Таным

ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ҮЛГІ, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Ел басына күн туған сол бір сұрапыл соғыс басталғанда Қабен Оспанұлы он үш жаста ғана еді. Буыны бекімегеніне қарамастан үлкендерден бір елі қалыспай, таңның атысынан күннің батысына дейін «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткен ол соғыс аяқталған соң, 1946 жылдың қыркүйек айында «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туып-өскен Қабен Маусымбаев кейін отбасымен Қараөткелге, яғни қазіргі Ақмолаға қоныс аударады. Осындағы насос зауытының жанында сол тұста орта мектеп болды. Осы мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін соғыс басталады да, комсомол комитеті ересек балаларды зауытқа жұмысқа жібереді. Олардың арасында Қабен ата да болды. Сол жерде еңбек ете жүріп, білімін жетілдіріп, темірден түйін түйген токарь болып шыға келеді.

Бүгінде тоқсаннан асқан ақсақалдың айтуынша, әкесі Оспан мен шешесі Бибіжан өте ақылды, көпшіл адамдар болған. Бір үзім нанды көршілермен бөлісіп жейтін олар: «Өмірде әрқашан бір-біріңмен ұйымшыл, тату болыңдар. Еңбектен әсте бас тартпаңдар» деп отырады екен балаларына. Осындай сөздерді құлағына құйып өскен балалар жұмысты жанына серік етіп, еңбекке ерте араласады.

«Соғыс басталған кезде апайым Ризабану он жетіде, ал қарындасым Күлтай бес жаста еді. Әкеміздің берген тәлімінің арқасында бір-бірімізден бір елі ажырамадық. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор болып ер жеттік. Кейін соғыс аяқталатын жылы әкей қайтыс болды. Бірақ, ұрпағына қалдырған өсиетін өмір бойы жадымыздан шығарған жоқпыз: жастай еңбекке араластық, енді міне қартайғанда сол бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз» дейді Қабен Оспанұлы.

Өз ойы соғыс біткен соң оқуға түсіп, мұғалім болу еді. Дегенмен, комсомол комитеті келешегіне сенім артып, алдымен Астрахан ауданына мемлекеттік қауіпсіздік қызметкері етіп жұмысқа жібереді. Бір жылдан соң Алматыдағы КСРО МҚМ мектебіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін 1956 жылы өтініші бойынша милицияға ауысып, Атбасар ауданына қызметке барған ол бастапқыда жол бойының милициясында болып, артынан аудандық милиция бастығының орынбасары қызметін атқарады.

Қай жерде, қай қызметте жүрсе де өзін барынша адал ұстап, жұмысын ерінбей, тиянақты атқарды. Қызметтестер мен қарамағындағылар арасында, халық алдында да зор беделге ие болды. Ешкімнің ала жібін аттамады, қанына сіңген қасиетінен танбай қашан да адал өмір сүруге, маңайындағыларды қолынан келгенінше қолдап-демеуге, қолұшын беріп, көмектесуге тырысты. «Содан да болар, қай жерде жүрсем де, кездесе қалса, жас-кәрісіне қарамай, бұрынғы қызметтестерім мен қарамағымда істегендер барлығы амандасып, сәлем беріп тұрады. Сонда ойға қалам: бұл дүниеде ыстық ықылас пен кең пейілден, қарапайым көңілден асқан еш нәрсе жоқ екен дейді ақсақал ағынан жарылып.

Өзі үш мәрте ардагер: Ұлы Отан соғысының, тылдың және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагері. Бірақ, қарап отыруды білмейді. Құрметті демалысқа шықса да, жоғарыдағылардың шақыртуымен құқықтық салада қызмет етіп, бас қалада тәртіптің орнауына атсалысты. Тіпті, күні бүгінге дейін жас келіп, денсаулық сыр бере бастағанына қарамастан, Қабен ақсақал аудандық, қалалық және Ішкі істер министрлігі ардагерлер комитетінің мүшелік жұмыстарынан бас тартып көрген емес. Атқарған жұмысына жалақы да сұрамайды, тек Жаратқаннан халықтың, елдің амандығын тілеумен келеді.

Еңбек жолында төккен тері мен ерік-жігері ескерусіз қалмады. Осы жылдарда он бір мәрте үкіметтің орден, медальдарымен марапатталыпты. Олары жарқ-жұрқ етіп кеудесінде жарқырап тұр.

Алтын, тіпті гауһар тойларын бірге атап өтіп, аттай алпыс үш жыл бір шаңырақтың астында жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан өмірлік жары Рашида Шәметқызы екеуінің өсіріп-тәрбиелеген балалары бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп, ата, әкелері құсап ел үшін еңбек етіп жүр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button