Әлеумет

Еңбек елге танытады

«Құрметті темір­жолшы» белгісі­нің  иегері ККүлән Қазкенқызы Сағым­баеваның бүкіл ғұмыры әсем Астанамызбен астасқан.

Ардақты ана, аяулы әже,
«Құрметті темір­жолшы» белгісі­нің
иегері Күлән Қазкенқызы Сағым­баеваның бүкіл ғұмыры әсем Астанамызбен астасқан. Осында дүниеге келіп, орта білім алды. Еңбек жолын да туған жерінен бастап, өмірінің 35 жылын Ақмола теміржолына арнады. Бір сөзбен айтқанда, елорданың арғы-бергі тарихы көз алдында өткен.
Айтпақшы, апамыз жайлы жазуға бекінген алғашқы адам емеспіз. Сонау 1952 жылы, Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектебін күміс медальмен бітіргенде ол туралы «Сталин туы» газетінде жазылған. Содан жарты ғасырдан астам уақыттан кейін, Қазақстан темір жолының 100 жылдық мерейтойына орай дайындалған «Қазақстанның белгілі теміржолшылары» жинағының алтыншы шығарылымында да Күлән Қазкенқызының еңбегіне кезінде темір жол басшыларының бірі болып, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген Нығметжан Есенғарин баға берген. Және сол шығарылымда 33 адамның еңбегі аталса, соның екеуі ғана әйел затынан еді. Соның бірі – Күлән Сағымбаева. Бұл фактінің өзі кейіпкеріміздің ерен де, абыройлы қызмет атқарғанынан хабар береді. Бастапқы арманы философ болу болатын. Алайда Ленинград темір жол институтының түлегі, әкесінің інісі Балбейістің ықпалымен теміржолшы мамандығын таңдады. Содан мектеп бітірген жылы сол кездегі одақ астанасына бір-ақ тартты. Айы оңынан туып, Мәскеу көлік-экономикалық инс­титутының жоспарлау-экономикалық факультетінің студенті атанды.
Қолына дипломын алған соң Алматыға шақырту түскеніне қарамастан, кірін жуып, кіндігін кескен жері – Ақмолаға оралды. Еңбек жолын Қарағанды темір жол басқармасына қарасты Ақмола локомотив депосында нормалаушы болып бастады. Еңбегімен көзге түсіп, тура сол жылы Қарағанды темір жол басқармасы қаржы бөлімінің эко­номисті қызметіне тағайындалды. Бұл жолды қайта жасақтауға байланыс­ты, бір жылдан соң Ақ­мола темір жол бөлім­шесінің қаржы бөлімінің аға бух­галтері қызметіне ауыстырылды.
Әрі қарай инженер-экономист, аға инженер-экономист, қаржы бөлімі бас­ты­ғының орынбасары, темір жол бөлім­шесінің жоспарлау-экономикалық бөлі­мінің бастығы қызметтерін атқарды. Бұл жылдары ұжымдағы беделі де өсіп, қалалық еңбекші депутаттар кеңесінің екі шақырылымының депутаты болды. Ал бұл тек қана өз саласындағы жұмыстарға ғана емес, жалпы қаладағы істерге араласу, түйткілді мәселелер туындаса, солар­дың оң шешілуіне ықпал ету деген сөз.
Осылайша қарапайым экономис­тен бөлім бастығына дейін өскен кейіп­керімізге 1977 жылы құрылған тың темір жолының қаржы қызметі сеніп тапсырылды. Бұл қызметте ол зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармастан он бес жыл еңбектенді.
Тың темір жолының құрамында бірнеше бөлімше болатын. Соның бәрі дұрыс жұмыс істеуі үшін қаржымен қамтамасыз ету, әрі теміржолшыларға жалақы бөлу Күлән Қазкенқызының мойнына жүктелді. Сондай-ақ, өндірістік нысандардың құры­лысы мен жөндеуіне, тұрғын үйлердің құрылысына, әлеуметтік-тұрмыстық салаға да қаржы қарастыру секілді жұмыстардың жауап­кершілігі алдынғылардан кем түспеді. Білікті қар­жыгер мамандардан кадр жасақтау да оңай іс емес еді. Мұны да басқа істермен бірге дөңгелетіп әкетті. Нәтижесінде К.Сағымбаева жасақтаған ұжым темір жол­дың шаруашылық қызметін аз уақытта жолға қойып, үздіктердің қатарына енді.
Тың темір жолы толығымен ша­руа­шылық есеп жүргізу мен өзін-өзі қар­жыландыруға көшкені үшін К.Сағымбаеваны сала министрі 1978 жылы «Құрметті теміржолшы» бел­гісімен марапаттады.
Аталмыш темір жолдың құрылуымен жаңа тораптардың, екінші жолдардың, электр желілерінің, вокзалдар мен өн­дірістік ғимараттардың үлкен құры­лысы қолға алы­нып, тораптар автобұғатпен және дис­пет­черлік ор­талықпен жаб­дықталды. Тұрғын үй­лердің, әлеуметтік-мәдени нысан­дар­дың құрылысына мән берілді.
Күлән Қазкенқызы тек кадр жасақ­таумен ғана емес, жастардың арасында қаржыгерлер мен бухгалтерлердің шығуына, олардың біліктілігі көте­рілуіне білек сыбана ат салысты. Сол үшін Це­линоград темір жол техникумының сырт­тай бөлімінде бухгал­терлерді дайын­дау бойынша мемлекеттік емтихан ко­миссиясының төрайымы болды. Осы жылдары темір жол басқармасы мен облыстың қоғамдық өміріне белсене араласты. Жол бас­қар­масы аппараты әйелдер кеңесінің төрайымы, басқарма парткомитеті мен облыстық кәсіподақтың ревизиялық комиссиясының мүшесі болып сай­ланып, бірнеше рет түрлі кон­фе­рен­цияларға делегат ретінде қа­тысты. Бір салада көп жылғы адал еңбегі үшін 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Сөзіміздің басында Күлән Сағымбаева ардақты ана екенін айттық. Балаларының әкесі Сейфолла Ыбырайымбаевпен сонау 1942 жылы мектепке барған ша­ғында танысқан. Дұрысы, мектеп табал­дырығынан екеуі бірге аттаған. Жоғары білімді де бір қаладан алды. Айыр­ма­шылығы – Сейфолла Жұмабекұлы
Мәс­кеудің түсті металдар мен алтын
институтын бітірген. Оқуларын аяқ­та­ғасын бір жылдан кейін шаңырақ кө­терген. Оған да биыл 55 жыл.
Бұл шаңырақты теміржолшылар әулеті десек те болады. Себебі, К.Сағымбаева ағайы­нан үлгі алып, осы мамандықты таңдаса, кейіннен ұлдары Талғат пен Жанат, қызы Гүлнәр да аналарының жолын қуып, темір жол саласына қа­тысты мамандықтардың иесі атанды. Немерелерінің арасында да әжелерінің ісін жалғастырушылар бар.
Келесі жылы, Алла қаласа, сексеннің сең­гіріне шығады. Осы жылдары Ақ­мола, Целиноград, одан соң қайта Ақ­мола, 1998 жылы Қазақстанның бас қала­сы атанған Астананың кешегісі көкі­регінде сайрап тұрса, бүгінгісі көз алдында. Жадысы әлі де мықты.
Бала кезінде иманды ата-әжелерінің мұсыл­мандықтың парыздары – намазды оқы­ғанын, ораза ұстағанын көрді. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан соң оған да ден қойды. Қазір бес уақыт намазын қаза қылмайды, Рамазан айында ауыз да бекітеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button