Қоғам

Еңбек ұжымымен кездесті

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алда өтетін референдум аясында №2 қалалық емхананың еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиында атом электр станциясын салудың маңыздылығы сөз болды.

Талқылауға аталмыш емхананың директоры Айдын Әшімханов, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Ерзат Базарбеков және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Аяжан Өтеуова қатысты. Ал Ядролық физика инс­титутының Астана филиалының қатты дене физикасы зертханасының инженері Мәлік Қалиақпаров көпшілікке «Қазақстанның атом саласын дамыту» жөнінде кеңінен баяндады. Еліміздің болашағы үшін АЭС құрылысының стратегиялық маңыздылығын, экологиялық қауіпсіздігін және экономикалық тиімділіктерін түсіндірді.

«Әлемде 400-ден астам реактор бар және бұл елдердің артықшылықтары айқын. Олар – АҚШ, Франция, Ресей, Оңтүстік Корея. АЭС құрылысы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға, ғылыми зерттеу­лерді дамытуға және экономиканың түрлі секторларында жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді» дейді Мәлік Қалиақпаров. Ол бұл мәселе қоғамда да, ғылыми және зияткерлік ортада да кеңінен талқылауды қажет ететінін атап өтті. Ал Қоғамдық кеңес мүшесі Аяжан Өтеуованың айтуынша, атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық референдумға азаматтардың қатысуы шешуші рөл атқарады. Бұл елдің болашағына әсер ететін шешімге тікелей әсер етуге мүмкіндік береді.

«Мен сіздерді азаматтық белсенділік танытуға және елдің даму бағытын саналы түрде таңдауға шақырамын. Қазір бізге түсіндіргендей, атом электр станциясының құрылысы экономикалық тұрғыдан тиімді, ал нәтиже ұзақ мерзімді болады. Сонымен қатар, бұл адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді» деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар осы тақырып бойынша сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button