Басты ақпарат

ЕҢБЕКПЕН КӨРКЕЙГЕН ЕЛОРДА

10

Көктем келіп, қыстың сызы кетіп, таза қаланың тынысы кеңіді. Өскен өңірдің жұрты қолдарына күрек-кетпенін алып, тазалық жұмысына білек сыбана кірісті. Елордалықтардың жалпықалалық сенбілікке белсене қатысуы – бірлігіміздің бір көрінісі. Бұл шаруадан шаһар басшысы Әділбек Жақсыбеков те шет қалмай, қалың көпшіліктің ортасынан табылды.

Қаламыздың көркеюіне үлес қосатын сенбіліктер – жақсы үрдіске айналған үйреншікті тірлігіміз. Ортақ жұмысқа жұмыла кірісу отаншылдыққа да баулиды. «Біз таза қаланы қолдаймыз!» атты эко­логиялық айлық аясында биыл бірінші рет ұйымдастырылған сенбілікке 95 мыңнан

аса қала тұрғындары шықты.

Сенбілік серпіліс сыйлады. Жастар жағы болса, қатарымен жайраңдасып жүріп, үлкендер жағы болса, ұжымдастарымен бір үйдің кісісіндей біріге біраз жұмыстың басын қайырып тастады. Әкімнен бастап басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің және лауазымды тұлғалардың сол күні қолдарына күрек алып, жұмыс киімін киіп, сенбілікке шыққаны жиналғандардың шаруаға деген ынтасын аша түсті.

Оқушылар сарайының маңына топ­танған тұрғындармен бірге Астана әкімі аппараты мен қалалық мәслихат қызмет­керлері 350 ағаш отырғызды. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің айтуынша, эколо­гиялық акциялар бәрінен бұрын елорда тұрғындарының адамгершілік құнды­лық­тарының қалыптасуына ықпал етеді.

– Біз барлығымыз туған үйімізге, өмір сүріп жатқан ортамызға деген қамқорлығымызды күшейтуіміз қажет. Елордалықтар көшелерді ретке келтіру тек коммуналдық қызмет жұмысшыларының ғана емес, Астананың әрбір тұрғынының парызы екенін түсінуге тиіс. Қаланың абаттандырылуы мен сани­тарлық жағдайы – қазіргі таңда біздің жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі, – деді Астана әкімі.

Көңілді әуеннің ырғағында көтеріңкі күймен дене қыздырған оқушы-студенттер қызу жұмыс үстінде әкіммен естелік суретке түсіп, мәз-мейрам болысты.

Тазалауға талапты тұрғындардың бәріне екі қолға – бір күрек табылды. Сенбілікке қатысушылар күрек, тырна, сыпырғыш сынды қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бейсболкалар, жасыл галстуктер, қолғаптар мен қоқысқа арналған қаптар үлестірілді.

Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов:

– Сенбіліктің тәрбиелік мәні зор. Бі­ріншіден, қаланың таза болуына халықтың назарын аудару. Яғни, қоршаған ортаға бейжай қарамау. Осылай жиі өткізілетін шараларда тұрғындардың өз қаласына деген ыстық ықыласы байқалады. Осыдан біраз жыл бұрын бұл арада мына тұрған Оқушылар сарайы секілді әсем ғимараттар салынбақ түгілі, жөнді жол да болмаған. Қазір қандай?! Қаламыз күннен-күнге дамып, өркендеп келеді. Соның бағасын білуіміз керек, – деді.

Жас қаланың жасыл желекке айналуы, көгеруі көшет отырғызудан басталады. Әр сенбілік сайын Астанада қанша мыңдаған ағаш бұталары қадалады. Біраз жылдан соң саялауға жарап қалатын тал-терек шаң-тозаңды азайтып қана қоймай, шуды да бәсеңсітеді. Осы сенбілік кезінде қызыл тал, татар үйеңкісі, қарағай, қайың, емен, пирамидалы терек, шетен секілді  ағаш көшеттері отырғызылды.

Берекелі істің бұл басы ғана. Астанада экологиялық айлық 13 мамырға дейін жалғасын табады. Бір ай ішінде қалада көктемгі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, елордалық саябақтар мен шағын бақтар қалпына келтіріліп, қоқыстан тазартылатын болады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

ТІЛЕНДИЕВ ДАҢҒЫЛЫНДА ТЕРЕКТЕР ЖАЙҚАЛАДЫ

«…Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым, Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын». Өткен сенбі күні қазақ музыка өнерінің майталманы Нұрғиса Тілендиевтің атымен аталатын даңғылға барып, қызу жүргізіліп жатқан жұмысты көргенімізде есімізге композитордың шоқтығы биік «Сарыжайлау» әнінің осы бір жолдары түсті. Аталмыш даңғылда енді шырша мен арша болмаса да, теректер жай­қалып өсетін болады. Сол күні Сарыарқа ауданы әкімдігінің ұйым­дастыруымен даңғылдың Ақан сері көшесімен түйісетін тұсынан Медеу көшесіне дейінгі аралыққа 231 жас көшет егілді. Ағаш егу жұмысына әкімдік қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен студенттер, жиыны 150 адам қатысты.

