#Жаңа Қазақстан

Еңбек қатынасындағы теңсіздік жойыла ма?

Қазақстан еңбек қатынастарында бұрынғы соқпақты шиырлай бермей, тыңнан жол іздеу мүмкіндіктерін қарауы әбден қажет-ақ. Бүгінгі таңда қысқа жіп күрмеуге келмейдінің керімен «шықпа жаным, шықпамен» жүрген елді кедейліктен қалай шығаруға болады? Қазір ашық айтыла бастағандай халықтың басым көпшілігі кедейлік шегінде өмір сүруде. Мұны басқалар емес, халық қалаулыларының өздері де мойындай бастады. Осы күрмеуі күрделі мәселенің шешімі қандай?

[smartslider3 slider=2045]

Расы керек, қазір жұмыс істейтін адамдардың өзі айлықтан айлыққа ақшаларын шаққа жеткізіп отырғанда енді біреулер шетелден бәлен миллион фунт стерлингке вилла сатып алып жатады. Бұл енді Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан байлар мен кедейлердің арасының тым алшақтап кеткенінің айқын көрінісі.

Осыншама табиғи ресурс­тарға бай елдің бүкіл байлығының жартысынан астамын 162 адам өз қолына жинап алуы мүлде масқара емес пе? Ал кейбір адамдардың табысы айына 50 мыңға да жетпейді.

Міне, осы жай енді Парламент депутаттарын да дендеп толғандыра бастады. Қазақстан Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында «Қазақстанның халық партиясы» фракциясындағы мәжілісмендер «бұл мәселені таяу кезеңде қалай шешуге болады?» деп бас қатыруда. Олардың ойынша, көп кешіктірмей еңбек қатынасында жаңа ұлттық саясатты жүзеге асыру әбден қажет-ақ. Онда жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің мүдделері теңестірілуі керек. Кедейлік теңсіздіктен туында­ғанын екінің бірі түсініп отыр.

Ақтөбе облысының Кеңқияқ кен орнында еңбек қатынасындағы орын алған шетелдіктер мен жергілікті тұрғындар арасындағы кейкілжің бірнеше жылға созылып келеді. Бірақ әлі күнге нақты шешімі табылған жоқ. Трансұлттық компанияларда, негізінен, жұмыс берушілердің мүдделері көбірек көзделетіндігі талай айтылып та, жазылып та жүр.

Көбіне бұл кіші бизнес саласындағы кәсіпорындарға тән. Саясаттанушылардың айтуынша, Қазақстанда адам капиталын дамытатын нақты мемлекеттік саясаттың болмауының өзі осындай көптеген қиындықтарға алып келіп отырған көрінеді. Содан келіп, қолында мүмкіндігі барлар байығанның үстіне байып, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар кедейленіп барады.

Оны кешегі қасіретті қаңтар оқиғасы айқын көрсетті. Саясаттанушы Ермек Асқаров бұл туралы өз пікірін былай білдіреді.

«Біз жылдар бойы жіберген қателіктеріміздің зардабын енді тартып жатырмыз. Мардымсыз еңбекақы, зейнет жасын өсіру, еңбек қорғау мен техника қауіпсіздігіндегі орашолақтықтар мен жөнсіздіктер, өндірістік медицина деңгейінің сын көтермейтіндігі, кәсіподақ рөлінің қолдан әлсіретілуі, басқа да әлеуметтік бағыттағы келеңсіздіктер жиналып келіп, бір күнде жарылды. Осыны мемлекет «бізде бәрі керемет» деп артық мақтанға салынбай, дер кезінде реттеп отыруы керек еді.

Тіпті елдің экономикалық көрсеткіштерін қарасаңыз да, бәрі көрініп тұр ғой.

Қазақстандағы ЖІӨ-нің еңбек төлеу үлесі 2021 жылдың ІІІ тоқсанында 31 пайыз ғана болған. Кейінгі бес жыл бойы осы көрсеткіш бір орында тұр. Оны айтасыз, ел басына күн туып, әйел біткен күнкөріс үшін ала дорба арқалап кеткен 1990 жылдары бұл көрсеткіш 46,3 пайыз еді. Сонда біз қанша мақтаншылыққа салынып, «отыз елдің қатарына қосылдық», «экономикамыз қарыштар дамып жатыр», «біздегі орташа жалақы 300000 теңге» деп бөскенімізбен, жалпы ішкі өнім көрсеткіштері басым халықтың өте кедей тұратындығын ап-айқын көрсетіп отыр.

