Қала мен Сала

Энергетиктер әулеті

Астана қаласында екі ғасырға жуық уақыт бойы энергетика саласында қызмет етіп келе жатқан әулет тұрады. Адал еңбегімен өзгелерге үлгі болып, энергетика саласы өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналған Сыздықовтар отбасының 8 бірдей мүшесі бас қаланы жылу мен жарықпен қамтып отырған іргелі өндіріс орны – «Астана-РЭК» мекемесінде қызмет етіп келеді.

ener

Энергетиктер әулетінің негізін қалаушы Қадиша Жиенбаева (Сыздықова) Целиноград қалалық электр желісіне (қазіргі «Астана-РЭК» мекемесі) сонау 1960 жылы келген екен. Ол сол жерде өмір бойы бақылаушы болып еңбек етіп, зейнетке шық­қан. Адал еңбегінің арқа­сында көзге түсіп, қатары­нан бірнеше рет қалалық және аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Партия комитетінің мүшесі болды. Талай мәрте жо­ғары дәрежелі орден, медальдармен марапатталған. Суреті «Құрмет тақтасынан» түспейтін нағыз еңбек адамы болды.

Әулет дәстүрін кейін Қадиша Үсенқызының екі ағасы жал­ғас­тырды. Нығметжан Сыздықов электр маманы болып қызмет етті. Ол да бұл салада ұзақ уақыт бойы, яғни табан аудармастан 36 жыл бойы еңбек етеді. Жас­тайынан осы салаға жақын өскен Нығметжан арнайы оқуды тәмамдаған соң, еш ойланбас­тан қалалық электр желісіне жұмысқа тұрады. Еңбек жолын қарапайым жүргізуші болып бастаған ол аға шебер деңгейіне дейін көтеріледі.

Бұл әулеттің тағы бір мақта­нышы деп Егінбай Сыздықовты айтуға болады. Ол әулет тари­хындағы ең көп еңбек өтілі бар адам саналады. Жалпы еңбек өтілі – 47 жыл. Сонау 1968 жылы еңбек жолын қарапайым электрик болып бастаған Егінбай Үсенұлы 1980 жылы шебер, содан кейін аға шебер болып тағайындалды. Ол да қарындасы Қадиша секілді бірнеше рет аудандық және қалалық кеңес депутаты болып сайланды. Көп­теген медаль, алғыс хат, марапат иегері атанады. Өз саласының үздігі бола білді. «Целинэнерго» мекемесі қызметкерлері арасындағы республикалық, қалалық және облыстық жарыс­тардың бірнеше мәрте жеңім­пазы болды. Компанияның дамуына үлкен үлес қосқан Үсен­ұлының фотосуреті әлі күнге дейін кәсіпорынның «Құрмет тақтасына» ілулі.

Кейін анасының еңбек жолын қызы Дәметкен Адахманова жалғастырды. Ол «Астана-РЭК» мекемесінде 1980 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Мен оқуымды аяқтағаннан кейін, бірден қалалық электр желісіне келдім. Міне, содан бері қарап отырсам 36 жыл өте шығыпты. Өндіріс табалдырығын алғаш аттаған күннен бері анамның бір кісідей еңбегі сіңген, қолтаңбасы қалған кәсіпорында жұмыс істеп келемін. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Расын айту керек, бір мекемеде бүтіндей бір әулеттен 8 адам еңбек ету деген өте сирек кездесетін жағдай шығар деп ойлаймын. Бұл өндіріс орнында әр жылдары Сыздықовтар әулетінен тағы үш ағамыз еңбек етті. Соның бірі – Мұхамеджан Үсенұлы. 1993 жылдан 2015 жылға дейін жұмыс істеді. Қали ағамыз осы жерде 1976 жылдан бері еңбек етіп келеді, қазір аға шебер. Елубай Үсенұлы да «Астана-РЭК» мекемесінің білікті техниктерінің бірі» дейді Дәметкен Құлтасқызы.

Бүгінде әжесі негізін қалап кеткен энергетиктер жолын Сыздықовтар әулетінің қос бірдей немересі жал­ғастырып келеді. 1986 жылдан бері атал­ған кәсіпорында қызмет ететін Сәкен Сыздықов қазір қызмет бас­шысының орынбасары лауазымын атқарады. Әулеттің ең кенже маманы – Данияр. Солтүстік Қа­зақстан универ­си­­те­тінің түлегі. Ол да «Ас­тана-РЭК» қабыр­ға­сында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Қызметі – диспетчер.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button