Басты ақпарат

Еңбек нарығы: фриланс па, әлде кеңсе ме?

Бүгінде бес күндік, сегіз сағаттық кеңсе жұмысына байланып жұмыс істегісі келмейтіндер аз емес. Еңбек нарығында олар күнделікті нәпақасын фрилансер ретінде табады. Ал фрилансер деген кім? Пандемия кезеңінде олардың қатары күрт көбейді. Қысқа қайырып айтсақ, тұрақты жұмыс берушісі жоқ тәуелсіз маман. Тапсырыс беруші бірнеше компанияларға өз қызметін ақылы түрде ұсынып, бірнеше жұмысты қатар алып, тиісінше соншалық табысқа кенеледі. Мұндайлар елордада да аз емес. Дегенмен фрилансқа ауысатындардың саны көп деп те айта алмаймыз.

[smartslider3 slider=3466]

Күнделікті костюм-­шалбар киіп, галстук тағып, таңмен таласып жұмысқа келіп, одан соң кешке дейін кеңседе отыру – көпшілік үшін қалыпты жағдай. Тек фрилансерлер үшін емес. Оларға барлығы еркін. Тіпті ағылшын тілінен аударғанда, «freelance» сөзінің мағынасы «еркін құс» дегенді білдіреді. Дей тұрғанымызбен, әр істің өз кем-кетігі бар. Фриланстың да, кеңсе жұмысының да көңіл көншітпейтін мәселелері жеткілікті.

Жалдамалы қызмет пен қа­шық­тан жұмыс істеу түрі дамыған цифрлы заманда нарықта фрилансерге сұраныс көп дерсіз. Бірақ ғаламтордағы ақпараттың мәліметі керісінше. Мәселен, HeadHunter жұмыс іздеу мен қызметкер жалдау порталында фрилансерлер үшін 665 бос жұмыс орны көрсетілсе, кеңсе қызметкерлері үшін 1247 жұмыс орны бос. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша жалдамалы жұмыскерлердің саны 6 733 мың адамды құрады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2 083 мың адамға жетті. Иә, елде дәстүрлі формат басымдығын көрсетіп келеді. Оның да бірнеше себебі бар. Адам күні адаммен демекші, жұмыстың нәтижелі болуы бірлігі жарасқан ұжымға байланысты. Өзара ақпарат, тәжірибе, білім алмасу арқылы қызметкерлер кеңседегі сегіз сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай жатады. Жұмыстың негізгі ләззаты да – осы. Ал таласатын, жарысатын ақылды орта болмаса, өсу де, сапа да болмайды. Фриланстың негізгі кемшілігінің бірі де – сол.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына бағдарламашы, фотограф, дизайнер, журналист және такси секілді әртүрлі қызмет көрсету салаларының мамандары жатады. Олар үшін ең маңыздысы  – тұрақты тапсырыстың болғаны. Алайда тапсырыс беруші болмаған жағдайда табыссыз қалу қаупі бар. Осы тұста 15 жыл кеңседе жұмыс істеп, кейін фрилансқа ауысқан PR маманы Ақсұлу Санғали фриланстың қызығы мен шыжығын қатар айтып өтті. «Бұқаралық ақпарат құралдарында журналист болып қызмет атқардым. Кейін квазимемлекеттік сектордағы PR саласына ауыстым. Отбасы жағдайына байланысты фрилансқа кету бойынша біраз оқталып жүрдім де, осыдан 2-3 жыл бұрын толықтай кеттім. Фриланс­тың үлкен бір артықшылығы сен уақытыңды өзің басқара аласың, жұмысыңның нәтижесін көресің, істейтін жұмысыңды өзің таңдайсың. Ұнағанын қолға алып, ұнамаса басқа мамандарға жібересің. Өзіңді маман ретінде, тұлға ретінде дамытуға ықпал етеді. Өйткені бухгалтерия, заң, т.б. салалардан хабардар болуың қажет. Кемшілігі де жоқ емес. Мәселен, фриланс жауапкершілік артады. Кейде түнімен жұмыс істеуің қажет, кейде демалысқа шыға алмайсың, тағы сол сияқты. Бірақ бір жақсысы, кеңсенің келісімшартқа отырған медициналық сақтандыру компаниясына емес, фрилансер ретінде ақылы түрде өзің таңдаған клиника мен дәрігерге бара аласың. Сақтандырудың да жарасы жеңіл. Онлайн өзің барып-ақ, ең қолайлысын таңдай аласың».

