Қоғам

Ең маңызды қасиет – адамгершілік

2011 жылдан бері қарай жыл сайын қазанның соңғы жексенбісінде елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Биыл бұл мереке 27 қазан күніне тура келді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 35 мың маман бар екен. Ал республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны 12 704 адамды құрайды, оның 1 251-і үкіметтік емес секторларда жұмыс істейді.

Сондай-ақ Әлеуметтік қызметкерлер әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық сынды 8 қызмет түрін көрсетеді.

Шын мәнінде әлеуметтік қызметкерлерінің еңбегін бағалау Президентіміз айтқан «Еңбек адамын қадірлеу» саясатынан алшақ кетпейді. Сондықтан біз арнайы аталған мерекеге орай 2017 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі атынан Құрмет грамотасымен, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің атынан «Қазақстан Тәуелсіздік 30 жыл» мерекелік медалімен наградталған, қазіргі таңда Астана қаласының Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде қызмет атқарып жүрген Салтанат Мұқатаевамен әңгімелесіп, жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

Ең әуелі сөзін Әлеуметтік қызметкер – бұл жай ғана мамандық емес, ол бейжай қарамайтын, жаны ашық және жүрегі мейі­рімді адамдарға лайықты кәсіп екендігін айтқан Салтанат Арназарқызы аталған мерекені тойлау өзінің шынайы жанашырлығымен қамқорлығының арқасында қарт адамдарға қызмет ететін, мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсететін барлық адамдарға деген шынайы құрметтің дәлелі екендігін атап өтті.

– Мен 1965 жылы 29 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданы Амангелді ауылында дүниеге келгенмін. Ал 1971 жылы Амангелді орта мектебіне бардым. Сөйтіп, 1980 жылы мектепті үздік тәмамдап, Петропавл қаласындағы Медициналық училищеге «Фельдшер» мамандығына оқуға түстім. 1984 жылы айтылған мамандықты тәмамдап, диплом алдым. Сол жылдың маусым айынан бастап Совет ауданының Лесная поляна ауылының фельдшер-акушер пунктінің меңгерушісі қызметіне таға­йындалдым. 1986-1989 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Астрахан орта мектебінде медбике, 1990-2003 жылдары Совет ауданында лаборант, 2005 жылы Петропавл қаласында №2 қалалық ауруханада лаборант қызметтерін атқардым. Ал 2005 жылдың қазан айынан бастап Астана қаласының «Қарттар мен мүгедектерге арналған» медициналық-әлеуметтік мекемесінде ем-дәм бикесі қызметіне тағайындалдым. Қазіргі таңда сол мекемеде қызмет атқарып жүрмін, – деп өзінің өмірбаяны мен еңбек жолына да тоқталып өткен Салтанат Арназарқызы өзінің қызмет құзырына не жататынын да айтып өтті.

– Менің мұндағы қызмет барысындағы міндетіме нормаларға сәйкес мәзір жасау, азық-түлік салуды бақылау, дайын тағамды бракераждау, азық-түлікті қоймада сақтауды бақылау, келіп түсетін тауарлардың сапасы мен жай-күйі және олардың сертификаттарға сәйкестігі, азық-түлік блогының санитарлық жағдайын бақылау кіреді. Бірақ ең бастысы, менің міндетім – біздің қызмет алушыларымызды дәмді тамақтандыру, өйткені егде жастағы адамдарға арналған тағам пайдалы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі болуы керек. Қазіргі таңда біздің мекемеде 341 адам қызмет тұтынады, оның ішіне қарттар мен мүгедектер кіреді. Егде жастағы адамдардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мәзір жалпы типтегі интернат үшін 15 үстел және қант диабетімен ауыратын адамдар үшін 9 үстел дайындалады. Дұрыс және пайдалы тамақтануда барлық қажетті нормаларға және ережелерге қатаң сәйкес ұстанамыз, бірақ біздің қызмет алушыларға ең маңыздысы – біздің адамгершілігіміз, – дейді Салтанат Мұқатаева.

Жалпы Әлеуметтік қызметкер болу жанашырлық, психологиялық төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Себебі бөгде адамның бабын табу оңай емес екендігі бәрімізге белгілі. Сондықтан бұл салада қызмет атқарып жүрген адамдардың еңбегі қашанда мақтауға да, марапаттауға да лайықты.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button