Руханият

ЕҢБЕГІ БАР ЕРЛІККЕ БАЛАР…

Егемендіктің көк туын желбіреткен туған еліміз бүгінгі күнге талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп барып қол жеткізді. Күні кеше ғана келмеске кеткен Кеңес дәуіріне үрке қараудың жөні жоқ. Ол кезеңнің де өзіндік өнеге болар жақсы тұстары да, кемшіліктері де болды. Өнеге болған тұсы қазақ жастары білім алып, ғылым жолына түсті. Кемшін тұсы Қазақстанды бөлшектеп Ресейдің құрамына кіргізбек болғаны. Қазақ кадрларын өсірмеуі. Қалай болғанда да, өткен тарихымыздың бір беті. Кез келген ұрпақ өткеніне құрметпен қарап, өз дәуірінің перзенттерін тарих таразысынан зерделеп, әділ бағасын береді. Есіл өңірінің де ел сыйлаған өрендері көптеп саналады. Солардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет етуге арнаған асыл азамат Нұрмағанбетов Әбілқайыр Болысбекұлының есімін ерекше атаған жөн сияқты.

img-20161116-wa0010

Төле бидің:
«Асыл тусаң Керей бол,
Уақ болсаң – Шоға бол,
Айыр болсаң доға бол.
Арғын болсаң – Алтай бол,
Найман болсаң – Матай бол,
Байұлы болсаң – Адай бол,
Үйсін болсаң –Ботбай бол,
Бұл алтауы болмасаң –
Қалай болсаң солай бол» дегені Арғынның Алтай тармағынан тараған Әбілқайыр Болысбекұлына қарата айтылғандай. Қанды қасап зұлмат 1937 жылы қарашаның 15 жұлдызында Әбілқайыр Ақмола қаласында ерке Есілдің жағасында туыпты. Сауда қызметкері әкесі Болысбек Есілдің жағасына үлкен ағаш үй салса керек. Анасы Жамал Оспанова үй шаруасында болған. Әбілқайыр отбасындағы екінші бала. Әбілқайырдың балалық шағы дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Ол әрнәрсені білсем екен деп, танысам екен деп, қимылы ширақ, мейірімді, айналасындағы ағайын, туыс, көршілерінің ықылас-мейіріміне бөленіп өсті. Анасы баласын Әбкенім деп еркелетсе, ағалары мен достары «Авкен» деді. Өмірінің соңына дейін осы есім сыйластықтың, сенімділіктің, айнымас достықтың белгісіндей болып қалды.
Әбікеңнің айтуынша, әкесі Болысбекті әскерге соғыстың басында шақырса керек. Анасы Жамал соғыстың ауыртпашылығына қарамай, өзінің еңбекқорлығының арқасында, үш баланы ешкімнен кем де қылмай, аш та қылмай тәрбиелеп ел санатына қосыпты. «Көп сөз жалықтырады, үлгі қызықтырады» дегендей, ата-ананың еңбекке деген құштарлығы, өмірдегі адалдығы балаларының бойына дарыпты. Жаратқанның берген күші мен денсаулығының арқасында Әбікен, үлкен ағасы Ерғалимен тізе қосып, анасына қолқанат бола білді: мал жайлады, шанамен Есілден су тасыды, кез келген үй шаруасын ынта-жігермен атқарды. Өзі теңдес балалармен қосылып, жақын жердегі ұжымшарға барып жұмыс істеді. Масақ терді, мал бақты. Жасының тым кішкентайлығына қарамастан «тыл еңбеккері» атанды. Жұмыс пен тұрмыстың ауырлығына мойымай басқа жасөспірімдер қатарлы мектепке барды, сол кездің өзінде түрлі ойын-сауықтарға да уақыт таба білді. Маңайдағы бүкіл бала жиналып стадионға барып, футбол, волейбол, баскетбол, шайбалы хоккей ойнайтын алаңсыз балалық-ай! Аяққа конькиді лектіріп ап, Есілдің жалтыраған айнадай айдынында шыр көбелеп айналып, мұз үстінде айшықтау қандай ғанибет десеңізші! Ақ көрпе жамылған аппақ қыраттардан шаңғы теуіп со-онау биіктен көңіл қанатында зыр етіп төмен қарай құлдилап кеп, қарға көмп етіп күлкіге қарқ болатын алаңсыз-қамсыз балалық кім-кімге болмасын ыстық-ау, шіркін!