– Жыл сайын сенбілікке шығу дәстү­рімізге айналды. Былтыр Бөгенбай батыр даңғылының бойында ағаш ексек, биыл осы жерге келіп отырмыз. Ардагерлер мен жастар бірігіп, керек істі атқарудамыз. Жалпы, қариялар жастарға үлгі көрсетуге тиістіміз. Жас ұрпақ бойында еңбекке деген махаббатты сонда оятамыз. Ал, мына егілген ағаштар ертең жайқалып өскенде, қаламызға көрік береді. Ауаны да тазартады, – дейді  тыл еңбеккері Анатолий Шмаков.

– Жас күнімізден сенбілікке шығуды әдетке айналдырғанбыз. Өзім – Астананың байырғы тұрғынымын. Көктем туғанда қариялар мен жастар бәріміз бірігіп үйі­міздің ауласын тазартуға шығып тұрамыз. Бүгін, міне, ардагерлер кеңесінің мүшелері қосылып, ағаш егуге шықтық. Бізбен бірге жұмыс істеп жатқан жастарға қарап, сүйсініп тұрмын. Осындай ақылды, сыпайы жастар – еліміздің болашағы, – дейді Таура Умарбаева әжей оның сөзін қостап.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінің студенті Ажар Мутапова жастар таза қалада тұруды қалайтынын айтып, қала тазалығына атсалысуға қашанда дайын екендіктерін жеткізді.

Ағаш егу барысымен танысқан қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин оған өз үлесін қоса кетті. «Елорда тұрғындары бір кісідей еңбек мерекесі деп аталатын сенбілікке шығып отыр. Халықтың көңіл-күйі жақсы, музыка ойнап тұр. Осындай дәстүр үзілмеу керек деп ойлаймын. Ең бастысы, Астана – таза абат, ажарлы қала болып қала беруі тиіс» дейді ол.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

ЖҰРТ ЖАППАЙ ЖҰМЫЛДЫ

Жалпықалалық сенбілікке Алматы ауданының 45 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Жылдағы дәстүр бойынша кәсіпорындар жұмысшылары, жоғары арнайы орта оқу орындарының студенттері ағаш егу жұмыстарына белсене қатысты. Осы күні А.Тоқпанов көшесі, №46 көшелерді бойлай, Есіл өзені жағалауындағы саябақтар мен Оқушылар сарайының айналасына ағаш отырғызылды. Тазалық жұмыстарына 240 техника жұмылдырылды. 170-ке тарта жүк көлігі қоқыстарды тасуға, 70 тиегіш құралдары сенбілікке қатысушылардың жұмысын жеңілдетуге арналды

Әдеттегідей, науқанға бөлінген барлық құрал-жабдықтар, ағаш көшеттері мен құнарлы топырақ, ағаштың түбін ақтауға арналған қажетті заттар «Жерұйық» саябағында жинақталып, сенбілікке қатысушыларға дер кезінде жеткізіліп жатты. Мұнда да жұмыс қызу. Жеңістің 70 жылдығын атап өту ша­ра­ларының шеңберінде соғыс қаһарманы Панфиловтың ескерткіші орнатылуда.

Көпшілікпен бірге атқарылған істің жөні бөлек. Еңбек мерекесінің жас өрені Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің студенті Айдар Рамазанов достарының бірі қалмай сенбілікке шық­қанын  айтты. «Бәріміз жабылып ағаш отыр­ғызудамыз. Алдын ала қазылған шұң­қырды құнарлы топырақпен толтырып, көшеттің айналасын нығыздап болған соң, суарылады. Жұмыссыз қарап тұрған ешкім жоқ. Сен­біліктің әр сағатын тиімді пайдаланып жа­тырмыз. Өзіміз қолымызбен отырғызылған көшеттің үлкен ағашқа айналып, қаланың көркін кіргізетінін ойлағанда көкірегімізді мақтаныш кернейді. Бұл да болса, қаланың өсіп-өркендеуіне қосқан тікелей үлесіміз»  деді. Айдарды студенттердің бәрі қостады.

