Еңбеккер мәртебесі өседі
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп атауы өте орынды деп ойлаймын. Еңбек адамдарына көңіл бөлу, олардың жұмысын бағалау тұрғысынан маңызы зор. Осы ретте бізге ұстаз ретінде жүктелер міндет те жоғары. Өйткені педагогтар қауымы келер ұрпаққа білім берумен айналысып, олардың белгілі бір салада маман болып шығуына септік етеді. Алдымызда отырған әр шәкірт – ел болашағы.
Осы жыл аясында еңбек адамдарын марапаттап, мадақтауға зор көңіл бөлінеді, сол арқылы олардың қоғамдағы беделі артады. Соның арқасында жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс та көбейеді деп сенемін. «Педагог мәртебесі туралы» заң енгізілгенде, педагогтарды қолдау, марапаттау мақсатында 2021 жылы адал қызмет, табанды еңбегімен көзге түскен 20-дан астам ұстазға «ҚР еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді. Сол атаққа елордада алғаш болып ие болған педагогтың бірімін. Көп жылдық ұстаздық еңбегім бағаланып, осы абыройлы әрі аса жауапты, қиындығы мен қызығы мол мамандық бойынша жұмыс істеп келе жатқан еңбегім еленді. Ол марапат бізге одан да зор жауапкершілік жүктеді. Көкейімде қашанда осы атаққа лайықты болуым керек деген ой тұрады. Педагогтардың мәртебесі артып, жалақысы жыл сайын көтерілуде, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде, өзге де беделді марапаттарға ие болуда. Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының қолдауымен бірнеше мықты педагогқа биыл «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі берілді. Бұл – зор қуаныш, бізге көрсетілген ыстық ықылас. Сол сияқты қарапайым жұмысшыларды да, еңбек адамдарының да жұмысын бағалаған дұрыс. Себебі еңбектің бағалануы – сол маманның мәртебесін арттырып қана қоймай, жұмыс өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Елімізде сан мыңдаған салада маңдай терін төгіп жүрген түрлі жұмысшы мамандықтарының қызметін көрсету арқылы биыл сол салалардағы кадр тұрақсыздығы мәселелері шешімін табары сөзсіз.
Гүлназия БАЙҰЛОВА,Астана қаласы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы