Басты ақпаратБілім

Еңбекке баулудың балаға берері көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше рет атап айтты. Шын мәнінде адамның қоғамдық ортадағы абыройы еңбегімен бағаланады. Балалар мен жастарды еңбекке баулу бірінші кезекте ата-ананың тәрбиесіне байланысты болса, екіншіден, мектептен бастау алатыны анық. Осы орайда 2022-2023 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1-сыныптан бастап оқушыларды еңбекке баулитын «Көркем еңбек» пәні оқу бағдарламасына қайта енгізілді.

Адамның қоғамдағы орны еңбегімен анықталады. Демек, адамды адам еткен де – еңбек. Ғылым мен білім өркендеген қазіргі заманда өнердің де түр-түрі көбейіп, тармақталып ­жатыр. Соның бірі – мектептегі көркем еңбек пәні. Мектеп жасындағы оқушыларды еңбекке баулу қашанда кезек күттірмейтін міндет екені айдан анық. Абай атамыз өзінің қара сөзінде ­айтқандай, «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол».

Маңызы қандай?

2022-2023 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1-сыныптан бастап оқушыларды еңбекке баулитын көркем еңбек пәні қайта енгізілді. Білім мазмұнына енгізілетін өзгеріс­тердің мәні құндылықтарға бағдарланған оқыту тәсілін қолдануды, яғни стандарттарда көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім алушылардың бойына дарытуды іске асыруды көздейді.

1-сыныпта көркем еңбек пәні екі жеке пәнге бөлінді: бейнелеу өнері және еңбекке баулу. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленіп, оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға берілді. Еңбекке баулу сабағында қағаздың, кептірілген жапырақтың, бұтақтардың қасиеттерін ескере келе құралдарды пайдаланып, қарапайым бұйым жасайды, үлгі бойынша жұмыс істеуді үйренеді. Бейнелеу өнері сабағында балалар күн спектрінің негізгі түстерін ажыратуды үйренеді, бейнелеу әрекетінің құрамдас бөліктерін, көркемдік материалдардың түрлерін, олардың қасиеттері мен атауларын меңгереді, шығармашылық жұмыстарды өз бетінше орындайды. Бейнелеу өнері және еңбекке баулу пәндері 1-сыныпқа былтыр ғана оқу процесіне енгізілгендіктен, оқулықтар енді әзірленеді, ал мұғалімдерге әдістемелік қолдау мақсатында әдістемелік нұсқаулықтарды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынды. Сондай-ақ осы бағытта түсіндіру-насихаттау жұмысы жан-жақты жүргізілуде. Сондай іс-шараның бірі елордада өтті.

Тәжірибе бөлісті

Астанада алғаш рет 30-31 наурызда «Орта білім беруді дамыту жағдайындағы білім берудегі заманауи тенденциялар» атты көркем еңбек мұғалімдеріне арналған халықаралық педагогикалық конференциясы да осы мақсатты көздейді. Мақсат – мектеп қабырғасынан жоғары оқу орнына дейін оқушылардың кешенді дамуының өзекті мәселелерін шешуге мұғалімдердің әлеуетін тарту және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын анықтау.

Халықаралық конференция білім саласымен айналысатын мамандар үшін кең ауқымды, беделді алаңға айналды. Өткізілетін іс-шарада Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Ресейден келген сарапшылар кешенді даму саласындағы зерттеулердің нәтижелерін әріптестерімен бөлісіп, талқылады.

Педагогикалық конференцияға Астана қаласының Білім басқармасы, қалалық «Әдістемелік орталығы», ­республика білім беру ұйымдарының мұғалімдері, елордалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік секциялар аясында шеберлік сыныптары, көрмелер, сән көрсетілімдері, сарапшылар көркем еңбек саласындағы соңғы зерттеулердің нәтижелерімен, іс-тәжірибелерімен бөлісті, тәрбие мен білім берудегі соңғы педагогикалық тәсілдер таныстырылып, бүгінгі білім саласында болып жатқан мәжбүрлі қайта құрулар қарас­тырылды.

Бірегей шараның ұйым­дастырушылары – Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен Астана қаласы Қазақ технология және бизнес университеті.

Конференция барысында қатысушылар ғылыми-тәжі­рибелік конференция тақырыбы бойынша тәжірибе алмасып, мұғалімдердің шығармашылық жұмыстары көрсетілді.

Не айтылды?

Пленарлық отырыста 8 баян­дама тыңдалды. Бейнелеу өнері бойынша Санкт-Петербург қаласындағы Халық шығармашылығы жоғары мектебі академиясынан келген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қайыртай Әмірғазин «Қазақ халқының рухани күші: мәдениет, дәстүрлі қолөнер, оны дамыту – ұлттық борышымыз» атты баяндамасында ұлттық қолөнеріміздің ерекшеліктеріне тоқталды. Бейнелеу өнері Қазақстан Республикасының жаңартылған білім беру мазмұны бойынша көркем еңбек пәнінің бір бөлігі екені белгілі.