Ол жас кезінен білімге, өнерге жақын боп өсті. Білмекке құмартқан жас жүрегі үнемі ізденіс үстінде болатын. Спорттың кез келген түрінен қорықпай, соны үйреніп білуге талпынды. Бокспен де, күреспен де шұғылданды. Бірақ, сол спорттық үйірмелердің ішінде жанына жақыны жүзу мен шаңғы тебуді ерекше ұнататын еді. Тіпті, бала кезінде достарымен өзара бәстесіп, бір көпірден екінші көпірге дейін өзенді кім бірінші жүзіп өтеді деп сайысқанда алдына жан салмайтын. Спортты жанына ғұмыр бойы серік етіп, кіндігінен тараған ұрпақтарына да осыны ұлағат етті. Жоғары сыныптарда оқуға ынтасы артып, ерекше ден қойды. Оған себеп, кеңестің келмеске кеткен саясатының шеңберінде елімізде тың игеріле бастады. Осыған орай жер-жерден мамандар Қазақстанға ағылып, еліміздің өркендеуіне өзінше үлес қосты. Москва, Ленинград сияқты ірі қалалардан көшіп, қоныс аударған мұғалімдер оқушылардың білімге деген құштарлықтарын арттыра түсіп, ой-өрістерін кеңейтуге барынша ықпал жасады. Әбікен математика, физика, әдебиет сияқты пәндерге аса қызығушылық танытып, тереңінен зерделей оқып, сондай-ақ, мектепішілік өткізіліп тұратын мәдени шараларда да өз өнерін ортаға салатын. Осылайша оның музыкалық қабілеті ашылып, жас шағында деликон сияқты аспапта да шебер ойнаған. Осы дарынының арқасында қалалық үрлемелі оркестрде өнер көрсетіп, талғамы биік тыңдаушыларын талай мәрте сүйсінткен. Өнер мен білім оның қосқанаты секілді еді. Өнерге деген ынтызар көңілі оны ғұмыр бойы алға жетелеп келді. Ол жүрек қылын шертетін қазақ әндерін оның ішінде дәстүрлі әндерді сүйіп тыңдайтын. Әсіресе, Шәмшінің әндері ән төресі ғой шіркін. Ол өмірге ғашық еді. Өнерге ғашық. Шәмшінің әндерін құлақпен есту аздық етеді. Оның лирикалық иірімдерге толы жүрек қылын шертетін сырлы, сазды, әуезді әндері шырқала бергенде жүректің өзі дір етіп, тына қалатыны бар…Ол күніне мың мәрте Шәмшінің әндерін тыңдай беруге бар еді, соңғы жылдары МузАРТ тобының орындауындағы әндерді сүйіп тыңдады. Былайғы өмірде өзін қарапайым ұстайтын, адамға жаттығы жоқ, кішіпейіл боп өсті. Өнер мен білімді қатар өріп, тең құрбысының алды болды. Ол кез-келген ортаға тез сіңіп, адамдармен бірден тіл табысып, бауыр басып кететін қабілетке ие еді. Мейірімі мен жомарттығы, жан баласына жаттығы жоқ бауырмалдылығы көп ішінен көзге бірден түсер сырбаз да сұлу кескін келбеті оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Содан болар Әбікеннің достары өте көп еді, қыздар да қызыға қарап, оның етегінен ұстап адал жары атансам деп армандайтындар қарасы көп болатын. Ең жақын сырлас досы – Марат Исмаилов. Екеуінің жұбы жазылмай үнемі бірге жүретін. Би кештеріне де бірге барып, қыздармен танысып, таңды таңға жалғап, ай-жұлдыз ғана куә болған сырға толы, жырға толы, жалындаған жастық отқа толы, жас дәурен күндер-ай!.. Жан сезбес сырларын да осы жан досы Маратпен бөлісетін. Достықтың ақ адал туын жықпай, олар сан жылдар тіпті, ақтық демі қалғанша ақ адал достыққа кіреуке түсірмей өтті.
