Әлеумет

«Еңбек» бағдарламасы қалай іске асады?

Жылдан-жылға білім саласына қойылатын талап күшейді. Білім мазмұнына енгізілетін өзгерістердің мәні құндылықтарға бағдарланған оқыту тәсілін қолдануды көздейді. Бұл стандарттарда көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім алушылардың бойына дарытуды іске асыру екені түсінікті. Ал оны жүзеге асыратындар – заманауи біліммен қаруланған білікті кадрлар, маманданған педагогтар.

Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында «Елордадағы еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау» туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өткен жыл соңында брифинг өткізді. Диалог алаңында кадр даярлаудың өзекті тақырыптары сөз болды.

Қажетті кадрларды даярлау – маңызды іс

«Білім беру, оқыту – жа­уапсыздық пен қателікті көтермейтін нәзік жүйе, ол – адам тағдыры. Оқыту, білім беру – үнемі мұғалімнің ізденісін, шығармашылық шыңдалуын талап ететін күрделі үрдіс» дейді Қасымхан Сенғазыев брифингте сөйлеген сөзінде.

Кәсіптік білім беруді дамыту жалғасады

Қ.Сенғазыевтың айтуынша, Астана қаласында 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша 33 колледж (мемлекеттік – 9, жеке – 24) техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлайды. Бүгінгі таңда 32,4 мың студент білім алса, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 16,8 мың студент оқитынын айтуымыз қажет. 2022 жылы 7,5 мың түлек оқуын бітіріп, 6,4 мың студент (86%) жұмыспен қамтылды, оның ішінде 3,5 мың адам (55%) мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

2021 жылдан бастап жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін кәсіптік біліммен 100% қамтуға кезең-кезеңімен көшу (2025 жылға дейін) басталған еді. Жастарды тегін ТжКББ қамтуды қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы 4,8 мың орыннан 7,3 мың орынға дейін ұлғайтылды (ЖБ – 3800 орын, РБ – 3500 орын). Оқу жылының басында колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 477 білім беру бағдарламасын әзірледі, оның ішінде 254-і тізілімге енгізілді.

Әлеуметтік әріптестік нығаяды

Биыл алғаш рет 15 қарашада «Жұмыс берушілер күні» өткізілді. Осы атаулы күнге орайластырылған іс-шараға 400-ден астам жұмыс беруші қатысып, ынтымақтастық туралы 78 меморандумға қол қойылды. Мұндай іс-шараны өткізу енді дәстүрге айналмақ.

«Жұмыс берушілер күні» кадр даярлау және түлектерді жұмысқа орналастыруда жұмыс берушілермен ынтымақтас­тықты кеңейту мақсатында өткізіледі. Бүгінгі таңда колледждер ірі кәсіпорындармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Академиялық тәуелсіздік аясында колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек нарығының сұранысына сай білім беру бағдарламаларын әзірлейді. 500-ден астам ТжКБ ұйымы дуальді оқытуды енгізді және жұмыс берушілер де мамандарды даярлауға белсенді атсалысып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың арқасында студенттер теорияны практикамен ұштастырып, таңдаған мамандығын жұмыс орнында тікелей үйренеді. Яғни кәсіп­орындар өз қызметкерлерін оқытуға және үздік студенттерді жұмысқа алуға мүмкіндік алып отыр. Ал студенттер бірте-бірте мамандыққа түсіп, еңбекке қажетті машықтарды меңгереді.

Әлеуметтік әріптестік тетігін жақсарту және жергілікті еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қаланың 192 кәсіпорнын тарта отырып, 60 мамандық және 78 біліктілік бойынша 23 колледжде 4667 студентті (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша – 4421 (26%) қамти отырып, дуальді оқыту жүргізілуде, бір колледж (қоғамдық тамақтану және сервис колледжі) 100% дуальді оқытуға көшті. Ағымдағы жылы 5 колледжде 5 мамандық бойынша инклюзивті топтар ашылды. Арнайы топтарда оқитындар саны – 106 адам. 2023 жылы Астана политехникалық жоғары колледжі студенттері үшін 800 орындық жатақхана салу жоспарлануда. 2022-2026 оқу жылдарына Астана қаласының әкімдігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 1206 білім грантын бөлді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің №264 және 58 қау­лысына сәйкес, ЖОО-ға түсу кезінде қабылдау квоталары ескерілген.

Қолжетімді және сапалы техникалық, кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі міндетінің бірі. Колледжде балалардың тегін білім алып, білікті маман болып қалыптасуы – мемлекеттің, ел Президентінің айрықша бақылауында. Қоғамда жоғары сұранысқа ие жас маман иесі өзіне ғана емес, еліне де пайдалы еңбек жасап, мемлекетіміздің көркеюіне өз үлесін қосады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button