Әрине, орташа жалақы үш жүз мың болады. Айына төрт миллион теңге жалақы алатын «Самұрық-Қазына» атқарушы директоры мен айына 50 мың теңге алатын күзетшінің ақшаларын қосып жіберіп, орташа жалақы шығарса.

Ал негізінен, Қазақстанда еңбекке ақы төлеу басқа шикізат шығарушы елдермен салыс­тырғанда анағұрлым төмен. Мәселен, Ресей Федерациясында ЖІӨ-дегі еңбекке ақы төлеу үлесі – 46,2 пайыз, Канадада – 52,5 пайыз, Австралияда – 48,5 пайыз, Норвегияда – 51,1 пайыз.

Саясаттанушының пікірімен толық келісуге болады. Қазір екінің бірінен сұраңыз, жалақысының 70-80 пайызы азық-түлікке кететінін айтады. Баға апта сайын қымбаттайды. Халықтың тұтынушылық мүмкіндіктері басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым төмен екендігі баспасөз бетінде талай жазылды.

Сарапшылардың өзі ұлттық статистика мәліметтеріне сүйене отырып, еліміздегі азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға тұтынушылық шығындардың тым жоғары екенін айтуда. Бұл көрсеткіш Қазақстанда 2020 жылы 54 пайызды құраса, 2021 жылы 56,6 пайыз болған. Ал Ресейде 2020 жылы 32 пайыздың төңірегінде тіркелген. Ал коммуналдық, телефон төлемдері, киім сатып алу, көлік және басқа да шығындарды қоссаңыз, қарапайым тұрғындардың көрпесіне қарай көсіліп отырғанын анық байқайсыз.

Оны айтасыз, 2020 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда биыл алғашқы екі айда азық-түлік өнімдері 4,7, тұтыну тауар­лары – 8, ақылы қызмет 5,5 есе қымбаттаған.

Еңбекақы теңсіздігінің ең басты себебі қайда жатқанын Мәжіліс депутаттары да ашық айта бастады. Ішкі саладағы еңбекке ақы төлеу мен салааралық диспропорциялардың аражігінің алшақтығында жатыр. Мұны ретке келтіру үшін дәл қазірден бастап қолға алынуы тиіс кешенді іс-шаралар керек. Ол үшін ең бірінші еңбек қатынасы саласында жаңа ұлттық саясат әзірленуі қажет-ақ. Осы бағытта беделді комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар мен кәсіподақтың, жұмыс берушілер мен саяси партиялардың өкілдері енгізгені жөн. Бұған қоса еңбек құқығын жөнге келтіретін жаңа саяси институт құрылса да артықтық етпейді.

Міне, осындай ұсыныстар мен ой-пікірлерді қазір халық қалаулылары аузынан жиі ести бастадық.

Кейінгі кезде жұмыскерлер тарапынан салалық арттырушы коэффициенттерді жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы салалық келісіммен бекітудің дұрыс емес екендігі туралы да әңгіме өрбіді. Жұмыс беруші компаниялар артық шығын шығарғысы келмейді, сөйтіп салаға лайықты коэффициент қоюға мүлдем мүдделі емес. Сондықтан мұнай мен газ саласында, қауіпті және аса қауіпті өндірістік нысандарда еңбек ететін жұмысшыларға еңбекақы төлеу мәселелерінде осындай теңсіздіктер орын алып келеді. Ол енді тек Үкімет қаулысымен белгіленуі керек дейді мамандар.

Айта берсе, мұндай мәселелер көп. Біздің сөз еткеніміз – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының жұмыскерлердің еңбек ақысына байланысты депутаттық сауалдарының бір парасы ғана.

Қазақстанда теңсіздікті шешу мәселесі нақты күн тәртібіне қойылды. Оған аймақтар арасындағы дисбалансты теңдестіру, сонымен қатар моноқалаларды дамыту жобаларын енгізу керек деген де пікірлер айтылуда. Еңбек қатынасында жалақы көлемінің теңдей болуына қол жеткізіп, кедейшілікті түпкілікті жоюды мақсат етіп қоюшылар да бар.

Мойындау керек, елде болған дағдарыс – теңсіздіктен тұтанды. Әлеуметтік, экономикалық жағынан біздің кенжелеп қалғанымыз айдан анық болды. Қордаланып қалған түйткілді түйіндер өте көп болып шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, қазір елдегі саяси жүйе мен экономиканың тетіктерін жетілдіру аса қажет болып отыр. Міне, осы бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс істеу керек.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button