Жаңалықтар

ЕҢБЕК БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты Елбасының бағдарламалық мақаласы еліміздің түкпір-түкпірінде қызу талқылануда. Бейсенбі күні Астана қаласындағы Алматы ауданы әкімінің аппаратында өткен жиналыс та дәл осы мәселеге арналды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасын талқылауға арналған отырысқа Астанадағы Қазақ музыка академиясының ректоры Айман Мұсахожаева, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың директоры, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Алматы аудандық филиалының төрағасы Абай Байген­жин, аталмыш аудандағы ірі мекеме­лер мен кәсіпорындардың басшылары және қалалық мәслихаттың депутатта­ры қатысты.

– Біздің алдымызда Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын халыққа жеткізіп, нақты іске асыру міндеті тұр. Бұл бағдарлама – уақыт талабы, заманның өзі ұсынған белес, – дей келе, аудан әкімі Сапар Ах­метов бұл бағдарламаның бүкіл елге серпіліс бергенін, дүйім жұртты бей-жай қалдырмағанын тілге тиек етті.

Елбасы айтқандай, қай қоғамда да еңбек адамды алға жетелейді. Қазақ қашан да еңбектен бас тартпаған. Әсіресе, еліміз жаңа белеске көтеріліп отырған қазіргідей шақта білікті мамандарға деген қажеттілік туындап отырғаны белгілі. Сондықтан, қол қусырып қарап отырмай, «екі қолға бір жұмыс» тауып, бар уақытын еңбекке арнаған адамның ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын айтқан аудан басшысы жиналғандарды осының бәрін өздері басқарып отырған ұжымға, ауданның әрбір тұрғынына жеткізіп, түсіндіруді тапсырды. Жиналғандарды күзгі-көктемгі сенбіліктерге белсене қатысумен бірге өзгелерге үлгі болуға шақырды.

Ел болашағының бағытын түзеген кешенді бағдарламалық тапсырмалар топтамасы халықтың әл-ауқаты мен сапалық деңгейін көтеруді көздеген қадам болды десек, еш қателеспеспіз. Негізінде, әлеуметтік қорғаудан, әлеуметтік дамуға жағдай жасайтын ауқымды идея адамдарға барын­ша маңызды салалардағы еңбек, білім, денсаулық сақтау, тұрғын-үй және жастар мәселесін қарастыруға бағытталды.

Кездесу барысында мінберге шығып, сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Жастар саясаты орталығының төрағасы Асхат Оралов біздің елде әрбір қазақстандық азаматтың бақуатты өмір сүруі үшін, әсіресе жастардың өздері таңдаған мамандық бойынша білім алуларына, оқуын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуына, жастар тәжірибесінен өтіп, еңбекпен қамтылуына, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуына, кімнің де болсын шын мәнінде еңбек етуіне барлық жағдайдың жасалғанын, Елбасы айтқандай, жиырма бірінші ғасырда тек еңбек қана адамдарды алға жетелейтінін жасырмады. Аудан аумағындағы тұрғындардың 20 мыңы жастар болса, оның 12 пайызын сту­денттер құрайды екен. Одан кейін сөз алған Астана қаласы мәслихатының депутаттары Василий Петрущак пен Абай Байгенжин де еңбек ту­ралы ой-толғамдарын ортаға салды. Қай істе де жеңістің тек еңбекпен келетінін, ал денсаулығымызды әрқайсымыз жасымыздан сақтап, оған жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтқан Абай Қабатайұлы кеңес дәуіріндегі қиындықтарға тоқталды. «Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы ке­рек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мем­лекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді» деді ол.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button