1957 жылы мектепті бітірісімен Әбікен Ақмоладағы құрылыс техникумына оқуға түсті. Алған терең әрі зерделі білімінің арқасында техникумда ол өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрды. Еш қиындықсыз емтихандарды үздік деген бағаға тапсырып, 1960 жылы техникумды ойдағыдай тәмәмдап армандаған мамандық иесі атанды.
1962 жылы құдай қосқан қосағы Іңкәрді кездестіріп, отау тігіп, шаңырақ көтерді. Іңкәр ол кезде балабақшаға енді ғана орналасқан жас маман медбике болып қызмет атқаратын. Шаңырақты ізгілік пен мейірімге бөлеген Іңкәр Әбікенмен тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ жалғасы, көзі мен қарашығы Талғат есімді ұлдары 1963 жылы дүние есігін ашты.
Әбікен қашанда білімге құштар болатын. 1963 жылы оқуын жалғастырмақ ниетпен Ленинград қаласындағы инженер-құрылыстық институтына түскен еді, алайда, соңғы курстарда Целиноградтағы институтқа ауысуына тура келді. Оған себеп, ол институт қабырғасында оқып жүргенде өзінің курс-тас қарагөз қарындасының намысын қорғаймын деп төбелесіп, басы дауға қалған екен. Пайымдар болсақ, қалың орыстың ішінде жүріп, қазақ қызының намысын таптатпаймын деп араша түсуінің өзі оның азаматтық келбетін, өршіл рухын айшықтайтындай. Содан 1970 жылы Целиноград инженер-құрылыстық институтының сырттай бөлімін тәмамдайды. Ол сырттай оқу оқи жүріп, сол аймақтағы «Целингражданпроект» жобалау институтының бас жобалаушы қызметін абыройлы атқарып жүрген. Республикамыздың кейбір аймақтары мен ел жүрегі Астанада оның басшылығымен бірнеше ірі құрылыс нысандары бой көтерді. Жүздеген құрылыста оның қолтаңбасы жатыр. Инженерлік-құрылыстық істе қай жұмысты қолына алмасын оны асқан білімдарлықпен аса жауапкершілікпен орындап абырой биігінен көрініп жүрді. Осыдан болар, оған аса жауапты әрі ірі құрылыс нысандарының бой көтеру ісі сеніп тапсырылды. 60-80 жылдары оның басшылығымен Целиноградтағы «Тың игерушілер сарайы», қазіргі «Конгресс-холл», облыстық партия комитетінің (қазіргі Астана қаласының әкімдігі) ғимараты, «Есіл» қонақ үйі, №2,№3,№6,№7,№10 типтік мектептерді, бірқатар бала бақшаларды, тұрғын үй құрылысын салуда көп тер төкті. Өзі ақтық демі қалғанша ғұмыр кешкен үйдің де жобасын өзі салып, құрылысына да үлесін қосқан. 1971жылы Таразда болған жер сілкінісінен кейін қақыраған үйлерді жөнге келтіріп, жаңадан құрылыс нысандарының бой көтеруінің басы қасында болған да осы Әбікең. Бар-жоғы үш айдың ішінде қала көз танымастай жаңа сипатқа ие болып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, көне Тараз жасанып, түрленіп жайнап шыға келді. Осыған Әбілхайырдың қосқан еңбегі орасан.
Қазақ жерінде қала тұрғызу тарихының тамыры тереңде жатыр. Қазіргі Астана кешегі Целиноградта өзінің қолтаңбасы қалған инженер-жобалаушы Әбілқайыр Болысбекұлының басшылығымен бой көтерген ғимараттары әлі күнге дейін Астананың ажарын ашып тұр десек артық айтқандық емес. Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктеген тоқсаныншы жылдардың басында Әбікең Астана қаласын жобалау және құрылысын жүргізу ісінің бастауында тұрғандығын атап өткен ләзім. Сол кездегі ең ірі жиырма қабатты «Интерконтиненталь» қонақүйінің құрылысының басы-қасында да осы Әбікең жүрді. Осы салада ол абыроймен 47 жыл еңбек етіп, ел ықыласына бөленді. Зейнет жасына шықса да ол қол қусырып қарап отыруды жөн деп санамады. Салауатты өмір салтын ұстанып, немерелерін спортқа баулитын. Қыстыңгүні шаңғы теуіп, жаз бойы Есіл өзенінде шомылып өз денсаулығына жіті қарайтын. Жаяу жүргенді ұнататын. Астананың бүгінгі сәулеті мен келбеті үшін тер төккен абзал азаматтың еліміздің өркендеуі жолында атқарған еңбегін ерлікке баласақ та артық болмас.
