Мерей

Еңбекпен шыңдалған азамат

«Ақырын жүріп, анық бас» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін дамыту жолында ауыздыға сөз, аттыға жол бермей жалындап, қызыл кеңірдек айқайға салынып көрген емес, қайта ол өзімен ниеттес, тілектес, пікірлес қоғамдық бірлестік мүшелерімен, ғалымдармен, былайғы дос-жарандармен ой бөлісіп, алды-артын бағдарлап, ортақ мәмілеге келгенде ғана болашақ тындырар ісін асықпай, байыппен жүзеге асыратын орнықты жан – ол Әнуарбек Қайкенұлы.

[smartslider3 slider=2267]

 

Олай деуіміздің басты себебі, міне, оған да отыз жылдың қарасы болыпты, біз білетін Әнуарбек Ералы салмақты мінезінен бірде-бір ауытқып көрген емес. Әнуарбек 1952 жылдың 1 наурызында Жолымбет руднигі шахтерінің отбасында дүние есігін ашты. Ол кезде өндірісі бар елді мекемелерде орыс тілділер басым болатын. Алтын кенішінің орталығы болған Жолымбетте сол қатарға жататын. Бұл жерде балабақшаларда, мектептерде балалардың көпшілігі ресми тілде тәрбиеленіп, білім алатын. Ол кезде Жолымбетте бір ғана қазақ мектебі болатын. Менің тұспалдауымша, Әнуарбектің өскен ортасы қазақи ортадан гөрі орыс тілділердің ортасы болды. Мақала кейіпкері ерте 14 жасында еңбекке араласыпты. Шопан, құрылыста қара жұмыс сияқты қол еңбегін қажет ететін салада шыңдалып, жетпісінші жылдардың басында Отан алдындағы міндетін орындап келгеннен кейін романтика іздеп геология барлау саласында еңбектеніпті.

«Келешек – үлкен қаланың ірі өндіріс орындарында» деп болжаған жиырмадан жаңа асқан, еңбекте ысылған жас жігіт Целиноградтың ірі өндіріс ошағы – «Целинсельмаш» зауытына жұмысқа орналасады. Осында еңбек ете жүріп, қатардағы токарьден учаске бастығына дейін көтерілді. Ол кезде басқару жұмыс­тарына біздің ұлттың өкілдері өте сирек көтерілетін. Білімсіз жол жоқ екенін түсінген Әнуарбек Қайкенұлы жұмыспен қатар машина жасау техникумын бітіріп алады. Кейін үлкен зауыттың ортақ газеті – «Машиностроитель» басылымы редакторының орынбасары қызметін атқарады. Енді жоғары білімді аңсаған сақа азамат Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсіп, жақсы нәтижемен тәмамдады.

Еңбек пен білімді қатар алып жүрген Әнекең қаланың қоғамдық жұмысына да белсене араласады. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы, коммунистік партия үстемдігінің әлсірей бастаған кезеңі, орыс тілінің біздің елімізде дәурені жүріп тұрған кезде, келешек бас қалада «Тіл мен мәдениет» қоғамын ұйым­дастырушылардың бірі болды. Екі мыңыншы жылдан бастап қайта құрылған Астана қалалық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы қалада ұлтаралық қатынастарды жақсарту мәселелеріне өз үлесін қосып жүр. Осы еңбектері елеусіз қалған жоқ, бірнеше мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың марапатына ие болды.

Әнуарбек Қайкенұлы 70 жасқа таяса да, еңбектен қол үзген жоқ. Еңбектің де халыққа өте қажет түрі суретке түсірумен айналысады. Фото дегеніңіз жазба тарихында құнды ғой деп ойлаймын. Олай дейтінім, сурет арқылы кейіпкердің келбетін, айналасын көріп, сол кезеңді көзіңе елестетуге болады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында бірнеше фотолары жарияланып жатыр. Сол суреттері арқылы Ахаңның халқы үшін қандай зор еңбек сіңіргенін байқауға болады. Сондықтан Әнеке, осы жұмысыңыз халыққа керек, жалғастыра беріңіз!

Әнуарбек Қайкенұлы – Сарыар­қаның үлкен отбасының бәйтерегі деп тануға болады, асыл жары, құт-бағы Ләтипа мен ұл қыз тәрбиелеп, немере сүйген, өз ортасында сыйлы да мерейлі жандар.

 Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы медиа-топ мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button