«Конструкторлық және инженерлік графика» – эвристикалық оқытудың негізгі формалары мен әдістерін талдау және синтездеу» атты баяндамасымен шыққан ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дизайн және инженерлік графика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Кабира Бегімбай графика мен жобалау пәнінің мектеп бағдарламасындағы орны, талаптары мен маңызы, міндеті туралы танымдық ақпараттар жеткізді. «Дизайнның инновациялық бағыты бойынша көркемдік білім беруді дамыту тұжырымдамасы» туралы осы университеттің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанна Садықова айтып өтсе, Астанадағы ­Назарбаев зияткерлік мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Дархан Сейтмолдинов жас ұрпақты адал еңбекке баулудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру мен маңызына жан-жақты тоқталды. Көркем еңбек секциясында баяндама жасаған І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры, шығармашылық білім беру кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрәлі Адамқұлов «Көркем еңбек сабағында мұғалімнің оқушыларға берер шығармашылық бағытының маңызы» жайында айтса, №30 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі, жас маман Ақжібек Ахмет «Көркем еңбек пәнін оқыту сапасын арттырудағы сынып ұжымының психологиялық ахуалы мен мотивацияның маңызына» тоқталды.

Педагогикалық конференция барысында қатысушылар қолөнер шеберлері мен қылқалам шеберлерінің көрмесіне, үштік одақ: мектеп–ата-ана–оқушы және «Әжелердiң iзiмен» атты шебер сыныбына (жүн сабау, жүн түту, ұршық иіру, бұйым тоқу), сән үлгілерін көрсету (дефиле) шеберлік сыныптарына, практикалық сабақтарға қатысты.

Көркем еңбек және бейнелеу өнері мұғалімдеріне арналған «Орта білім беруді дамыту жағдайындағы білім берудегі заманауи тенденциялар» атты халықаралық педагогикалық конференция материалдарының жинағын басып шығару қарастырылған. Конференция жыл сайынғы шараға айналады. Оның аясында білім саласындағы ең өзекті үрдістер талқыланады.

Еңбек пәні қалай оқытылып жүр?

Көркем еңбек мұғалімі танымдық және еңбек қызметінде, қол жабдықтарымен жұмыс барысында моториканы дамытуда және қол қимылдарын үйлестіруде, сондай-ақ түрлі технология операцияларын орындау кезінде қозғалыстардың қажетті дәлдігіне қол жеткізудің қауіпсіз әдістерінің сақталуын бақылауы керек.

Маманның бойында мейі­рімділік, шыдамдылық, коммуникабельділік, сыпайылық, сезімталдық, әдептілік сияқты белгілі бір мінез-құлық қасиеті болуы тиіс екенін атап өткен жөн. Материалды тиімді әрі қызықты жеткізуі үшін мұғалімнің бойында шығармашылық пен ынталандыра алу қабілеті де болу керек.

Мысалы, Астана қаласындағы Ілияс Есенберлин атындағы №67 гимназияда көркем еңбек сабағында бастауыш сынып оқушылары жыл бойы «портрет», «пейзаж», «натюрморт» ұғымдарымен тереңірек танысып, осы жанрдағы туындыларды басқа туындылардың ішінен ажыратып үйренеді, оларды талдап, кескіндеме, графика және мүсін өнері жұмыстарын орындайды. Оқушылар құрас­тыру, әрқилы материалдар, құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгереді. Табиғи материалдардан әртүрлі ойын­шық құрастырып, аппликация, оригами, коллаж жасау тәсілдерін меңгереді, бедерлі және көлемді бейнелер жасап үйренеді.

Тәжірибе жасау, зерттеу, оқулық пен жұмыс дәптерлерінде байқау, тәжірибе жасап, талдайды. Мысалы, адамның бет-әлпетін зерттейді, оның ұқсастықтары мен ерекшеліктерін бақылап, пішіні қалай жасалатыны және оның түспен байланысын анықтайды. Түстерді араластырып, қарапайым пішіндерден күрделі пішіндер жасау үшін тәжірибелер жүргізеді.

Елордадағы №38 мектеп-лицейінде І тоқсанда 5-сыныптың ұлдары бейнелеу өнерінің көркемдік құралдарымен танысып, натюрморт өнерін, пейзаж табиғат көріністерін салып, саз балшықтан шағын мүсіндер жасап үйренді. ІІ тоқсанда оқушылар сәндік-қолданбалы өнер тарауы бойынша өру өнерін үйренді, былғарыдан кілтке тағыншақтар жасады. Былғары жіптермен араластыра отырып қамшы жасауды үйренді. ІІІ тоқсанда «Дизайн және технология негіздері» бойынша ағаштың түрлерімен танысып, зерттеді, ағаш аралауды үйренді, қораптардан робот жасап, саз балшықтан құмыра жасауды үйренді. Сымнан әртүрлі шынжыр, басқатырма жасады. Түрлі материалдарды қолдана отырып, ұрмалы-соқпалы музыка аспаптарын жасады, сондай-ақ балалар дұрыс тамақтану бойынша да ас мәзірін жасап үйренді.

Мектепте оқушыларға көркем білім беру арқылы да ұлттық дәстүрімізді, мұрамызды оқу үдерісіне кеңінен кіргізіп, негізгі пән ретінде оқыту қажеттігі туындайды. Олай болса мектепте оқушыларға бірінші кезекте көркем білімді меңгертіп, сосын көркем еңбек жасауға оқытуды ұсынғанымыз жөн болар еді.

Ұлы ойшыл Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды. Жақсы мұғалім түсіндіреді. Керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады» деген екен. Сондықтан ХХІ ғасыр мұғалімінің жан-жақты болуы заңды деп ойлаймын. Өйткені оқыта отырып тәрбиелеу – қазіргі заман мұғалімінен талап етілетін басты қасиет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button