Иә, бұралаң бұлтарысы көп өмір жолында адам түрлі қиындықтар мен сынға тап болатыны бар. Алланың жазуымен 1995 жылы отыз жыл отасқан адал жары дүниеден өтіп, қайғыдан жаны жүдеді. Қалай дегенменде, жалғызілікті ер адамға қиын. Тағдырдың жазуымен Гүлнәр есімді жанмен көңіл жарастырып, өмірінің соңына дейін бірге тату-тәтті ғұмыр кешті. Он тоғыз жыл отасқан жылдары ынтымақтасып өмір сүрді. Тәлімді, білімді ұстаз Гүлнәр да жан жылуын аяған жоқ, Әбікеңнің алтын басын қадірлей білді, жағасын кірлетпеді, атына шаң жұқтырмады.
Қазақ халқының «Жақсыдан жақсы туса, еккен шынарың емес пе…» дейтіні бар. Иә, рас тегі жақсы тегін еместігін танытты. Әбілқайырдың ұлы Талғат бүгінде әкенің жақсы аты мен ізгі мұратын жалғастырып, құрылыстың қыр-сырын меңгерген елге танымал инженер-жобалаушы болуының өзі біз жоғарыда тілге тиек еткен тек дейтін ұлылықтың тамырынан таралған қасиеттен екендігі сөзсіз.
Адамды абзал атына сай ететін адал еңбегі мен жағымды мінезі болса, бұл кісі өн бойына өз халқының момындылығы мен кісілігін, кішілігі мен ізгілігін, өнегесі мен парасатын бойына дарыта білген азамат. Үйрете жүріп үйренуден жалықпаған, сәтті жұмысына қуанған, сәтсізіне киналған осы азаматтың бітім-болмысына зер салсақ, біз жақсы қасиеттердің бәрі оның бір бойынан табылатынан аңғарамыз. Жаны ізгілікке іңкәр биязы жанның абзал бейнесіне қарап, өмірде кісілік пен кішіліктен асқан биік ұғым жоқ екендігін көз жеткізетінің айқын. Рахаты мен бейнеті қатар жүретін ерінбей ізденген жанға құпиясын жайып салып, ізгіліктің бесігінде тербететін, бір дәмін татқан адамды ыстық құшағынан жібермей, тереңіне батыра беретін сиқырға толы өмірдің өзін бақыт десе болмай ма?! Бақыт – әркімге бұйыра бермейтін алтын кілт.
Кез келген тұлғаның қадір-қасиеті – көпірме мақтау сөз, жарнама-дақпыртпен емес, оның жасаған ісімен, еліне, адамзатқа сіңірген еңбегімен бағаланады. Түптің түбінде таразыға тартылады. Халық жадында, ұрпақ санасында. Қай кезеңде болса да, қандай лауазымды қызмет атқарса да өз бағытынан таймай, азаматтық позициясына беріктік танытқан атпал азамат Әбікең ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, әдемі қартаюдың, ақылман ақсақалдың, салиқалы сарабдалдықтың, парасатты, салауатты өмір сүрудің үздік үлгісін көрсетіп кетті.
«Құданы Құдай қосады» дейді дана халқымыз. Осыдан бес жыл бұрын Әбікең мен мен, жұбайымыз Гүлнәр ұстаз бен Үмітжан қажы, ұлдарымыз Талғат пен Қанат, келіндеріміз Сәуле мен Дәмегүл қол алысып, кеуде қағысып, құшақ айқастырып, құйрық-бауыр жеп, мыңжылдық құда болғанбыз. «Әзірет Сұлтан» мешітінде немерелеріміз Айнұр мен Алмастың ата салтымен ақ некесін қиғанда, неке суынан ауыз тиіп, куә болып, Астананың төрінде дүрілдетіп халал той өткізгенде, ағайын-туыс, достарымыз бен құда-жекжат бізбен бірге қуанышқа бөленіп, ақ тілектерін аямай төккен. Алла тағала көптің тілегін қабыл етіп, өмірге ай маңдайлы шөберелеріміз келді. Әбікеңмен ақылдаса отырып, есімдерін Әлинұр, Іңкәр деп қойдық. Сыйластығымыз жарасып, төрдің сәні болып, таза көңілмен талай-талай келелі де тамаша әңгіме-дүкен құрған едік.
