Қоғам

Еңбегі ерен ерікті

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Әсіресе, бас қалада «Астана жастары» волонтерлік қозғалысы қарқынды дамып, бүгінде 6 мың белсенді волонтердің басын қосты. Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған аталмыш орталық белсенділері осы уақыт аралығында шын ниетімен өзгеге қол ұшын созып, төтенше жағдай кезінде де үнемі алдыңғы қатардан табылды.

Бас қаланың ғана емес, еліміздің өзге өңірлердегі волонтерлік ұйымдарының басын қосып, белсенділігімен көзге түскен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы 2014 жылы Астана қаласы әкімшілігінің бастамасымен қала жастарын қолдау және дамыту мақсатында құрылды. Орталықтың волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі сол уақыттан бері волонтерлік қызметті насихаттау, жастарды оқыту, оларды қаланың әлеуметтік өміріне тартумен айналысады, волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік және ресурстық көмек көрсетеді. Сондықтан еріктілер тұрақты негізде волонтерлік қызметтің әртүрлі бағытына қатысады. «Астана жастары» ЖРО базасында волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу мақсатында қалалық волонтерлер штабы 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде елордада 50-ге жуық волонтерлік ұйым тіркелген. Тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізіледі. Штабта 6000-нан астам белсенді волонтер бар.

«Астана жастары» ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханованың сөзінше, орталық жыл сайын волонтерлік бағыттарын кеңейтуде.

«Өзім осы орталық ашылған күннен бастап жұмыс істеймін. Ақпан айында орталығымыздың құрылғанына 10 жыл толды. Сол уақыттан бастап біз елордадағы ауқымды іс-шараларға атсалысып келеміз. «Астана жастары» ЖРО қала бойынша волонтерлік қозғалысты жан-жақты бағыттан қамтуға баса назар аударады. Мысалы, былтыр «Қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде тұрақты негізде волонтерлер халықты газдандыру туралы, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері туралы ақпараттандыру жұмысына тартылды, сол сияқты қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға бағытталған «StopVandal» акциясын және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы «Үздік» жобасын көпшілік арасында кеңінен насихаттады. «Қамқорлық мекенжайы» акциясы аясында жалғызбасты тұратын зейнет­керлерге үй шаруасымен көмектесіп, ауласын қардан тазартуға волонтерлер атсалысып келеді. Сондай-ақ біз қала тұрғындары мен қонақтарына аязды күндері бауырсақ пен ыстық шай таратуды ұмытпаймыз. Жақында біз жануарларға арналған баспаналарға бардық, онда біздің волонтерлер жануарлармен серуендеп, аумақты тазалады. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында еріктіліктің маңызын айтып, әлеуметтік белсенділікке жұмылдыру және эко-волонтерлік бағытын күшейту жоспарлануда» деді өз сөзінде Э.Есмұханова.

Одан бөлек, «Taza Alem» жобасы аясында волонтерлердің қатысуымен 45 эко-сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, волонтерлер қалалық және халықаралық іс-шараларға да тартылады. Мәселен, 2023 жылы халықаралық және республика деңгейінде өткен 150 шараға атсалысты. «Игі істер марафоны» және «Қамқорлық мекенжайы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлерімен 40 жалғызбасты зейнеткерлердің ауласы қардан және қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Аталған акциялар тұрақты және жүйелі түрде өткізіледі. «Taza Alem» экологиялық жобасы да қарқынды жүзеге асып келеді. Бүгінде волонтерлер аталмыш акция аясында өзен жағасын, Ақбұлақтың сағаларын тазартты.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button