Энергиялық тиімділікке арналған халықаралық форум өтуде
Астана қаласында «Энергиялық тиімді серіктестік: жаңа шынайылық» тақырыбында VI халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Форумның басты мақсаты – энергия тиімділігіне, төмен көміртекті дамудағы, қоршаған ортаны қорғаудағы энергия үнемдеудің рөліне, CBAM және ЭСКО тетіктеріне, сондай-ақ бюджеттік сектор мен ғимараттардағы энергия тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, өнеркәсіпті цифрландыру мәселелері. Халықты энергия үнемдеу процестеріне тарту және ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
Іс-шараның ашылуында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова құттықтау сөз сөйледі.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының өсуімен энергия ресурстарына деген қажеттілік тек қана артып келеді. Соңғы 5 жылда елде жалпы энергия тұтыну 12%-ға өсті, тұтынудың үштен екісі тұрғын үй және өнеркәсіп секторларына тиесілі. Экономиканың әртүрлі салаларында энергия тиімділігін арттыру үшін Үкімет мақсатты саясат жүргізіп жатыр.
Жәннат Дүбірова Мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бесжылдық іс-шаралар жоспары сияқты пайдаланудағы құралдарға тоқталды. Сондай-ақ, Мемлекеттік энергетикалық тізілім аясында 2015-2023 жылдар аралығында 2 мыңнан астам энергетикалық аудит жүргізіліп, нәтижесінде 443 млрд теңгеге энергия тиімділігін арттыру шаралары жүзеге асырылды. 129 миллиард теңге үнемделген. Нәтижесінде өнеркәсіп секторының энергия сыйымдылығы 48%-ға төмендеді.
Сондай-ақ шара барысында ҚР Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Еділ Жаңбыршин, «Dena» неміс энергетикалық агенттігінің басқарушы директоры Кристина Хаверкамп, Nazarbayev University президенті Ахмад Вакар да сөз сөйледі.
«Energy-efficient partnership 2024» пленарлық отырыстар, панельдік сессиялар және салалық подкасттар форматында өтті. Форумның негізгі бағыттарының қатарында «Инновациялар және технологиялар», «Заңнама және саясат», «Халықаралық тәжірибе және ынтымақтастық» тақырыптары бар.
Форум жұмысына салалық министрліктер мен мемлекеттік ведомстволардың, жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ энергия тиімді технологиялар мен жабдықтардың жетекші өндірушілері қатысуда.
Шара аясында «Green Awards 2024» марапаттау рәсімі, «Энергиялық тиімді серіктестік: жаңа шынайылық» тақырыбында пленарлық отырыс, «Тұрғын үй саласында және ғимараттарда энергияны үнемдеу», «DENA», «Энергияны үнемдеудегі стратегиялар мен реттеу. Автоматтандыру, цифрландыру және стандарттау» атты панельдік сессиялары өтті.