Елімізде 300 мың фрилансер жұмыс істейді. Үкімет «фрилансерлерді көлеңкеден шығару» үшін қазақстандық фрилансерлердің қызметін цифрландырмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл ведомство фрилансерлерге жұмыс іздеу қызметін – freelance.enbek.kz сайтын ашуды жоспарлап отыр

Елордадағы ІТ-стартаптар халық­аралық  технологиялық паркі «Astana Hub» қарамағында 70 қыз­меткер жұмыс істейді. PR және маркетинг бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Жаңабай кеңсе мен фриланстың өз кемшіліктері бар дейді. Десе де, кеңсе жұмысының артықшылығы басым деген пікірде. «Менің кеңседе жұмыс істеп жүргеніме биыл 12 жыл болады. Нұр-Сұлтанның Экспо қалашығында орналасқан технопарктің әр қызметкер үшін берер мүмкіндігі көп. Әдемі көрініс, жақсы орта болғанымен, кеңседе таңнан кешке дейін жұмыс істегенде, өмірің осы жұмыспен шектеліп қалғандай болады. Сегіз сағат телефон мен ноутбуктан бас алмай, түрлі кездесулер ұйымдастырып, хаттарға жауап беріп, мақала тапсырып жүргенде күнің өтіп кетеді. Кейде суға шомылып, серуендеп, отбасыммен, достарыммен кездесу үшін тек демалыстарды асыға күтіп отыратын сәттер де болады. Дегенмен, кеңседе өткен жұмысым нәтижелі.

Пандемия уақытында бір жылдай үйде жұмыс істеп жүруге мәжбүр болдым. Фриланстың кемшілігін сол кезде көрдім. Жұмысың 24/7 режимде өтеді. Кеңседе отырып жұмыс істемеген соң, кейбір тапсырыс берушілер фрилансерді рахаттанып, уақытын бос өткізіп жүр деп ойлап, күн-түн демей, сұрақтар мен тапсырмаларын жаудырады. Телефонды қолдан тастамай жүріп, дұрыс демалуға мүмкіндік бола бермейді. Сөйтіп, бір жылда фриланста жұмыс істеуге әзір емес екенімді түсіндім. Бұл тұста мықты тайм-менеджмент пен тапсырыс берушімен дұрыс жұмыс уақытын келістіру қажет деген ойға келдім. Жұмыстың екі түрін көрген соң, ең бастысы, жұмыс пен жеке өмірде тепе-теңдік маңызды деген пікірге келдім» дейді Алтынгүл Жаңабай.

Жаһанды жайлаған індет уақытында бірқатар өзекті мәселелердің байқалғаны рас. Кеңсе қызметкерлерінің офлайннан онлайнға көшіп, көптеген мекеме жалақы төлеуді кешіктірсе, бірқатары штат санын қысқартуға мәжбүр болды. ҚР Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша, 2020 жылдың екінші тоқсанында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2019 жылғы 8,78 млн адамнан 2020 жылы 8,73 млн адамға дейін, орта есеппен 0,6%-ға азайды.

