Жаңалықтар

ЕҢ ҮЗДІК ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ – АСТАНАДА

Елордалық дәрігерлер Алма­тыда өткен Жедел жәрдем бри­гадаларының республикалық жарысында жеңіске жетті.

ZAH_4432

Екі кезеңге бөлінген сайыс санитарлық авиация қызметтері, жедел жәрдем және симмуляциялық орталық мамандарына арналған конференция аясында ұйымдастырылды. Турнирге Қазақстанның барлық өңірінен келген жедел жәрдем бригадалары қатысты.
Алдымен, дәрігерлер өткір коронарлы синдроммен ауыратын науқастар мен жол көлік оқиғаларынан жарақаттанған адамдарды құтқарды, балалар мен ересектердің жүрегіне, өкпесіне реани­мация жасады. Сондай-ақ, анафилак­ти­калық шок сезінген балаға қалай көме­тесетінін көрсетті.
Сайыстың екінші жартысында жедел жәрдем бригадалары әйелді үйде босандыру мен жаңа туған шақалаққа реанимация жасаудан және босанғаннан кейінгі қан кетуді тоқтатудан жарысты.
Алматы медициналық колледжінің студенттері медициналық жарыстың ерікті пациенттері болды. Сондай-ақ, мұнда манекендер мен қазіргі заманғы симмуляциялық жабдықтар қолданылды.
Аталмыш турнир 10 жылдан бері Литва елінде ұйымдастырылып келеді. Алайда, Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Қазылар алқасының құрамына Литва жедел жәрдем қауымдастығының білікті сарапшылары енді.
«Елордалық дәрігерлер бас қала дәрежесіне лайық екенін көрсетті. Енді республикада үздік екенімізді сеніммен айта аламыз» деді Астана қаласының Жедел медициналық жәрдем станциясы емдеу бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары Раушан Молдабекова.
Бүгінгі таңда Астана қаласының жедел жәрдем станциясында 85 бригада жұмыс істейді. Күн сайын оларға науқастардан екі мыңнан аса шақырту келіп түседі.
Сәуір айынан бастап дәрігерлер же­делділіктің 1-ші санатындағы пациентке 10 минуттың ішінде жетіп жүр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button