Мәдениет

ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ БІРЛІГІ

43-1-4

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жыл дың 19 наурызында Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойып, оның  тарихи маңызына ерекше мән берді. Бұл сессияны өткізу мерзімі 23 сәуірге белгіленген.

Елбасы төрағалық ететін Ассамблеяның бұл сессиясының күн тәртібінде қаралатын «Мәңгілік Ел: бір ел-бір тағдыр» тақырыбына сәйкес, Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық, конфессияаралық бірлікті нығайту мен қоғамдық-саяси келісім мәселесі қаралады деп күтілуде.  Жалпы, ел дамуында этникаралық бірліктің алатын орны ерекше.  Қазақстан өз тәуелсіздігінің 23 жыл бедерінде осыны басты ұстанымға алып, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жақсаруына барынша ықпал жасады. Осы арқылы дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын көздеп отыр. Бұған толық мүмкіндік бар деп сеніммен айта аламыз.

Өткенге назар аударар болсақ, 2014 жылдың 18 сәуірінде өткізілген Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында 2015 жылды Қазақстан халқы ассамблеясы жылы ретінде қарастыру бастамасы көтеріліп, ол жөнінде форум өткізу туралы шешім қабылданды. Анығында, Ассамблея өзінің қалыптасу кезеңінен бірқатар игі істерді жүзеге асырып, этникаралық тұрақтылықты қалыптастырған, Қазақстандағы 130 ұлтты бір мақсатқа жұмылдырған жалпыұлттық институтқа айналды. Әлемде мұндай институт бірен-саран десек те болады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл құрылым елдің бірлігін бір арнаға ұйыта білген киелі шаңырақ болып саналады. Ассамблея статусының ерекшелігі сол, оның құрамындағы мүшелерге Парламент дептутаты болуға мүмкіндік жасалған.

Ассамблея жылы – қатардағы көп мерейтойлардың бірі емес. Бұл мезетте аста-төк той болмайды, еліміз дамуына серпін беретін нақты істер сараланып, оның іске асуына жол ашылады. Тәуелсіздігімізге тірек болған Ассамблея осынысымен де құнды, осынысымен де тарихи дәуір кезеңінде айрықша маңызға  ие болып отыр. Өйткені, күйреген империяның ықпалымен болған Қазақстанның бір ізділік экономикасын басқа қырынан оңтайландыру күн тәртібінде тұрды. Оған қоса шекара сызығын айқындап бекітіп, мемлекеттілікті нығайтып, ешкімге ұқсамайтын Қазақстан жолын салуға бір кісідей атсалысу қажет болды. Мұндай ауқымды міндеттерді іске асырудың алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Соның ізін ала бірнеше аптадан кейін өткізілген Қазақстан халқы ассамблеясының бірінші сессиясында Елбасы сөз сөйлеп, елдің айтулы тарихи кезеңге қадам басқанын мәлімдеді: «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын» деген-ді.

Уақыт өте келе жаңа дәуірдің сындарлы кезеңінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бір кездері алдына басты мақсат етіп қойған жоғарыдағы істер орындалып, жаңа бағаналы мекен әсем Астана бой көтерді. Осы жерде іргелі мемлекеттердің ортақ мүдделері  сараланып, әлемдегі бейбітшілік пен татулықтың  қағидасы талқыланып, еліміз мәртебесі биіктей түсті. Ол тарих парағына қатталып, жазылып жатыр.

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтіледі.Мемлекеттілігіміздің қалыптасуы кезеңіндегі хандарымыздың дәуірін, сол тұстағы жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен ұрпақ санасына сіңіру  аса маңызды.

 

Әмірхан Алмағанбетов, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button