Британиялық The Quardian басылымы індет уақытындағы еңбек нарығын саралай келіп, болашақта кеңсенің қажеттілігі бұлыңғыр деген пікірге келіп отыр. «Пандемия адамдарға өздерінің жұмыс уақыты құнды тауар екенін түсіндірді және халықты бұл тауарды қашан және қайда сатуға болатындығы туралы ой алаңдатып келеді. Сонымен қатар, 2030 жылға қарай Америкадағы жұмысшылардың жартысына жуығы фрилансерлер болады деп болжануда, ал жұмыс берушілердің үштен екісі қазіргі уақытта қашықтан жұмыс істеудің немесе гибридті жұмыс істеудің  түрін (онлайн мен офлайнда қоса істеу) «жаңа норма» деп санайды. Көптеген компаниялар өздерін «толығымен қашықтықтан жұмыс істейтіндер» деп жариялайды. Бұл оларға міндетті түрде кеңсеге келіп, жұмыс істейтіндерге қарағанда бәсекелес нарықта артықшылық береді» делінген. PwC халықаралық консалтинг және аудит компаниясының болжамы бойынша, фриланстің жаһандық нарығының 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу қарқыны 16%-ды құрайды, ал нарықтың өзі 6,54-тен 13,84 трлн АҚШ долларына дейін өседі. Шетелдік ірі компаниялардың 40%-ы жұмыстағы фрилансерлер санын көбейтуді жоспарлап отыр. Қазақстанда да бұл тәжірибе қолданысқа енбек. Сонымен қатар, Google, Microsoft секілді белгілі компаниялар еркін форматқа ауысып келеді. Мәселен, олар жұмыс орнында демалыста отырғандай жағдай жасаған. Міндетті түрде жұмысқа келу шарт емес. Бастысы – белгіленген тапсырманы уақытылы орындау. Осы секілді шет елдің тәжірибесі ақырындап еңбек нарығына еніп келеді.

Тәуелсіз мамандардың белсенділігі артқаннан бері нарықта «Gig-economy» ұғымы қалыптасқан. Бұл қызметкерлер мен компаниялар арасында қысқа мерзімді келісімдер жасалатын экономиканың жаңа бір үлгісін көрсетеді. Алайда мамандардың пікірінше, бұл жұмыстың дәстүрлі форматы үшін тұрақты қызмет ететіндердің санын азайтады. Осы орайда экономист Мақсат Халықтың айтары бар.

– Фриланстың экономикаға кері әсері де бар. Неге десеңіз, фрилансердің заңды не жеке кәсіпкерлік (ЖК), не ЖШС жоқ. Олардың тап­қан табыстары да көрсетілмейді. Дамыған мемлекеттерде бұл белгілі бір дәрежеде оң септігін тигізуі мүмкін. Себебі бұл елдерде салық маңызды түсінік болып қалыптас­қан. Ал елімізде қандай да бір жоба жасап, табыс тапқан жандар ешқандай салық төлемейді. Өздерін тіпті заңды түрде тіркемейді. Яғни нәтижелі жұмыс істеп жүргенін заң жүзінде дәлелдей алмай жатады. Осы тұрғыда мемлекеттік бюджеттің бір бөлігі зардап шегіп отыр деп айтуға негіз бар» дейді сарапшы.

Елімізде 300 мың фрилансер жұмыс  істейді. Үкімет «фрилансерлерді көлеңкеден шығару» үшін қазақстандық фрилансерлердің қызметін цифрландырмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл ведомство фрилансерлерге жұмыс іздеу қызметін – freelance.enbek.kz сайтын ашуды жоспарлап отыр.

Ресми мәлімет бойынша, бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар (2000 жылдар аралығында дүниеге келген жаңаның бәріне құштар жастар) мен Z буыны құрайды. Жұмыс кестесі еркін, кәсіпорындармен ұзақ мерзімді байланыс орнатпайтын фрилансерлердің жұмысы кім-кімнің де қажеттілігін қанағаттандырмас?! Әсіресе, жастар үшін бұл тек табыс көзіне емес, сондай-ақ өмір салтына айналмақ.

Иә, фриланстың да, кеңсе жұмысының да артықшылығы мен кемшілігі қатар. Енгізер өзгеріс, алар тәжірибе де баршылық. Бастысы, халық үшін жұмыстың ақ-қарасын ажыратып, қалауындағысы заман ағымындағы өзгертулермен ұштасса болғаны.

Индира БЕРЖАНОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button