық – Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл электр желісі кіретін «KEGOC» АҚ «Ақмола ЖЭТ» филиалында қыз­мет істейтін Иван Лукашев қазіргі кездегі ұжымын мақтан тұтады, әрі осы ұжымда қызмет етіп жүргенін мәртебе санайды. Филиал директоры Жаңабай Алшынбеков те ұжым ішінде кәсіби ынтымақтастық пен нақты мақсатқа ұмтылушылық ахуалын қалыптастырып, қызмет­керлерді өз міндеттеріне ынталандырып, жауапкершілік сезімдерін жете сезіну рухында тәрбиелеп жүрген білікті басшы.

–  «KEGOC» компаниясында жұмыс істеу мен үшін зор мақтаныш. Біздің компания негізгі міндетімен қоса, Қазақстанның бірегей электр желілерінің заманауи техникалық, экономикалық және экологиялық талаптарға, кәсіби қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау стандарттарына сай жұмыс атқарып, тиімді дамуын қамтамасыз етуін назардан тыс қалдырған емес, – дейді Иван Иванович.

Иван Лукашевтің еңбек жолында отбасының да ықпалы зор болды.

– Ата-анамның жоғары білімдері болмаса да, оқып-тоқығанның пайдасы мол екенін жақсы түсінді, менің қалаған мамандығым бойынша жоғары білім алуыма қамқорлық жасады. Сол үшін оларға алғысым шексіз. Отбасы мен үшін өмірлік ұстанымымның тірегі. Мені өмірлік жарым да қолдап, қоштап отырады, – дейді Иван Иванович.

Энергетика саласы қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала екені жасырын емес. Электр өндірісі – физикалық үдеріс, одан қор жинақтап, кейінге пайдаланам деп әсте сақтап қоя алмайсың.  «KEGOC» АҚ «Ақмола ЖЭТ» фи­лиа­лындағы өндірістік тізбектің негізгі буындарының бірі – Иван Лукашев жұмыс істеп жүрген сынақ және диаг­ностика жасау қызметі. Оның міндеті уақтылы диагностика жасау арқылы электр жабдықтарының бүліну қаупін азайту болып саналады.

– Қазіргі кезде өндірістің барлық саласын қамтыған техникалық прогресс энергетиканы да айналып өт­кен жоқ. Компанияның энергетика шаруашылығын жаңғыртып, тех­ни­­калық жарақтандыруға ұмтылып отыр­ған қадамы – республикамыздың энергетикасын дамытудағы жаңа да қызықты кезеңге айналып, жас буын энергетиктерді қатарымызға тарта берері сөзсіз, – деп сөзін түйіндейді Иван Иванович.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button