Уақыт неткен жүйрік десеңізші. Қадірлі Әбікең, құдамыз Әбілхайыр Болысбекұлының дүниеден өткені күні кеше ғана секілді еді. Содан бері сыныптай сырғып бір жыл өте шығыпты. Күнді түн, түнді күн түріп, өмір өз ағысымен үздіксіз зырлауда. Тіршілік заңы өзгермек емес. «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеге» кім келіп, кім кетпеді дейсің. Абай хакім айтпақшы, «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Әйтсе де, мынау жарық дүние есігін ашып, тіршілік бәйгесіне қатысқан әрбір пенденің бойында Жаратқан жүктеген белгілі бір аманаты және соны атқаруға жеткілікті қабілет-қарымы қоса болатыны сөзсіз. Сол аманатты дер кезінде танып-біліп, соған орай өмірін үйлестіре білген жанда арман бар ма, сірә. Өлшеулі өмірді мәнді өткізіп, өзіне тиесілі аманатты адал атқарып кеткен жандардың бірі – Әбікең. Әбікеңнің өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол, кісілікті жан еді. Өзі де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін. Мамандығы құрылысшы болғандықтан ба, ол кісі өте қисынды ойлап, жүйелі де нақты сөйлейтін. Артық не кем түспей, әрбір сөзін дәлелмен, дерекпен негіздеп отыратын. Жалпы, аязынан арқар ауған Сарыарқаның төсінде, соның ішінде Ақмоланың жерінде құрылыс ісімен айналысу айтуға оңай болғанымен асқан жігер мен қайрат, терең білімділікті қажет ететін аса жауапты, бейнеті орасан көп жұмыс. Әсіресе, қол астындағы қызметкерлерді бір мақсат жолына ұйыстыру және оған үнемі дем беріп отыру – кез келген жанның қолынан келе бермейтін ауыр да абыройлы іс. Мұндай жауапкершілігі аса зор іске білім мен білікпен қоса жұртты сөзіне иландырып, соңына ілестіре алатындай көшбасшылық қасиеттің де қажет екені де айдай анық. Қаланың барлық құрылыс мекемелерінің жұмысын айрықша сергектікпен қадағалап, жетекшілік жасап келген, Әбікең елдік мәселеге келгенде бағзы біреулер сияқты немкетті қарап отыра алмайтын елгезек жан болатын.
Әбікең шеберлігі әбден шыңдалған маман, өз ісін өте жетік меңгерген және барлық жұмысын асқан жауапкершілікпен атқаратын абыройлы адам болды. Бүкіл өмірін қала құрылысына арнаған, өз ұлтын жанындай сүйген қазақтың бірегей азаматы.
Әр адамға оңай көне қоймайтын, жаратылыстың өзімен тайталастырып, шындық үшін күресуге тура келетін білімнің биік белесіне шығудың өзі – зор абырой. Бірақ бұндай бақ әркімге жазбаған. Ал, ерен еңбегімен елге сыйлы, өзінің өнегесімен көпке үлгі бола білген Әбілқайыр Нұрмағамбетовтың ғұмыр жолы осындай ізгіліктің нұрына шомып тұрғанын байқайсыз. Абыз ақсақалдың осынау асыл қаиеттері мен өнегелі істері өз кіндігінен өрбіген немерелері Айнұр, Әлжан, Әнуарға, шөберелеріміз Әлинұр мен Іңкәрға жұғысты болсын, ал сауабы ақыретте өз рухына азық болсын дейік. Жаны жәннатта болғай. Аллаһу әкбар!!! Әмин!!!

Мұрат қажы Ыдырысұлы
Көкшетау-Астана

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button