«Гүлдер» пәтер иегері кооперативінің басшысы Бахрам Құсайынова да барлық қызметкерлерімен бірге сенбілікке шығыпты. «Өз ауламыздың тазалығы күнделікті атқа­рылатын басты жұмысымыз деуге болады. Тұрғындар таза жерде демалып, балаларының таза аулада ойнағанын қалайды. Жақсысы, өз ауласының тазалығына немқұрайлы қарайтындар кемде-кем. Бұл жыл сайынғы атқарылып жүрген тазалық айлығына бір кісідей жұмылған халықтың қоршаған ор­таға деген қамқорлығының қалыптасып қалғанының белгісі» деді.

Бұқаралық сенбілік аясында аудандағы барлық мекемелерде тазалық жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, қаланың ком­муналдық қызметтері барлық нысан­дардың тазалығын тексерді, қоқыс жәшіктерін реттеп, жарықтандыру құрылғыларын қал­пына келтірді. Нысан орналасқан аумақ кө­галдандырылды. Барлық сауда орындары, түрлі мекемелер мен ұйымдардың белсенді атсалысуымен бүкіл аудан аймағы қоқыстан тазартылды.

Осылайша былтырдан қалған ескі жа­пырақтардың астында бой көтерілген көктемнің алғашқы көгінің көзі ашылып, бір күнгі атқарылған жұмыстың нәтижесі көп күттірген жоқ.

Айгүл УАЙСОВА

ERA_9057

ЖАҚСЫ ДӘСТҮРДІҢ  ЖАРАСЫМЫ

Астанадағы «Біз таза қаланы қолдаймыз» атты экологиялық шара аясында өткен жалпыхалықтық сенбілікке Есіл ауданы аумағында орналасқан 412 мекемеден 19 мың 830 қызметкер қатысып, барлығы бір кісідей белсенділік көрсетті.

Сенбілікке ешкім серуендеп шықпайды. Жыл сайын дәстүрге айналған елорда тұрғындары үшін биылғы игілікті шара да айтарлықтай ұйымдастырылды. Күн райы да оған сеп болғандай. Ізгілікті іске қатысқан адамдар қолдарындағы күрекпен ағаштардың түбін түптеп, тырмауышпен арам шөптерді жинап, кейбіреуі сыпырғышпен жол жиектерін тазалап, тағы басқалары қыс бойы қар астында көміліп қалған қоқыстарды қаптарға теңдеп салып, арнайы машиналарға тиеп, еңбектің көрігін қыздырып жатты. Біз алдымен бас қаланың сәніне айналған «Ханшатыр» сауда-ойын-сауық орталығының іргесінен өтетін күре жол бойына шырша ағаштарын отырғызып, жұмыла жұмыс істеп жатқан ҚР Парламент депутаттарына келіп, бүгінгі шара туралы пікірлерін сұрадық.

–  Жалпы, кешегі кеңестік кезеңнен қалған жарасымды шараның бірі – осы сенбілік. Сондықтан бұл дәстүр ұмытылмай, жалғасып келеді. Бір жағынан алғанда, қажетті іс. Бүгін барлық ел болып сенбілікке шығып, ағаш отырғызып, көше тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осындай игілікті шарадан біз де қалыс қалмай, барлық әріптестермен бірігіп, шырша егіп жатырмыз. Елорданың тазалығына мысқалдай болса да өз үлесімді қосып жатқаныма өз басым қуанамын. Астана – Отанымыздың жүрегі. Сондықтан, ол әрқашан жарқырап, жайнап, гүлденіп тұру қажет, – дейді ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Осы жерде Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов те өз ойын білдірді.

– Біз жыл сайын қалыптасқан дәстүрмен сенбілікке шығамыз. Біріншіден, елорда – өзіміз тұрып жатқан қала, екіншіден – адам еңбекке әрдайым жақын болу керек. Көп жағдайда қағазбастылыққа ұрынып, мимен жұмыс істегендіктен, кейде ара-тұра болса да қол еңбегімен айналысқан жөн. Былай қарасаңыз, сенбілік кішігірім мереке секілді. Әріптестермен емін-еркін шүйіркелесіп, демалып қаламыз. Қаланың көркі жасыл желек екені анық. Сондықтан осы егіп жатқан шыршалар ертең бой түзеп өскенде, «мынау мен еккен ағаш еді» деп айтып  жүреміз. Бастысы – еліміздің бас қаласы көркем, таза болу қажет. Сол үшін өз үлесімді қосып жатырмын, – деді халық қалаулысы.

Сонымен, сенбілік аясында аудан бойынша барлық саябақтар мен көше аумақтары назардан қағыс қалған жоқ. Мәселен, әуежайға дейін созылған ұзын жолдың бойындағы қоқыстар тазарып, жиектер жаңарып қалды. Нақты мәлімет бойынша 1 мың 925 шырша егіліп, 3 мың 502 ағаштың түптері ақталған. Және осы аудан аумағындағы саябақтар мен аллеялар да жаңғырып қалды. Осы аталған жұмыстардың барлығына 128 техника тартылған.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button