Әлеумет

ЕҢБЕКПЕН ЕРТЕ ЕСЕЙДІК

Ұлы Жеңiстi жақындатқан ардагерлердің ерлiгi, өнегеге толы өмiрi арада қанша жыл өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа үлгi ретiнде айтыла бередi. Өйткені, Жеңiс мерекесi – жер басып жүрген барша адамзат баласы үшін үлкен той.

1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде жауды жеңуге тек майдан даласындағы кескілескен шайқастар мен «елім» деп еңіреген ерлердің ерен ерліктері ғана емес, сонымен қатар тылдағы еңбектің дүбірі де өз әсерін тигізді.

Біз ол кезде етек-жеңін жиып үлгермеген жас бала едік. Соған қарамастан, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні аянбай еңбек еттік. Апамыз шөлке тоқыса, жібін әперіп, киім тіксе, инесін сабақтап, қолымыздан келгенінше қолғабыс еттік. Қырманға шығып, беліміз бүгілгенше жұмыс істеген сәттеріміз де аз болған жоқ. Аш-жалаңаш жүрген кездерімізде кейімедік, «тек жауды жеңсек, бейбітшілікке қол жеткізсек екен» деп армандадық.

«Барлығы – майдан үшін, барлығы – Жеңіс үшін», «Тылда да соғыстағыдай!», «Өзің үшін ғана емес, майданға аттанған жолдасың үшін!» деген ұранға қосылып, өрімдей болсақ та, өзіміз құралыптас ер балалардан бір елі қалыспай еңбек етіп, тек әкелеріміз бен ағаларымыздың соғыстан жеңіспен оралуын ғана ойладық. Сөз жоқ, тылдағы қыз- келіншектердің осындай рухы мен Отанға деген сүйіспеншілігі жеңістің жақындай түсуіне ықпал етті.

Құдайға шүкір, бүгінде ел аман, жұрт тыныш. Кешегі қиындықтардың бәрі артта қалып, бейбіт заманда, береке-бірлікте өмір сүріп жатқанымызға мың мәрте тәубе етеміз.

Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жыл сайын жаңа міндеттер белгіленіп, Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығы арқасында қазақстандықтардың жағдайы жақсарып келеді. Астанамыз күн сайын көркейіп, күллі әлемге танылды. Ендiгi тiлегім, қазақ елiнде ерлiк пен еңбектiң, татулық пен достықтың туы мәңгiлiк желбiрей берсе екен!

Ер азаматтармен бiрге қанаттасып, қайрат көрсеткен апаларымыздың ерен ерлiгi, еңбегi ешуақытта ұмытылмақ емес. Майдан даласында қаза тапқан, тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткен жерлестеріміздің есімі ғасырдан ғасырға мәңгі жасай бермек.

Шепи ӘЛІМОВА,
тыл еңбеккері,«Күміс алқа» иегері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button