Басты ақпаратҚала тіршілігі

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ЕЛОРДАЛЫҚТАР

DSC_3697

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени саласына еңбек сіңірген, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға үлес қосқан бір топ азаматтарға жоғары мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған қала әкімі осыдан 22 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіз даму жолын таңдап, ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы ақиқатқа айналғанына тоқталды.

–  Тәуелсіздікке жету бар да, оны аялап, баптау бар, елдің сенімін ақтау бар. Міне, осынау жауапты да тарихи сәтте тағдыр бізге көреген көшбасшы сыйлады. Осылайша, біз Елбасы бастап, ел болып қоштап, дамудың дұрыс жолын таңдадық. Президенттің терең саясаты мен пайымды парасатының арқасында бүгінде мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесіне айналды. Сөз жоқ, осындай алып үрдістің оң болуына еңбегімен де, ерлігімен де тікелей себепші болған азаматтарымыз жетерлік. Солардың бір тобы – сіздерсіздер. Ел еңбектеріңізді жоғары бағалап, бүгін міне, Елбасының Жарлығымен жоғары мем­лекеттік марапатқа ие болып отырсыздар, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Сонымен Мемлекет басшысы атынан қала әкімінің қолынан марапат алғандардың бірі – Астана қаласы Ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ал, «Парасат» ордені белгілі жазушы Төлен Әбдікке, Астана қаласы денсаулық сақтау саласының ардагері Қаршыға Құлмұқановқа және Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры Қойшығара Салғараұлына берілді.

ІІ дәрежелі «Достық» орденін «Таң» татар-башқұрт  мәдени орталығы төрағасының орынбасары Рафаиль Аблаков еншіледі.

«Құрмет» ордені белгілі ғалым Мырзагелді Кемел мен жазушы Қажығали Мұхан­бет­қалиұлына, «Калык Транс» ЖШС бас дирек­торы Тайжан Айхымбековке, «Бейбітшілік және келісім сарайы» МКҚК бас директоры Дильбар Амироваға, «Елордалық бокс федерациясы» ҚБ вице-президенті Дәурен Ба­шиковқа, «Елорда асханасы» ЖШС директоры Жанат Бекболатоваға, «Бекзат» фирмасы» ЖШС директоры Есенжол Бекішевке, «Астана» корпоративтік қорының директоры Гүлнәр Данбаеваға, Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Юсуп Келиговке, «Agua-rest» ЖШС-ның ком­мерциялық директоры Александр Кимге,  «Бахус Астана» ЖШС директоры Алмаз Кимге, «Казахдорстрой» ЖШС басқарма төра­ғасы Талғат Қожахметовке, «Ұлттық ғылыми меди­циналық орталық» АҚ бөлім бас­шысы Болат Көпеновке, Астана қаласы Құры­лыс бас­қар­масының басшысы Владимир Лютовке, «КазАртБронза» ЖШС бас сурет­шісі Мұрат Мансұровқа, Астана қаласы Жер қаты­нас­тары басқармасының басшысы Төлеу­ғазы Нүр­ке­новке, тағы басқа азаматтарға табысталды.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Бәй­терек» халықаралық медиа-орталық» ЖШС директоры Жанар Колбачаева, «Елорда-Жарнама» ЖШС бас директорының орынбасары Жанар Әбішева, «Астананың шаруашылық бас­қармасы» ЖШС бас менеджері Юлия Әділ­бекова, № 32 мектеп-гим­назияның директоры Виктор Гродер, Экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүсіпова, «Астана-Теплотранзит» АҚ қызмет басшысы Рауза Кәкенова сынды азаматтар марапатталды.

Биыл мемлекеттік наградаға қол жеткіз­ген­дердің қатарында шынымен де ұзақ еңбек жолдан өткен, өмірі өзгеге өнеге жандар қарасы молынан болды. Сондай-ақ, қара­пайым еңбек адамдарын да көзіміз шалды. Айталық, «Қарттар мен мүгедектерге арналған меди­циналық-әлеуметтік мекемесі» КММ санитары Күлшат Достанова, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Рабиға Иманқұлова, № 70 мектеп-лицейдің мұғалімі Меруерт Қуатбекова,
«№ 1 автобус паркі» АҚ жүргізушісі Қанат Күлтаев «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нұртілеу Иманғалиұлы, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Болат Ыбыраев және Ерлан Малаев иеленді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button